Құрыш қала төрінде – ән байқауы

Теміртау қаласында  «Жұлдыз – 2019» эстрадалық ән орындаушыларының республикалық байқауы өтті. Күміс көмей, жезтаңдай жас өнерпаздардың дәстүрлі сайысы биыл ІХ мәрте ұйымдастырылып отыр. Құрыш қаланың көгінде екі күн бойы ән қалықтады.

Теміртаулықтар жас дарындарды Тұңғыш Президент атындағы тарихи-мәдени орталықта зор қошеметпен қарсы алды. Қызыл кілеммен жүріп өтіп, киелі сахна төріне көтерілген өнерпаздарға қала әкімі Ғалым Әшімов сәттілік тілеп, ізгі пейілін жеткізді. Ал, Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев Теміртау қаласының басшылығына алғыс білдірді.

Байқауға еліміздің барлық аймақтарынан талантты жастар қатысып отыр. Ең алдымен, осы азаматтарға сәттілік тілегім келеді. Биыл “Жұлдыз” конкурсы облысымызда тоғызыншы мәрте ұйымдастырылып отыр. Осы аралықта талай дарынның өнердегі жолын ашып, сахна төріне шығуына себепкер болдық. Биылғы байқауды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Теміртау қаласының басшылығына және ыстық ықылас білдірген тұрғындарға зор алғыс айтамын, деді Еркебұлан Мүлікұлы.

Байқаудың іріктеу кезеңі Қарағанды қаласында өткен. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 18 бен 30 жас аралығындағы жүзден астам өнерпаздан өтініш түскен екен. Қазылар алқасы байқауға қатысуға ниет білдірген азаматтардың қарым-қабілеттерін саралап, ең үздік деген  25 қатысушыны финалдық кезеңге өткізді. Қалыптасқан дәстүр бойынша, ән байқауы Қарағандыда өтетін еді. Бірақ, биыл финалдық кезең үшін Теміртау қаласы таңдап алынған. Бұған Қазақстанның алғашқы болаты өндірілгеніне 75 жыл, ал, құрыш қалаға 74 жыл толуы себеп болған

Жобаның авторы – Саят Әбдіғали. Оның айтуынша, байқаудың өнерпаздарға берері мол. Яғни, ұлан-байтақ еліміздің әр өңірінен келген жастар танысып, пікір алмасады және тәжірибелерімен бөліседі. Бұл олардың шабыттарына қанат бітіріп, шығармашылықтарын шыңдауға оң ықпал етуі тиіс. Сонымен қатар, байқауға қатысушылар ел алдына шығып, халыққа таныла алады.

Теміртау қаласында өткен финалдық кезеңде Ақмола, Алматы, Түркістан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау, Павлодар, Жамбыл, Қарағанды облыстарынан және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан келген 25 орындаушы бақ сынады. 

Қазылар алқасының төрағасы ҚР еңбек сіңірген әртісі, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры Люция Төлешова. Сонымен қатар, жас таланттардың өнерін ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, атақты әнші Сәкен Майғазиев пен «Шабыт» халықаралық фестивалінің лауреаты, Мәдениет саласының үздігі Гүлмира Жүкіпбаева сынды һас мамандар бағалады.

Сәкен Майғазиевтің айтуынша, бұл – жас таланттарға қолдау көрсетіп, олардың шығармашылықтарын шыңдауға мүмкіндік беретін бірегей жоба. 

– Байқаудың деңгейі жылдан жылға көтеріліп, қанат жайып келе жатқаны қуантады. Сонымен қатар, талантты жастарымыздың да қатары көбейіп келеді. Байқау талай дарынның бағын ашып, жұлдызын жағуда. Мұны қазылар алқасының тұрақты мүшесі ретінде зор сеніммен айта аламын. Мәселен, 2018 жылы Солтүстік Қазақстаннан келген өнерпаз Әділхан Макин бас жүлдені иеленген болатын. Ол кейін “Славян базары” фестиваліне қатысып, гран-при иегері атанды. Бұл біздің әділ төрелік еткенімізді және жеңімпаздарды бұдан да биік белестер күтіп тұрғанын көрсетеді, дейді Сәкен Майғазиев. 

Екі күнге созылған байқау қала күнінің құрметіне ұйымдастырылған гала-концертте түйінделді. Павлодар облысынан келген “Самиян” тобы “Көрермен көзайымы” атанса, жүлделі І орынды  жерлесіміз Назрин Мұса және шымкенттік Дидар Әбдухалық иеленді. Ал, ІІ орынға алматылық өнерпаз Елдар Омаров лайық деп танылды. І орын Шығыс Қазақстан облысының атынан сынға түскен жас әнші Әлия Әкеноваға бұйырды. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласынан атынан өнер көрсеткен Сүлеймен Олжасұлы, қос бірдей алматылық Толғанай Пазылақын мен Мұхамедәли Гиматов “Жұлдыз-2019” эстрадалық ән орындаушылар республикалық байқауының дипломанттары атанды. 

Қарсыластарынан оза шауып, өнерімен көптің ықласына бөленген түркістандық Бақтияр Ақылбек байқаудың бас жүлдесін иеленді.  

– Төрт жасымда әжем ән айтуды үйреткен болатын. Сол кезден бері өнер саласында жүрмін. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында Өнер академиясында төртінші курста оқимын. Мамандығым саксафоншы. Байқауда Жұбаныш Жексенұлының “Өкінбе сен” әнін  және шетелдік әнші Джордж Бейнсонның композициясын орындадым. Байқау жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырушыларға айтар алғысым шексіз, деді Бақтияр Ақылбек.

Алыстан ат арытып, осы байқаудың финалдық кезеңіне арнайы келген өзге де қатысушылар құралақан қалмады. Оларға Алғыс хаттар және естелік сыйлықтар табысталды.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

Ortalyq Qazaqstan”