Жаңалықтар

Қорабайдың қоңыр әуені

Жезқазғандағы Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде қазақ әндерін гитарамен тұңғыш орындаушы өнерпаз Қорабай Есеновтің «Сыр сандық» атты шығармашылық кеші болып өтті. Ауыл шаруашылығында еңбек ете жүріп өнерін өгейсітпеген азамат биыл 70 жасқа толады. Осыған орай, ол халық алдындағы есеп беру концертін облыс болып тұрған кезінде өзі талай рет өнер көрсеткен Жезқазған қаласының сахнасынан бастауды жөн көріпті. Мерейтой иесін қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова құттықтап, қазақтың Қорабайы жасай берсін деген ақ тілегін білдірді. Қала әкімінің құттықтауын тапсырып, иығына шапан жапты, астына ат мінгізіп құрмет көрсетті.

Мерейтой аясындағы кештің «Сыр сандық» аталуының да өзіндік себебі бар. Жеті шекті гитараның сиқырлы тілін шебер меңгерген Қорекең бұл аспапты қазақтың жетігеніне ұқсатады. Жеті сым шекті аспаптың құлақ күйі де гитараға келеді дейді өнерпаз. «Сыр сандықты ашып қара, ашып қара сырласым. Сым пернені басып қара, басып қара жырласын», деп Сәкен ағамыз өлеңіне өзек еткенде осы жетігенді айтқан болар деп пайымдаймыз. Иә, қалай десек те әнші, сазгер, гитарашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қорабай Есеновтің шығармашылық кеші оның өмірі мен ерекше өнерінің сырын жұртшылықпен кеңінен бөліскен әуезді әннің әсерлі мерекесіне айналды.

Қорабай сонау алпысыншы жылдары Целиноград ауылшаруашылығы институтында оқып жүрген кезінде алғаш гитараны қазақша сөйлетіп, «Жас қалам», «Қоштасу» әндерімен жарқ етіп көрінген еді. Ол заманда бұл аспапты қолға ұстайтындар кілең орыс әндерін бебеулететін. Осыны көрген Қорабайға қазақ әндерін неге гитарамен орындамасқа деген ой келеді де қазақы әуендердің иіріміне келетін аккордтарды ойнауға машықтана бастайды. Сөйтіп, қазақ әндерін гитарамен еркін айтуға болатындығына көз жеткізеді. Алматыда 1968 жылы Целиноград қаласының онкүндігі болып, соған қатысқан Қорабай үлкен сахнаға алғаш шығады. Сол жолы орындаған үш әні қазақ радиосы арқылы бүкіл қазақ еліне тарап кетті. Жезқазғандағы шығармашылық кешінің шымылдығын да жарты ғасырдан бері ел жүрегінен өшпей келе жатқан осы әндерін орындаудан бастады.

Кейбір музыка мамандары: «Қорабайдың жалғыз гитарасы тұтас бір оркестр ойнағандай әсер қалдырады» деп бағалаған екен. Шындығында Қорекеңнің шерту мәнері айрықша бөлек. Гитараны ұлттық аспаптың үніндей жүректі тербей отырып күмбірлетеді. Ал, ән айтқанда құлаққа жағымды қоңыр үні жеті ішектен сан құбылып шыққан сиқырлы әуенмен жымдасып, астасып жатады. Әншінің табиғи талантының ерекшелігі де осында болса керек. Оның репертуарындағы көп жылдардан бері түспей айтылып келе жатқан әннің бірі «Сурет сыры». Өлеңін жаңаарқалық ақын Еркін Игенберлин жазса, әнін де сол Жаңаарқадағы ауыл ішіндегі таланттардың бірі марқұм Нагаш Шимбеков шығарған еді. Бұл жолы да осы әнді шабыттана орындады. Одан әрі «Мәңгі шырақ», «Әке туралы ой» және басқалары бірінен соң бірі жалғаса түсті. Қорабайдың домбыра шертісі де ерен. Әкесі Әбікен домбырашы болған екен. Қорабай да жасынан домбыра тартып өсті. Мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, домбырамен ән айтып, күй тартатын. Шығармашылық кешінде Әбікен әкесінің шертпе әдісі бойынша бір күй орындап берді.

