Бас тақырыпОблыс әкімі

Қолдау бар, нәтиже де болады

Келесі жылы облыс мектептеріне жаппай жөндеу жұмыстары басталмақ. Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек әр мектеп назардан тыс қалмайды деп отыр. Енді тек, бюджеттен бөлінетін қыруар қаржыны игеруде аудан әкімдері жауапкершілік танытса болғаны. Уақытты ұтымды пайдаланып, қалған екі айда күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін мектептерді жоспарға кіргізіп үлгеру қажет. Бұл және өзге де мәселелер туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат жиналысында белгілі болды.

БАЛАМАЛЫ ЭНЕРГИЯ ҮЛЕСІ АРТУДА

Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов «Облыста Саран қаласында, Ақтоғай ауданының Гүлшат кентінде және Шет ауданының Ақадыр кентінде 3 жаңартылған энергия көздері бар. Одан бөлек, биогаз станциялары мен шағын-су электр станциясы да жұмыс істейді» – дейді. Басқарма басшысының мәліметінше 94 млрд. теңге инвестиция салынған энергия көздерінен сағатына 190 млн. кВт. қуат өндіріледі.

Энергияның балама көздерін игеру мұнымен тоқтап қалмайды. Жүзеге асырылатын жобалар қатарында Жезқазғанның Кеңгір кентіндегі қуаттылығы 10 МВт күн электр станциясы да бар. Жобалау жұмыстары жыл басынан қолға алынып, соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Қазірдің өзінде уақытша құрылған жұмыс орнында 74 адам жұмыспен қамтылса, станция іске қосылған соң 10 адам тұрақты жұмысқа ие болады. Инвестиция көлемі – 3,7 млрд. теңге.

– Балама ресурстардан қуат алатын станция салуда аукционда жеңіске жеткен жобалардың барлығы жүзеге асты. Ішкі қажеттіліктерді жүзеге асыратын «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС жобасынан бөлек, әзірге жаңадан қолға алынатыны жоқ, – дейді Ұлантай Төлеутайұлы.

Жаңа жоба демекші, Қарқаралы ауданында қуаттылығы 600 МГб жел станциясының жоба күйінде тұрғанына үш жылдың жүзі болыпты. «Станция салынатын алаң дайын, жол да салынды, тек инвесторларды ғана күтіп отырмыз» деп облыс әкіміне үйіп-төгіп уәде берген аудан әкімі Халел Мақсұтов айтқан жоба Ұлантай Үсеновтің мәлімдеуінше, облыста жүзеге асырылатын жобалар қатарына енбеген. Алдында немістер, кейіннен бельгиялықтарға ауысты делінген инвесторлар аукционға да қатыспапты. Демек, олар аталмыш ауданға станция салу құқығын да иеленбейді.

– Мұндай тәсіл жарамайды. Жел станциясы салынады деп, елге уәде бердік. Енді ол жүзеге аспаса, ұят болады, – деген Жеңіс Махмұдұлы осындай түсінбеушіліктер болмас үшін өңірлерде жұмыс істейтін жоба инвесторлары Энергетика министрлігімен бірлесе жұмыс жасауы керектігін айтты.

«ЖҰМЫС БАР, ЖҰМЫСШЫ ЖОҚ»

Кәсіпкерлікке бейімдейтін және жұмыссыздықты азайтуды көздейтін «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы облыста жүзеге асырыла бастағалы үшінші жыл. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекова бағдарлама аясында бүгінгі күні өтініш берген 36 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру үшін шаралар жүргізілгенін айтады.

Бағдарламаның бірінші бағыты – «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқамерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету» шеңберінде еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға биыл 700 адам жіберілсе, қысқа мерзімді кәсіптік оқуды 1900 адам аяқтап, 1016-ы жұмысқа орналастырылған.

Бағдарлама аясында әр аудан белгіленген жоспардың үдесінен шығуы керек. Әлбетте, орындалуы тиіс көрсеткіш аспаннан алынбайды. Дегенмен, жұмыссыздар санына қарай белгіленген межеге жете алмаған аудандар бағдарлама межесін кейінге тартуда.

Мәселен, Ұлытауда 12 көрсеткіштің 9-ы, Қарқаралы ауданы мен Шахтинск, Қаражал қалаларында – 8-і орындалмаған. Жастар тәжірибесінен кейін жұмысқа орналасу деңгейі де төмен. Бағдарлама аясында қысқа мерзімді оқу курсынан өткеннен кейін де жұмыссыз жүргендер қаншама.

Осы орайда, келесі жылы құрылыс жұмыстары биылғыдан да ауқымды болатынын айтқан өңір басшысы жұмысшы мамандықтарының жетіспейтінін айтты. Әсіресе, бұл білім және медицина нысандарын салу жоспарланған Ұлытау ауданына қатысты.

