Президенттік институт — мемлекет тірегі

1990 жылғы 24 сәуірде Қазақстанда тұңғыш рет президенттік институт құрылып, сол кезде өткен Жоғарғы Кеңес отырысында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақ КСР Президенті болып сайланды. Бұл айтулы оқиғалар Қазақстанның мемлекеттігі мен егемендігінің нығаюында, сондай-ақ еліміздің табысты дамуында маңызды рөл атқарған президенттік институттың қалыптасуының бастамасы болды.

Басқарудың заманауи жүйесін қалыптастыру, оның содан кейінгі жаңғыртылуы, әлеуметтік және экономикалық дамудың түрлі кезеңінде мемлекет алдында тұрған міндеттер спектрінің өзгерістеріне бейімделуі – Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың зор еңбегінің нәтижесі. Бұл үдерістің өзіндік ерекшелігі – оның Кеңестік саяси жүйенің өзінде басталып, кейіннен тәуелсіз Қазақстан жағдайында әбден пісіп-жетілуі.   

Тарих көрсеткендей, мемлекеттік билік қызметінің Кеңес Одағында және социалистік жүйе елдерінде қолданылған партиялық-мемлекеттік тетігі жаһандық экономикалық, әлеуметтік және саяси міндеттерді шешуге қабілетсіздігін байқатты әрі қоғамдық даму жолындағы кедергіге айналды.

 Сөйтіп 1990 жылдардың басына қарай республика өмірінде Компартияның басқарушы рөлінен айырылуы салдарынан билік жүйесінде вакуум пайда болғаны айқындала түсті. Бұрынғы билік институттары мен құрылымдары, кеңестік әкімшіліккомандалық жүйенің сарқыншақтары қоғам құрылымының жаңа түрінің талаптарына сай бола алмады. Жоғары, атқарушы және заң шығарушы биліктің функцияларын бойына жинақтаған, Жоғарғы Кеңес бастап тұрған депутаттар кеңесінің архаикалық жүйесінің толыққанды басшылықты қамтамасыз етуге талпыныстары сәтсіз болып шықты. Әбден тығырыққа тіреліп, барынша тез және тиімді шешуді талап ететін түйткілдердің көптігінен туындаған әлеуметтік ширығыс шегіне жеткенін көрсеткен митингтер, ереуілдер, басқа да жаппай белсенді қарсылық көріністері сол жылдардың шынайы сипатына айналды.

Басқарудың ескі моделінің кемшіліктері – төрешілдік, біліксіздік, органдар мен лауазымды адамдардың жеке жауапкершілігінің жоқтығы айқын көрініп тұрды. Басқару жүйесінің бұрынғы құрылымын өзгерту ғана елге қажетті серпін бере алатынын түсінген Нұрсұлтан Назарбаев билік тармақтарын айқын жіктеп, бөлісу қағидатын енгізу ісімен белсене айналысты. Сол күш-жігердің арқасында біртіндеп елде пәрменді президенттік билік, екі палаталы кәсіби парламент және тәуелсіз сот жүйесі түріндегі негізгі саяси институттар қалыптаса бастады.

1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Президенті лауазымының белгіленуі республикадағы саяси билік трансформациясының түп бастауы болды. Ол кезге дейін Нұрсұлтан Назарбаев кеңестік Қазақстанның жоғары партиялық және шаруашылық лауазымдарында табысты жұмыс тәжірибесі жеткілікті, мойындалған көшбасшысына айналған-ды. Республика халқы арасында ол кеңінен танылып, биік беделге ие болған еді, сондықтан оның Қазақ КСР Президенті лауазымына баламасыз тағайындалуы дау тудырған жоқ.

