Жаңалықтар

Оңдасыновтың оралуы

Қарағандыдағы Достық үйін­де мемлекет жә­не қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов туралы «Биліктен биік тұлға» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қолдауымен түсірілген кинотуындының тұсаукесеріне фильм идеясының авторы, аталған қауымдастық Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек ТҰРЫС­БЕКОВ келіп қатысты.

Бәрімізге белгілі, Нұртас Оңдасынов – бар саналы ғұмырын ел игілігін еселеуге арнаған мемлекет қайраткері. 50 минуттық деректі фильмде Әлімхан Ермеков, Дінмұхамед Қонаев, Жұмабек Тәшенов сияқты алыптардың бейнелері көрініс беріп, пікірлері де келтірілген.

Нұртас Оңдасынов он үш жыл бойы аумалы-төкпелі заманның ауыртпалығын көтере жүре Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Үкімет басына келісімен, бірінші кезекте, елдегі сауатсыздықты жоюға бар күш-жігерін жұмсап, шалғай өңірлерде мұғалімдер даярлайтын курстар, арнайы училищелер, облыс орталықтарында мұғалімдер институттарын ашуға назар аударды.

– Бүгінде біз арғы-бергі тарихымызды ашық айтуымыз керек. Келешек ұрпаққа жеткізуіміз қажет. Бұл – аса маңызды міндет. Ұлт мүддесін биліктен биік қойған тұлға еліміздің мәдени-рухани саласының дамуына да ұшан-теңіз еңбек сіңірді. Сұрапыл соғыс жылдарында ұлы Абайдың 95 және 100 жылдық мерейтойларының аталып өтуіне жатпай-тұрмай атсалысты. Ол көрікті қалалардың бой көтеруімен қатар, шекарамызды тас-түйін белгілеп, жеріміздің бүтінделуіне барынша қызмет етті, – дейді Зауытбек Тұрысбеков.

Ардагер журналист Аман Жанғожиннің айтуынша, Нұртас Оңдасынов артына өшпес із, мол мұра қалдырды. Еңбектері өте көп. Үкіметтің жоспарына кірмесе де, халықтың қолдауымен Мойынты-Шу теміржолын салдырды.

Араб, парсы тілдерін жетік білген Нұр­тас Оңдасынов 1962 жылы зейнеткерлікке шыққан соң шығармашылықпен айналысты. 1969 жылы «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігін», 1974 жылы «Парсышақазақша түсіндірме сөздігін» жазып шыққан. Алматыдағы Абай ескерткішінің авторы, қазақтың тұңғыш мүсіншісі Хакімжан Наурызбаевтың қабілетін бала кезінен байқап, қамқорлық танытып, оқуына жағдай жасағанын айрықша атап өткен жөн. Академик Қаныш Сәтбаевтың Ғылым академиясының басшылығына келуіне де бірден-бір себепші болып, қазақ әдебиетінің ірі өкілдері – Фариза Оңғарсынова мен Әбіш Кекілбаевқа барынша қамқорлығын тигізді.

– Мұндай фильмдер бізге үлкен өнеге берді. Бұл деректі фильм жастардың тарихи тұлғалардан үлгі алуына жол ашады. Билік тарапынан қолға алынып, халықтың қошеметіне ие болған тағылымды дүниелер тарихи санамызды жаңғыртуға көмегін тигізеді. Ұлан-байтақ даламызды осы күнге аман жеткізген бабалардың алмастай өткір рухы қайта оянғандай күй кештім. Арзан эстрада елді мезі еткен тұста жастарды патриотизмге тәрбиелейтін дүниелер көп болса екен, – дейді Нәзира Баттина есімді көрермен.

 Фильм көрсетілімінен кейін сөз алған Зауытбек Тұрысбеков болашақта Әлімхан Ермеков, Жұмабек Тәшенов туралы деректі дүниелер ел назарына ұсынылатынын айтты.

Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Back to top button