Қорабай талай жылдан бері белгілі композитор Жағыпар Әлімхановпен тығыз шығармашылық байланыста болып келеді. Екеуі өнерде де, өмірде де дос болып кетті. Осы достық екеуінің Кәкімбек ағаларымен жақын араласуына себепші болды. Жағыпар көптеген әндерін ақын Кәкімбек Салықовтың өлеңдеріне жазғаны белгілі. Осы шығармашылық байланыстың жемісі ретінде «Аққу әні», «Досыңның көзін ұғарсың», «Мәңгі шырақ» сияқты шығармаларын айтуға болады. Бұлардың сөзін Кәкімбек ағамыз жазса, әнін Жағыпар шығарып, халыққа Қорабайдың орындауында тараған болатын. Осы шығармашылық бірліктің айғағындай, Қорабайдың шығармашылық кешіне арнайы келіп қатысқан Жағыпар композитор «Досыңның көзін ұғарсың» әнін домбырамен сүйемелдеп, қос аспаптың үнінен ерекше музыкалық үйлесім жасағандарына көрермен қауым тәнті болды. Кезінде Кәкімбек Салықов ағамыз: «Қорабай әншілік әлеміндегі зор құбылыс, қазақ сахнасында гитарасымен қоса сан тармақты жаңа әуез сырын ашқан соны буын, заманға сәйкес туған ерекше дара тұлға» деп баға бергені бар. Бұдан асырып не айтамыз.

Шығармашылық кеште қалалық депутаттар корпусы атынан мәслихат депутаты Станислав Филипович құттықтаса, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов ізгі тілегін білдіре келіп, Әсеттің «Қоштасу» әнін орындап берді. Сондай-ақ, өнерпазға Жезқазған музыкалық колледжінің директоры Жұмат Аманбеков те ыстық ықыласқа толы лебізін жеткізіп, құрметпен иығына шапан жапты. Қорекеңнің өнерін бағалап жүрген ниеттес інілерінің бірі, Қазақстан республикасының еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамедин мен әнші-гитарашы шәкірті Сейіл Аяған әннен шашу шашса, ақындар Базарбай Әлеуханұлы мен Ғазиз Ештанаев ағаларына арнаған жырларын оқыды.

Қорабай Есенов кеңшарда агроном, ауыл шаруашылығын химияландыру мекемесінің және астық қабылдау кәсіпорнының басшысы сияқты үнемі науқандық жұмыстары таусылмайтын салада жүрсе де өнерден қол үзіп кеткен жоқ. Ол өнерді өлермендікпен қуған да жан емес. Алайда, табиғат берген дарын мен таланттың арқасында өнер ауылынан алыстай алмады. Өйткені, оның өмір жолы өнермен егіз өрілген еді. Халқы қолқаласа қолына гитарасын алады, сазды әуенін қоңырлата шырқайды. Айтпақшы, Қорабай Есеновтің орындауындағы бірнеше әні Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы. Қарағанды облыстық теледидарының қорында да айшықты мұралары бар. Бірнеше ән таспалары жарық көрген. Ауыл шаруашылығында жеткен жетістіктері үшін Қорекең 1999 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды, рухани өмірдегі еңбегіне орай 2001 жылы Министрліктің «Мәдениет қайраткері» белгісіне, 2013 жылы Президент Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды. Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы. Екі мәрте республикалық байқаудың лауреаты атанды.

Ән қанатында жүріп жетпіске келген өнерпаз бүкіл қазақтың сүйіктісіне айналған. Жезқазған-Ұлытау өңірінің халқы да Қорекеңді жүйрігім деп ерекше сүйсіне құрметтейді. Қорабайдың қоңыр әуенін халқы сағынып қалыпты. Әнші кешінде әдемі әннің әсерімен арқаланған жұрт қызу қол соғып, қимай қоштасты. Әншінің мерейтой аясындағы осындай концерті қазан айының ортасында облыс орталығында, одан соң туған жері Жаңаарқада болады деп жоспарлануда.

 Амандық РАХҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button