Бұл таңдау республиканың басқарушылық құрылымында қажеттігі объективті себептерден туындаған жаңа мемлекеттік институттың пайда болғанын көрсетіп берді. Ең алдымен айтар нәрсе, әлемдегі саяси үдерістер тәжірибесі қилы кезеңдерде биліктің шоғырлануын арттыру арқылы мемлекет өз рөлін айтарлықтай күшейтетінін аңдатады. Кезектен тыс міндеттерді жедел шешу үшін оның функциялары мен өкілеттіктері кеңейтіледі. Қазақстанға қатысты алғанда әңгіме халықтың тұрмыс деңгейі күрт төмендеуіне, әлеуметтік бағыттан ауытқуға және басқа да көптеген күрделі түйткілге әкеліп соқтырған жүйе дағдарысын бастан өткерген қоғамды тұрақтандырып, нығайта алатын мемлекеттік құрылымның жаңа формасы жөнінде еді.

Жұмылдырушы фактордан басқа да жайттар өте өзекті болды. Атап айтқанда, нақты егемендікті, стратегиялық жоспарлау ісін жүзеге асыру және көзделіп отырған өзгерістерді жасау, тиімді сыртқы саясат қалыптастыру қажеттігі туындаған еді. Бұдан бөлек, халықтың көпұлтты және көпконфессиялы құрамы, республика аумағының орасан кеңдігі, Семей ядролық полигоны мен Арал төңірегі, тағы басқа да сондай ауқымды экологиялық апат аймақтарының болуы өте маңызды мәселелер саналатын.

Қажетті билік өкілеттіктері бар президенттік институт қана басқарудың қалыптасу үстіндегі жаңа моделінің орнықтылығын, саяси және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ете алатын. Экономикалық бейберекеттік, түбегейлі саяси, әлеуметтік, мәдени өзгерістер, құқықтық нигилизм, пайда болып жатқан саяси партиялар институтының әлсіздігі жағдайында транзит кезеңіндегі Қазақстан үшін президенттік басқару формасының таңдалуы бірден-бір дұрыс шешім еді.

Тұтастай алғанда, президенттік институт егемен Қазақстанның бүкіл мемлекеттік басқару құрылымының негізгі тірегіне айналды. Оның қалыптасуы Халық депутаттары кеңестерінің толық билігі қағидатына негізделген Кеңестік республикадан билікті тармақтарға бөлуді қарастыратын президенттік республикаға көшудің жалпы үдерісі аясында өтті.

Аталған қағидат алғаш 1990 жылғы қазанда Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлылығының арқасында қабылданған «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияда бекітілді. Оның ережелеріне сәйкес сол кездегі Жоғарғы Кеңес – биліктің заң шығарушы тармағының, Президент – басқарушылық-атқарушылық тармағының, ал Жоғарғы Сот сот билігінің қызметін атқаратын.

Сайлау жүйесін реформалау да сол кезде басталды. Мәселен, 1991 жылғы 16 қазанда «Қазақ КСР Президентін сайлау туралы» заңның қабылдануы арқасында Мемлекет басшысын жаңаша – бүкіл халықтың дауыс беруі арқылы сайлау тәртібі бекітілді. 1991 жылғы 1 желтоқсанда сайлаушылардың 88,2%-ы қатысқан Қазақстандағы алғашқы осындай бүкілхалықтық сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев 98,8% дауыспен сайланды.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1990 жылы 20 қарашада қабылдаған «Мемлекеттік билік пен Қазақ КСР-інің басқару құрылымын жетілдіру, Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң аясында Президент бір мезгілде республика басшысы да, биліктің атқарушы және басқарушы органының да басшысы болды.

Президенттік институтты одан әрі нығайту Қазақстанның егемен мемлекет ретіндегі дамуы жағдайында іске асырылды. Мәселен, Қазақстан Республикасы Президентінің мәртебесі алғаш рет конституциялық деңгейде белгіленді. Аталған ереже 1991 жылғы 16 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң арқылы бекітілді.

