«Орталықта» онлайн-айтыс: Руслан НҰРБАЙ — Тілеген ӘДІЛ

Пәтуәлі сөздің парқын, болатын істің артын білген қазақ үшін  сөз қадірі – өз қадіріндей  қастерлі, аяулы. Сүйегіне сөз сіңген сүлейге, алқалы топта алқынбаған ақынға   құрмет пен  қошеметтің қашан да ерек болғандығы осыдан болса керек…

Осы орайда, «Ortalyq Qazaqstan» газеті еліміздегі төтенше жағдай тұсында ормандай оқырмандарының жігерін жанып, рухын көтеру мақсатында «Ұлт саулығы – ұлы мұрат» атты Арқа ақындарының жазба айтысын өткізуді қолға алды. Сонымен, онлайн  түрінде өткен жазба айтыстың алғашқы жұбы –  белгілі ақын Руслан НҰРБАЙ мен айтыстың аламанында оза шауып, бәйге алып жүрген Тілеген ӘДІЛ. Жаңа жобамыздағы қос жүйрікке жанкүйер болыңыздар, ағайын!


ТІЛЕГЕН:
Шайырдың сөз атылсын тіл-тісінен,
Халықтың нұр көрейін күлкісінен.
Тәуелсіз елім барда жерім барда,
Кем емес салтанатым бір кісіден.
Атқа мінген жігіттің біреуі едім,
Арқаның тымақ киген түлкісінен.
Халықтың көңілін бір көтерейін,
Вирустің шаршады ғой түрпісінен.
Ассалаумағалейкум, Арқадағы ел,
Сөз қадірін ұғынып, жыр түсінген.

Қалмасын жұлын мұздап, жүрек суып,
Жұлдыз жұлып берейін бұлт ішінен.
Тілі буаз ақын ем сөзге жерік,
Ұл ұғынып сөзімді, дүр түсінген.
Халықтың аузын аққа тигізейін,
Жүректің уыз тамсын үрпісінен.

Әуелден таныс еді атың маған.
Руслан өрт едің ғой лапылдаған.
Ассалаумағалейкум, баһадүрім,
Еркек ең талайларды тақымдаған.
Сен маған әрі бауыр, әрі доссың,
Әр ісіне жасайтын батыл қадам.
Үйіңе қалай сыйып, отырсың, ей,
Жүргіштің біреуі едің сатырлаған.
Қарға адым жер мұң болды карантин деп,
Үйінде отырады ақылды адам.
Вирусты өлеңменен аластайық,
Азуыңды көрсетші сақылдаған.
Қолыңа қаламыңды ал, маскаңды ки,
Таңдайыңды көрейін тақылдаған.

РУСЛАН:
Ассалаумағалейкум, оқырмандар,
Ортаға ой тастайын отым барда.
Наурыз нұрын қарсы алып қабат-қабат,
Жауһар жыр күтіп бізден отырғандар.
Теледидар, телефон, сан ақпарат,
Үрейге емес, үмітке бас ұрғандар.
Қатерлі дерт кетер деп сағат санап,
Сабырмен тәубе, шүкір шақырғандар.

«Орталық Қазақстан» тұманды ойдан,
Шығарсақ деп сол кезде план қойған.
«Сөз атасы – шындық» қой БАҚ-тың құсы,
Маңдайына бабадан ұран қойған.
Бұқар жырау, Қазыбек би, МәшҺүр Жүсіп,
Бабаң Қараменде мен Құнанбайдан,
Сөз қалды ма, Тілеген – қасқыр-мүсін,
Шабытыңа мен талай шырайланғам.
Тәж-тажал мен қажы ақын, Хақтың да ісі,
Әрдайым қабыл етсін дұғаңды Аллам!
Жарапазан айтудың жақсы үлгісі,
Жалыныңды жыр қылып шығар бойдан.
Алашымның айтыс қой нақты үрдісі.
Аластат ағайынды күмәнді ойдан.
Не көреді ақынның ақ дүрбісі,
Шайырдың шыншылдығын сынайды ол да.
Көрермен жоқ, қазы жоқ, көптің күші,
Бізге де оңай болмас мынау майдан.

Қансонарда құмайың ізді шалды,
Қара көрсе қыраның түзді шолды.
Онлайнмен үйде отыр, оңбайсың деп,
Үкімет те үстіңе дүрбі салды.

Дем салып дерттен елді қорғайсың деп,
Ерсін құрдас жаққызды түнгі шамды.
Онлайнда ойбайың аздай, сүйреп,
Ақыры сынағына бізді салды.

ТІЛЕГЕН:
Өлең қылып берді Алла маңдайға бақ.
Көрейін қызыл тілмен таңдай қажап.
Жыр десе, өлең десе, айтыс десе,
Делебесі қозбайтын қандай қазақ?
Барымды сап көрейін нарымды сап,
Досқа күлкі болмайын жанға мазақ.
Бұл айтыс тамаша айтыс білесіздер,
Бейнеті аз жазылмаған маңдайға азап.
«Шапалақ, шапалақ», – деп жалынбайсың,
Үйде отырып айтысқан қандай ғажап!