– Жұмыс бар, жұмысшы жоқ. Тұрғындар бар жұмысты жасағылары келмейді. Жастар тәжірибесінен кейін жұмыссыз жүргендер қаншама, – деген Жеңіс Қасымбек аудан әкімдеріне екі айдың ішінде көрсеткішті жақсартуды тапсырды.

НЕСИЕ АЛ ДА, КӘСІП БАСТА!

 Облыста жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға ағымдағы жылы 1663 грант беру жоспарланған, оның ішінде 90 грант 100 АЕК (252,5 мың теңге), 1573 грант 200 АЕК (505 мың теңге) көлемінде. Қазірдің өзінде 1037 грант берілген.

Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева «Еңбек» бағдарламасы бойынша шағын несиеге 866, 5 миллион теңге бөлінгенін айтады. Айта кету керек, 52 шағын несие берген «Халық банкі» үздіктер қатарынан көрінсе, «Сбербанк» – 21, одан кейін «ForteBank» пен «АТФ» та бар. Бірақ, Қаражал қаласында бірде-бір кәсіпкер несие алмаған, Шахтинск қаласында небары біреу.

«Банктер ауылдық жерлердің кепілдерін місе тұтпайды» деп, несие алуда кенжелеп тұрған аудан әкімдерінің жұмысы екі айдан кейін тексерілетіні айтылып, халықпен жұмыс жасауға тапсырма берілді.

Ал, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов «ауылға бөлінетін несиенің дені мал алуға бағытталады» дейді. Одан кейін басымдық алатыны – өсімдік шаруашылығы. Қоғамдық тамақтану пункттері, ауыл шаруашылық техникасын сатып алу, қонақ үй кешендері, жүк тасымалы, қоғамдық моншалар да назардан тыс қалмаған. Несие алып, кәсібін бастағандар 209 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік алған.

ҚАСБЕТТЕР ЖӨНДЕЛІП, ЛИФТТЕР ЖАҢАРТЫЛАДЫ

 Тұрғын үй қатынастары туралы Заңға енгізілген өзгерістер аясында ғимараттардың қасбеттерін жөндеуде белсенді жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары кондоминиумның нысанын жөндеу және оған бюджет қаражатын алу үшін әрбір үйге жеке жинақ шотын ашуға мүмкіндік алады.

 – Егер бұрын біз облыстық бюджеттің ақшасын қасбетке жұмсай алмай, тұрғындардың есебінен жөндесек, енді оған облыстық және қалалық бюджеттен қаражат тартуға болады, – деп түсіндірді Жеңіс Қасымбек. – Қазір қала мен аудан әкімдіктеріне заңнамадағы өзгерістер бойынша тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.

Бұл бағыттағы жұмыстар келесі жылдан басталады. Қазірдің өзінде Қарағандыдағы проблемалық көшелер бойынша жұмыстар көлемі анықталуда. Аудан және қала әкімдеріне Жеңіс Қасымбек он күндік мерзімде қасбеттерді жөндеу бойынша өз жоспарларын ұсынуды тапсырды.

Сондай-ақ, аппарат кеңесінде қолданылу мерзімі өткен лифт жайы да айтылды. Облыста қазір 1341 лифт болса, олардың көпшілігі тозған.

– Облыста 361 лифт жұмыс істемейді – бұл өте көп. Сондықтан, алдағы екі жылда 186 жаңа лифт орнату мәселесі пысықталды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығымен кеңес өткізілді. Орталықпен бірлесе отырып, лифт шаруашылығын қалпына келтіруге 2 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлуді жоспарлап отырмыз. Жұмыстың операторы – Қарағанды облысының ТКШ дамыту орталығы, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

Мәлімет бойынша, келесі жылы Қарағандыда – 84, Теміртауда – 86, Балқашта – 3, Жезқазғанда – 4 лифт жаңартылады.

ЖАҢА МЕКТЕП БОЙ КӨТЕРЕДІ

Жезқазған қаласында келесі жылы Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылады. Бұл туралы да облыс әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Мектептің ашылуына рұқсат берілген, мектептің мазмұны мен оның білім сапасы осы мектептер желісіне сәйкес келетін болады. Сондай-ақ, Қарағандыда, Шет ауданында және Жезқазған маңындағы ауылдардың бірінде тағы үш мектептің құрылысы басталады.

– Келесі жылы 3-6 жасқа дейінгі балалардың барлығы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылады. Биыл бұл көрсеткіш 80 пайызға орындалды. Ендігі мақсат – қызмет сапасын арттырып, 2-6 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді қамту. Ал, 2020-2021 жылдары 2 жастағы балалар мектепке дейінгі мекемемен 100 пайыз қамтылады, – деген Жеңіс Махмұдұлы облыстың барлық өңірлерінде мемлекеттік тапсырыс нормативтен төмен екенін айтып, келесі жылы мемлекеттік тапсырыс көлемін республикада белгіленген межеге сәйкестендіруді тапсырды.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button