1992-1993 жылдары жергілікті әкімшіліктер мен ескі жүйедегі кеңестік депутаттардың бір-бірінің қызметін қайталауын, бәсекелестігін жою қажеттігінен туындаған президенттік биліктің қалыптасу үдерісі жүріп жатты. Бұрынғы атқару комитеттері жаңаша құрылды. 1993 жылғы 10 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының жергілікті басқару және атқару органдары туралы» Заңға сәйкес жергілікті әкімшіліктер басшылары пайда болды. Жергілікті жаңа өкілді органдар – мәслихаттар құрылды.

Алайда, президенттік және парламенттік басқару формасының қайсысы дұрыс екені жөніндегі пікірталас, Жоғарғы Кеңестің бірқатар бақылау функциясын Президентке бергісі келмеуі билік өкілеттіктерін бөлу мәселесінде айтарлықтай қиындық туындатты. Сөйтіп, Парламент пен Президенттің өкілеттігін нақты айқындау мәселесі айрықша маңызға ие болып, кезек күттірмес сипат алды.

Мәселен, 1993 жылғы Конституция аясында Қазақстан Республикасының Президенті Мемлекет басшысы ретінде атқарушы биліктің біртұтас жүйесіне басшылық етті. Үкімет Министрлер Кабинеті атынан Президент алдында да, Жоғарғы Кеңес алдында да жауапкершілік арқалады. Өз кезегінде бұл орган өз бетінше Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар қабылдап, енгізу, референдум туралы шешім қабылдау құқығын иеленді, сондай-ақ республика Президентінің мемлекеттің Премьер-Министрі мен басқа да жоғары лауазымды тұлғаларын тағайындауына келісім беретін болды. Жоғарғы Кеңеске билік өкілеттігінің мұндай шектен тыс шоғырландырылуы билікті бөлу қағидатына қайшы келетін. 1993 жылғы Конституция ережелерінің олқылығы, соның ішінде онда биліктің заң шығарушы және атқарушы тармақтары арасындағы қақтығыстың түйінін шешу тетіктерінің, Қазақстан қоғамын дамыту басымдықтары мен мақсаттарының болмауы саяси тұрақсыздық ахуалын тудырды. Іс жүзінде қос билік көрінісі шынайы жағдайға айналып, сол тұста қолданыстағы президенттік билік вертикалымен қатар Кеңестер құрылымы да сақталып қалды.

Мұндай қайшылықтар мен белгісіздіктер 1995 жылғы 30 тамызда бүкіл ел халқының 90,6%-ы қатысқан жалпыұлттық референдумда мақұлданған жаңа Конституцияда түбегейлі жойылды. Референдумға қатысушылардың 90%-ы жаңа Конституцияға дауыс берді. Оны алдын ала талқылау кең және ашық түрде өтті: 30 мыңдай ескертпе және ұсыныс түсіп, Негізгі заң мәтініне 1100-ден астам түзету енгізілді. Жаңа Ата заңға сәйкес Қазақстан халқы – биліктің бірден-бір қайнар көзі, ал қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, экономикалық даму, Қазақстан патриотизмі, мемлекет өмірінің ең маңызды мәселелерін демократиялық жолмен шешу үрдісі мемлекеттіліктің негізгі қағидаттары болып жарияланды.

Аталған құжатқа сәйкес Қазақстан Республикасында басқарудың президенттік формасы орнығып, билік өкілеттіктерін бөлу тетігінің өзгеруіне жол ашты.

Президенттік институт саяси жүйенің орталық буынына айналып, биліктің өзге тармақтары үстіндегі саяси-құқықтық қондырма қызметіне ие болды. Мұндай жоғары мәртебе олардың өзара тиімді іс-әрекетін қамтамасыз етіп, Мемлекет басшысына жоғарғы арбитр, Конституцияның, адамның және азаматтың құқығы мен бостандығының кепілі болуына мүмкіндік туғызды.

