Партия белсенділері марапатталды

Кеше «Nur Otan» партиясы Қарағанды облыстық филиалында Елорда күні мерекесі қарсаңында өткен жиында партия құрамына жаңа мүшелер қабылданды. Сондай-ақ, жуырда өткен Президент сайлауында белсенді әрекет еткен, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен саяси сипаттағы жұмыстардың жүйелі жүргізілуіне атсалысқан, Елбасы саясатын қолдап, барша қазақстандықтарды Президент реформаларын қолдауға жұмылдырған бірқатар мекеме-кәсіпорындар басшыларына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаттары тапсырылды.

Жиында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Назарбек Бекбатыров сөз алып, партияның Президент бастамаларының қолдаушысы әрі негізгі орындаушысы болып табылатынын атап өтті. Сондай-ақ, партияның Қарағандыдағы облыстық филиалы мүшелерінің Президент реформаларына қолдау көрсетіп, жүзеге асырылуы бағытында ауқымды істерді атқарғанын тілге тиек етті.

Төраға орынбасары партия қызметіне тың серпін беріп, жұмыс тәсілдерін жетік жүргізген жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне «Nur Otan» партиясы Қарағанды облыстық филиалының Алғыс хаттарын табыстады.

Басқосуда Чернобыль атом электр станциясындағы апатқа қатысушы Дәуренбек Мыңжасаров «Чернобыль ардагері» медалі, Айдынғали Жазыбеков «Чернобыль апатын жоюға қатысқаны үшін» медалі, сондай-ақ, Николай Малыш Бауыр жан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалімен марапатталды.

Ардагерлер атынан «ЧернобыльСемей» қоғамдық бірлестігі ардагерлер кеңесінің төрағасы Мейрамбек Баекенов сөз алды.

Биыл Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың орын алғанына – 33 жыл. Апатты залалсыздандыруға қатысып, оттың ортасынан аман қалған саусақпен санарлықтай батырларымыз аман жүрсін. Бұл ардагерлердің ерлігі бүгінгі жастар үшін ересен үлгі.

Елорда күні мерекесі қарсаңында ерлігімізді елеп, ескеріп жатқандарыңызға рахмет! Бейбіт заман болсын! Елімізге тыныштық тіледім, – деді Мейрамбек Баекенов.

Жиын соңында оған қатысушылар мерекелік көңіл күй сыйлап, еңбектерін ескерген «Nur Otan» партиясы Қарағанды облыстық филиалының басшылық құрамына, барша ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

Аяулым СОВЕТ.