Руслан, туған жерің Қарағайлы.
Найзаға сап қып салдың қарағайды.
Сенгеніміз – Алла емес антисептик,
Адамды адам қалай алалайды.
Қол алып амандасу алыстап ед,
Сауап болды бұны да ел бағалайды.
Көршінің халін көрші сұрамаушы ед,
Жүректі осы қатты жаралайды.
Шақырған жерге бармай қалушы едік,
Шақырғанға зар болып бара алмайды.
Ұлтымның амандығы – ұлы мұрат,
Халқымды баспаса екен қара қайғы.
Үйіңнен шықпа десе шықпау керек,
Сақтансаң бермейді Алла ала қайғы.
Руслан, сен де үйіңде тыныш отыр,
Демеңіз досым мені табалайды.
Амал жоқ ішің пысып бара жатса,
Қайталап тағы да оқы дана Абайды.
Мен білетін Руслан көше жақты,
Маскамен де маскасыз аралайды.
Шабыттанып үйіңнен шығып кетпе,
Бүкіл ел онда сені қаралайды.
Коронавирус деген қатыгез ол,
Ақынсың, әкімсің бе қарамайды.

РУСЛАН:
Талағы жоқ үгілер тас та қатты,
Талабы жоқ құлайды жас та қатты.
Жаңа жылда жасымнан бой алды өріп,
Көріп келем мен небір маскарадты.
Бірі қоян, бірі мал, ноян болып,
Аң мен құстан айналып бас та қатты.
Тәтті жеуге өнері аян болып,
Жаттағанын айтатын тақпақ атты.
Кейбіреуін солардың қоям көріп,
Тіпті, беттен маскасын ашса жақсы.
Мынау мұңлы маскарад, баянды ел ұқ,
Қыдыр күткен қонақшыл аяулы едік,
Жеңіс келіп жұрт оны отқа жақсын!

ТІЛЕГЕН:
Руслан тау қопарып, тас қаласын,
Әр ойын талдап-тіліп таспаласын.
Шашубай Болманды айтып Маясармен,
Сөзіңнің әдемі айттың бастамасын.
Вирусты жеңіп шығар күн туса екен,
Дүбірге бір бөлейтін аспан астын.
Бүкіл қазақ жиылып той жасаймыз,
Сол тойды өзің келіп басқарасың.
Масканы табанға сап мыжып-мыжып,
Маскарадтың шығаршы масқарасын.

РУСЛАН:
Жүргіш болсам, демедім-
«Өзге астаудан ас табам».
Жүрсінге ерген сен едің,
Тұрсындарды қоштағам.
Өлең болған өз елім.
Сөз бастаудан қашпағам.
Жүректе ғой дәл емің,
Дұға-ниет сәлемің.
Сенде ойнап, жас болам.
Сені ойлап, мас болам.
Қас-қабағың – әлегім,
Алға қарай бас қадам.
Әлем-торда дерегің,
Волонтерлер бөбегің,
Сыналғанда дос, балаң.
Жұқтырамын демедің,
Ұмытпайды сені елің,
Жедел-жәрдем жас маман.
Көпке қылған көмегің,
Көктен білді дегенім.
Тойыңды өзім басқарам.
Сүйіншіңді берейін,
Ақ жолыңды аш қоғам.
Хаққа нақты не дейін,
Махаббатты-мерейім.
Періштелер дос саған.
Ақ парақта өлеңім,
Ақ халатта дастан-ән.

Айналайын, Тілеген,
Онлайн ойым міне ерен.
Тоқырауында тербеліп,
Тағылыда түлеген,
Үңіректің өрнегі,
Көз алдыңда бір әлем.
Жезқазғанда жез сауыт,
Білім алдың тез танып.
Өлтірмейді тіл өнер,
Жүрген жансың сөз тауып,
Әрі қарай біле бер.

Сол Жошының жұртында,
Қазақ Мыстың сыртында,
Бастық болған талайлар,
Ұлттың майы ұртында.
Сыр білдірмес бір тұлға
Бас қазаншы Огай бар,
Карантиннің басында,
Бала-шаға қасында,
Кореядан оралған.
Бізге шахта, забойлар,
Оған алтын сарайлар.
Арпа-бидай – ас дейміз,
Алтын-күміс – тас дейміз
Қазақ қайда оны ойлар.

ТІЛЕГЕН:
Руслан, отырсың -ау, өлеңдетіп,
Арқаның арда жұртын елеңдетіп.
Сардитып саржамды енді мен де тарттым,
Жатса егер жамбыңызға жебем жетіп.
Огайды айтып ойсырап отырсың ғой,
Жатқандай су түбіне кемең кетіп.
Бір түсініп отырмын бір түсінбей,
Мен сені отырғам жоқ төмендетіп.
Жіпке тізіп айтсаңшы жырларыңды.
Қозыдай ойларыңды көгендетіп.
Жазба ақынмен – айтысу қандай қиын,
Әр сөзіңді айтасың тереңдетіп.