Үкімет атқарушы органдар жүйесіне басшылық етіп, олардың қызметіне жетекшілік жасады және дербес басқару шешімдерін қабылдады. Президенттің Үкіметті жасақтаудағы, оның қызметінің стратегиялық бағыттарын айқындаудағы басым артықшылығы да, сондай-ақ Үкіметтің Президент алдындағы есептілігі де сақталып қалды. Конституцияда демократиялық жаңғырудың бағдарламалары айқындалып, билікті бөлісу қағидаттары бекітілді және шектеулер мен арасалмақтар тетігі нақтыланды.

Бұл Конституция аясында бұрынғы Конституциялық Сотты алмастыратын жаңа мемлекеттік орган – Конституциялық Кеңестің мәртебесі бекітілді. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың пікірінше, «президенттік басқару формасы жағдайында Конституциялық Кеңес – Конституцияның заңдылығын сақтайтын органның мейлінше оңтайлы моделі. Ол елде қолданылатын заңнамалық актілердің сапасына кепілдік беретін өзіндік бір қосалқы сүзгі қызметін атқаруға тиіс. Бұл ретте ол саяси даудамайдан сырт тұрады». Бұдан бөлек, жаңа Конституция арқылы жергілікті өзін-өзі басқару институты мойындалды, ал бұл жергілікті деңгейде шешім қабылдауға мүмкіндік берді.

Негізгі заң мемлекеттік биліктің әр тармағының қызмет саласын нақты айқындап бергендіктен, оның тиімділігін арттыруға септігін тигізді. Жаңа Конституция Қазақстандағы саяси үдерістің тұрақтану кезеңінің айқындалуына, оның әрі қарай сындарлы бағытта дамуына мүмкіндік туғызды. Бұл жайт Президенттің 1997 жылғы «Қазақстан-2030: өркендеу, қауіпсіздік және барша қазақстандықтардың әл-ауқатының жақсаруы» атты жолдауында көрініс тапқан ұзақмерзімді стратегиялық жоспарлау жұмысын зерделеуге мүмкіндік берді. Бұл стратегиялық құжат Мемлекет басшысының содан кейінгі бірқатар жарлығы арқылы тиянақталып, оның әр жылғы жолдаулары негізінде нақтыланды және Үкіметтің бағдарламаларымен қамтамасыз етілді. Қазақстан сол күрделі әлеуметтік-экономикалық трансформация жағдайының өзінде-ақ тек ағымдағы мәселелерді ғана шешумен шектелмей, алдына мақсат қойып, болашақтағы даму басымдықтарын белгілеген посткеңестік кеңістіктегі елдер арасындағы санаулы мемлекеттің біріне айналды.

Жалпы алғанда, пәрменді президенттік билік моделінің қалыптасуы арқасында ең басты көздеген мақсатқа – елді 1990 жылдардың ауыр дағдарысынан алып шығуға және оны жаңғыртудың жүйелі шараларын жүзеге асыруға қол жетті. Мәселен, Жоғарғы Кеңестің қызметі тоқтағаннан кейін 1995 жылғы наурызда Қазақстан Президенті өз мойнына уақытша қосалқы өкілеттіктер жүктеді. Соншалық қиын кезеңде ел тағдыры үшін орасан зор тарихи жауапкершілік алған Нұрсұлтан Назарбаев тығыз мерзім ішінде қажетті заңнамалық базаның қалыптасуына мүмкіндік туғыза отырып, өзінің бар күш-жігерін, басқарушылық тәжірибесі мен білімін реформалар барысын жеделдетуге жұмсады.

Президенттің өкілеттігін ұзарту мәселесі бойынша 1995 жылғы 29 сәуірде өткен республикалық референдум қорытындысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары мен саясатын қоғамның өте жоғары деңгейде қолдап отырғанын көрсетіп берді. Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту үшін 7 932 834 адам немесе референдумға қатысқандардың 95,46%-ы дауыс берді. Қазақстандықтар ауқымды жаңарулар үдерісінде саяси тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығын сезіне отырып, жүргізіліп жатқан реформалардың елеулі нәтижелеріне куә болды.

Бұдан кейінгі жылдары Тұңғыш Президенттің саяси бағытына халықтың көрсеткен қолдауы тек нығая берді, елдегі президент сайлауының бәрінің нәтижесі соның жарқын дәлеліне айналды.

Мысалы, 1999 жылғы 10 қаңтарда өткен сайлауда Н.Ә.Назарбаевқа 5 846 817 адам немесе сайлауға қатысушылардың 79,78%- ы дауыс берді. 2005 жылғы 4 желтоқсандағы сайлауда Н.Ә.Назарбаевқа өз дауысын 6 147 517 адам немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 91,15%-ы берді. 8 279 227 адам қатысқан 2011 жылғы 3 сәуірдегі Президент сайлауының қорытындысы бойынша, сайлаушылардың 95,55%-ы Н.Ә.Назарбаевқа дауыс берген. 2015 жылғы 26 сәуірде өткен, Н.Ә.Назарбаев қатысқан кейінгі Президент сайлауы оның мемлекеттік қызметін қоғамның қолдауының деңгейі жоғары екенінің көрнекті үлгісі болды. Сайлауға қатысқан 9090920 адамның 97,75%-ы дауысын Н.Ә.Назарбаевқа берді.

Бүкіл халықтың осынша биік деңгейдегі сеніміне ие бола отырып, Нұрсұлтан Назарбаев транзиттің күрделі мәселелерін демократиялы, сындарлы түрде шешу жолында өзі таңдап алған стратегиясын бекем ұстанды. Мұның көрнекті мысалы – 1999 жылғы 10 қаңтардағы сайлау нәтижесінде оның президенттік өкілеттігі мерзімінің бір жылға, сондай-ақ 2011 жылғы 3 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы есебінен тағы екі жылға жуық уақытқа қысқартылуы.

Осылайша, дағдарысты еңсеру және басқару жүйесінің қалыптасу кезеңіндегі билік өкілеттіктерінің шоғырландырылуы Қазақстандағы либералдық құндылықтарды бағдар еткен жаңа қоғам қалыптасуының күрделі мәселелерін шешудің қажетті шарты болды. Дамудың прогрессивтік векторын батыл жақтаушы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев демократияландыру үдерісін ілгерілетуге бағытталған шараларды біртіндеп, жүйелі түрде іске асырып отырды. Мәселен, Қазақстан халқына арнаған 1998 жылғы үндеуінде ол ел Конституциясына сайлау жүйесін жетілдіруге, адал және әділетті сайлау өткізуге, саяси партиялар рөлін арттыруға, Парламент құзыретін кеңейтуге, азаматтық қоғамды дамытуға, баспасөз бостандығын қамтамасыз етуге, тәуелсіз сот жүйесін қалыптастыруға, үкімет органдарындағы әйелдер санын ұлғайтуға қатысты түзетулер енгізуді ұсынды.

Қабылданған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң елдің саяси институттарының одан әрі қарай дамуына серпін берді. Қазақстанның саяси тарихында бірінші рет сайлау жүйесіндегі пропорционалды өкілеттілік қағидаты енгізілді. Мәжіліс депутаттарының саны 77-ге дейін өсіп, олардың арасынан 10 депутат партиялық тізім бойынша сайланатын болды. Конституцияны өзгерту және Үкіметті бақылау мәселелеріне қатысты Парламенттің құзыреті айтарлықтай кеңейтілді. Соттың алқа билердің қатысуымен тағайындалуы тәуелсіз сот жүйесінің маңызды тетігіне айналды. Сонымен қатар, президент қайтыс болған немесе доғарысқа кеткен жағдайда оның лауазымын уақытша иелене тұру тәртібі жөніндегі ереже бекітіліп, мұның мынадай реттілік бойынша жүзеге асырылуы қарастырылды: Сенат Төрағасы – Мәжіліс Төрағасы – Премьер-Министр. Президент өкілеттігінің мерзімі жеті жылға дейін, Сенат депутатының мерзімі алты, ал Мәжіліс депутатының мерзімі бес жылға дейін ұлғайтылды.