Тауға да өлең жазасың тасқа да өлең.
Жауға да өлең жазасың досқа да өлең.
Руслан, сөйлеп қалар кезің келді,
Көрінсін ел алдында асқақ өрең.
Алланың бұйрығына қарсы келдік,
Ақыл айттық айғайлап тасқа керең.
Орамал, хиджаппенен алысушы ек,
Тілмен келер пәлекет басқа деген.
Құдайдың құдіретін көрмеймісің,
Қара терге малынып босқа денең.
Орамалға тіл тигізем деп жүргенде,
Аузыңды тұмшалады маскаменен.

РУСЛАН:
Жылыта ма жүректі, жаралаған көктемгі от,
Ию-қию құс келіп, жатушы еді өктем боп.
Теңге тисе Түркия, Қытайменен Мысырға,

Туған жерден жерініп, турист болып кеткен көп.
Енді міне, қағбаға бара алмайды мұсылман,
Ережеп, Шағбан, Ораза дертті шаққа дөп келмек.
Бетпердесіз біртүрлі біреу өтсе, тұсыңнан.
Әкімдерде бұрынғы шіренетін шекпен жоқ,
Монитордың ар жағы мәселесін ұсынған,
Алыс жолдан мехнат, кедергіні шеккен көп,
Құстар келді Арқаға, өткен жылы ұшырған,
Қырдырмаңдар оларды ешкім сыртқа тепкен жоқ.

Тоқтамайтын тобырға ем-домың да қатерлі,
Ысыраптан көз ашпай, жарылқаймыз жат елді.
Қыр астында Қытайдан шыққанымен бұл індет,
Шаруа қуған шет елден шенеуіктер әкелді.
Жалғыз амал, ақылмен, бойыңдағы бір міндет,
Жолатпағын бөтенді, жауып ал да пәтерді.
Ая ата-әжеңді, аяла әке-шешеңді, 
Мырзақамақ мезі етті, мен деотырмын жүргім кеп,
Жібермейді үйдегі оған жүрмес дат енді.

«Орталықтың» бүгінгі оқырманы қырағы,
Қалалардың қақпасы блок-бекет тұрады.
Шатыр кетті шынында алпыс шаршы метрден,
Тілеген-ау, жігіттің түзде болар шырағы,
Сағындың-ау сен де сол, Шерубай мен Нұраны.
«Күнгей» жаққа құрыса барайын деп өтінгем,
Барлық жерде дейді жұрт бақылаудың құралы.

ТІЛЕГЕН:
Желбіреп көк байрағым көгімде шын.
Елжіреп ет жүрегің елім десін.
Ал, Руслан, осыменен аман боп тұр,
Сен менің жүрек деген төрімдесің.
Індеттен аман өтсін менің халқым,
Бұғынып енді артқа шегінбесін.
Ғаламдағы биікке ұмтыла бер,
Табандағы қарамай шөгірге шын.
Өзегіңе бұйырғай өз несібең,
Ырысың ысырап боп төгілмесін.
Құлқынды ойлай-тұғын қулар кетіп,
Ұлтымды ойлар ерлерім ерінбесін.
Ұртымның қанағаны ештеңе етпес,
Ұлтымның қабырғасы сөгілмесін!

РУСЛАН:
Күрсініспен өткен күн мен аң-таң қылған ай қалсын,
Көкке шығып мал мен жанның жон арқасы майлансын.
Жеңіс дейміз, сол жеңіспен осы мейрам дөп келіп,
Қылған дұға , амал-ниет, қабыл болсын ойлар шын.
Қырық мыңың жанұяға қырық шілтен боп келіп,
Көпбалалы аналардың көңілдері жайлансын.
Сегіз балаң, сегіз шиыр шартарапқа от беріп,
Тілеген-ау, тілегенің тіршілікке айналсын!

Ал, Тілеген, сахнаң жоқ, монитордан тұрайық,
Көп сөйлеген көп білген емес болар ұғайық.
Су баспасын, шулатпасын қырдағы ел мен ойдағы ел,
Бұл сынақтан сау шықпасақ елдігіме ұлы айып.


Дауыс беру аяқталды!  

*Ескерту: Қос ақынға дауыс беру 16 сәуір сағат 21:00-де аяқталады. 


Дауыс беру «Инстаграм» желісіндегі ресми парақшамыздың «Оқиғалар» (Сториз) бөлігінде де жүргізіліп жатыр.

Сілтеме — @Ortalyq.kz

*Ескерту: «Инстаграм» желісінде дауыс беру 24 сағат ішінде аяқталады 


Пікірлеріңіз болса Уатсапқа жазуға болады.

Сілтеме — Whatsapp