Мемлекеттіліктің қалыптасуының мейлінше жауапты кезеңінде Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қол жеткізілген, елде жүзеге асырылған реформалардың оң нәтижелері қоғамда кеңінен қолдау табуының арқасында 2000 жылғы 20 шілдеде ел Парламентінің «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын қабылдауына алғышарт жасалды. Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарының сабақтастығын, елдегі бұдан арғы әлеуметтік-экономикалық, демократиялық өзгерістерді қамтамасыз ету мақсатымен депутаттар Тұңғыш Президенттің тәуелсіз жаңа мемлекеттің негізін салушы, Қазақстан халқының бірлігін, Конституцияның, адам және азаматтың құқығы мен бостандығының қорғалуын қамтамасыз еткен Елбасы ретіндегі саяси-құқықтық орнын айқындады. Тұңғыш Президентке оның бірегей тарихи миссиясына сай Қазақстан халқына және мемлекеттік органдарға міндетті түрде қаралуға тиісті мәселелер бойынша бастамашылықпен үндеу арнау, Парламент алдында, Үкімет отырыстарында сөз сөйлеу, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесін басқару, Конституциялық кеңестің құрамына кіру құқығы өмір бойына бекітіліп берілді.

Әлеуметтік-экономикалық дамудың 2000-жылдар басында оң қарқын алуы қоғам тарапынан жаңа сұраныстарды және елдің саяси жүйесіне деген талапты жандандыруға әсерін тигізді.

Дамудың қарқынды үдерістерін жете сезінген Нұрсұлтан Назарбаев 2002 жылы қоғамды болашақта либералдандыру және саяси реформаларды ілгерілету туралы жалпыұлттық диалогқа бастамашылық етті. Бірнеше жыл бойы бұл диалог кең ауқымдағы қоғамдық-саяси күштердің, азаматтық қоғам өкілдерінің, белгілі саяси қайраткерлер мен сарапшылардың, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдар өкілдерінің қатысуымен республикалық деңгейдегі комиссия форматында өтті. Осы жұмыстың нәтижесінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Негізгі Заңға тиісті өзгерістер топтамасын енгізді. Ел Парламенті 2007 жылғы 21 мамырда Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады. Либералды саяси жаңарулар үдерісімен үйлесім тапқан бұл конституциялық реформа арқылы президенттік-парламенттік басқару формасына бағытталған қозғалыс векторы айқындалды. Өзгерістерге сәйкес, билік өкілеттіктерін қайта бөлу және Парламенттің рөлін арттыру жайы қарастырылды. Мәжілістің Үкіметке де, әрбір министрге де сенімсіздік таныту үдерісі жеңілдетілді. Парламент Конституциялық кеңестің, Орталық сайлау комиссиясының және Есеп комитетінің үштен екісін құрау құқығын иеленді. Премьер-министрді төменгі Палата депутаттарының көпшілігінің келісімімен Президент тағайындайтын болды. Сондайақ пропорционалды сайлау жүйесіне көшу конституциялық реформа арқылы белгіленді. Сенат пен Мәжіліс депутаттарының саны 154 адамға дейін көбейді. Негізін мәслихаттар құрайтын жергілікті өзін өзі басқару жүйесі дамыды. Атап айтқанда, жергілікті өкілді органдар депутаттары өкілеттігінің мерзімі бес жылға дейін ұлғайтылды. Мәслихаттың әкімге сенімсіздік таныту рәсімі жеңілдетілді.

Сот жүйесі жетілдірілді, судья лауазымына ұсынылатын кандидаттарды іріктеу функциясы Жоғары Сот Кеңесінің қарауына берілді. Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе беру және оның ел Парламентіндегі өкілеттілігін қамтамасыз ету арқылы бұл органды нығайту шаралары қарастырылды. Президенттің лауазымдық өкілеттігінің мерзімі бұрынғы жеті жылдың орнына бес жыл болып белгіленді.

Бұдан бөлек, мемлекет пен қоғам институттарын демократияландыруға бағытталған нақты іс-әрекеттер қарастырылды. 2007 жылғы реформа Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың мемлекет негіздерін алдағы уақытта ортақ ұмтылыс нәтижесі арқылы нығайтуға деген саяси реализмі мен стратегиялық ұстанымының айқын көрсеткішіне айналды.

2001-2006 жылдары елде мемлекеттік билікті орталықсыздандыру және мемлекеттік биліктің кейбір функцияларын жергілікті жерлерге беру шаралары бір мезгілде жүзеге асырылды. Сайлау туралы заңнамаға елеулі өзгерістер енгізілді, төменгі деңгейдегі әкімдерді сайлау эксперименттері жүргізілді. Оған қоса барлық әкімдердің халық алдында есеп беру тәжірибесі енгізілді, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында мемлекеттік органдар қызметіне тарту шаралары қабылданды.

Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылғы 28 ақпанда Қазақстан халқына арнаған «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында саяси транзиттің еліміздегі моделін қалыптастыру қажеттігін айтты. Оның ерекшеліктері, Мемлекет басшысының пікірінше, мыналар: президенттік басқару формасын сақтау, реформалардың кезең-кезеңмен жүргізілуі, қабылданатын шешімдердің теңгерімділігі, негізгі саяси күштердің бірігуі.

Қазақстандағы саяси реформалар барысы көрсеткендей, президенттік институт жаңарулардың бастамашысы және іске асырушысы ретінде бұл үдерісте маңызды рөл атқарды. Қолданыстағы Конституцияның 15 жылдығына арналған «Конституция – мемлекеттің демократиялық дамуының негізі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев былай деді:

«Қазақстанда халықтың абсолютті қолдауымен пәрменді президенттік билік орнықты. Мемлекеттіліктің қалыптасуы, әлеуметтік, экономикалық және саяси жаңғыру жағдайында жоғары биліктің әлсіз болуға хақы жоқ. Посткеңестік кеңістіктегі көптеген елдердің мемлекет құрудағы сәтсіз тәжірибелері соны көрсетті. Қазақстанда конституциялық дамудың 15 жылы ішінде бірде-бір саяси дағдарыс болған емес. Барлық мәселе біртұтас мемлекеттік билік тармақтарының өзара әрекеттестігі туралы конституциялық ережелер негізінде шешіліп отырды».

Одан кейінгі жылдары да Қазақстан қоғамын реформалау үдерісі өзінің үдемелі түрде дамуын жалғастырды. Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылғы наурызда мемлекеттік аппаратты жаңғыртуға, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, экономиканы индустрияландыру мен әртараптандыруға, қазақстандық бірегейлікті нығайтуға және транспарентті әрі есепті мемлекет қалыптастыруға бағытталған Институционалдық бес реформа бағдарламасын жария етті. Аталған мақсаттарға қол жеткізу арқылы кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын, Президенттен билік өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметке бөліп беру қарастырылатын келесі конституциялық реформаға жол ашылатын еді. 2017 жылғы 11 қаңтарда өкілеттіктерді билік тармақтары арасында қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Конституциялық түзетулер жобасын талқылау жалпыхалықтық сипат алып, оған екі миллиондай адам атсалысты. Конституция баптарының үштен екісіне қатысты алты мың ұсыныс түсті.

Осылайша, 2017 жылғы 6 наурызда Парламент қабылдап, ал одан кейін 2017 жылғы 10 наурызда Президент Н.Ә.Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң бойынша Конституцияның 25 бабына түзету енгізілді. Қазақстан терең саяси жаңғыру кезеңіне қадам басты. Конституциялық реформа мемлекет істеріндегі және Үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлін айтарлықтай күшейтті. Үкіметке экономиканы басқару өкілеттіктері берілді, сол арқылы ол өз дербестігінің едәуір ауқымды дәрежесіне ие болды. Құқық қорғау саласы мен сот жүйесінің конституциялық негізі жаңғыртылды. Конституциялық бақылау жүйесі нығайтылды. Президенттің құзырынан заңдарды, заң күші бар жарлықтарды шығару өкілеттіктері алынып тасталып, Үкімет пен Премьер-министрдің актілерін кері қайтару және тоқтата тұру құқығы жойылды. Бұдан бөлек, Парламент құзыретінің кеңейтілуі саяси партиялар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

Жаңа өзгерістер саяси жүйеге ауқымды демократиялылық сипат дарытып, теңгерімділікті күшейтті, пәрменді президенттік билік сақталған жағдайдағы мемлекеттік биліктің икемділігі мен тиімділігін арттырды. Осылайша, 2017 жылғы қаңтар – наурызда саяси жаңғырудың қазақстандық моделі жүзеге асырылды, сөйтіп елдің одан әрі қарай дамуы үшін қажетті жағдай жасалды.

Жалпы алғанда, Қазақстанда жаңа саяси жүйенің қалыптасуы мен дамуының үдерісі, оның жаңғыртылуы, жаңарулар үдерісіндегі нақты жағдайға және уақыт талабына бейімделуі Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әрі оның тікелей қатысуы арқылы жүзеге асты. Құрылған президенттік институт саяси тұрақтылықтың жүйе қалыптастырушы факторына, мемлекеттіліктің өзекті тірегіне, сондай-ақ елдегі жүйелі реформалардың негізгі драйверіне айналды. Әкімшілік-мемлекеттік басқарудың айқын мемлекеттік билік вертикалы бар, сондай-ақ жауапты да жинақы үкіметті, кәсіби парламентті, тәуелсіз сотты, өңірлердегі өзін өзі басқарудың атқарушы құрылымдарын қамтитын оңтайлы моделі қалыптастырылды. Осының барлығы биліктің біртұтас әрі жүйелі мемлекеттік тетігін құрады.

Мұндай модель билік тармақтарының сындарлы өзара әрекеттестігіне мүмкіндік тудырып, бірқатар посткеңестік мемлекетте орын алған саяси дағдарыстан аман өтуге, нарықтық экономика мен демократиялану үдерісінің ілгерілуі жолында Қазақстанның біртіндеп, жүйелі түрде дамуын қамтамасыз етуге септігін тигізді.

2019 жылғы 19 наурызда президенттік өкілеттігін тоқтату жөнінде шешім қабылдаған Нұрсұлтан Назарбаев елдегі жоғары билік транзитін қамтамасыз етуге қажетті жағдай жасады. Конституцияға толық сәйкес жүзеге асырылған осы қадамы арқылы ол тағы да Қазақстанның демократиялық даму векторының берік жақтаушысы екенін дәлелдеді.

Негізгі Заңға сәйкес, Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Мемлекет билігін қолға алды. 2019 жылғы маусымда өткен демократиялық сайлауда Қазақстан халқы Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын серіктесі, тәжірибелі мемлекет қайраткері, халықаралық қоғамдастыққа кеңінен танымал әрі беделді Қасым-Жомарт Тоқаевты ел Президенті етіп сайлады.

Жаңадан сайланған Президент өзін Елбасының Қазақстанды одан әрі жаңғыртудағы стратегиялық бағдарын жүйелі түрде жалғастырушы ретінде көрсете білді. Мән-мазмұнға және сонымен бірге ілкімді істерге толы бір жылдың ішінде Мемлекет басшысы елді дамудың жаңа белесіне бастайтын саяси, әлеуметтік-экономикалық жаңаруларды ілгерілету бағытында ауқымды жұмыс жүргізді.

 Ел Президенті ұстамдылық, байыптылық, табандылық таныта отырып, Қазақстанды ілгерілеу және өсіп-өркендеу жолымен батыл алға бастап келеді.

Махмұт ҚАСЫМБЕКОВ,
Қазақстан Республикасының
Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің басшысы.

(«Egemen Qazaqstan» газетінен).