Нобель сыйлығының азиялық баламасы бекітілуі мүмкін

Келешекте әдебиет бойынша Нобель сыйлығының құрлықтық баламасы – Үлкен Азия сыйлығы тағайындалуы мүмкін. Мұндай жаңалықты елордада өткелі жатқан Азия елдері қаламгерлерінің І форумы алдында Қазақстан Жазушылары одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл форумда үш жылда бір рет Азияның бір мемлекетінде осындай жиын өткізу туралы ұсыныс айтылады. Сонымен қоса, Азия кеңістігі өзінің Нобель сыйлығы сияқты – Үлкен Азия сыйлығын тағайындау мәселесі талқыланады. Бүгін эстафетаны бір елге беруіміз мүмкін», — деді Ұлықбек Есдәулет тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Ұлықбек Есдәулеттің айтуынша, әлем елдерінен келген ақын-жазушылар да бүгінгі форумда өз ұсыныстарын ортаға салады.

«Осы форумның қорытындысында екі томдық антология жарық көреді. Біз барлық қатысушылардың баяндамасын жинап, сегіз тілге аударамыз. Көркем шығармаларын жинап, антологияға қосу – екінші мәселе. Осы ғимаратқа кірген бетте Азия әдебиетінің көрмесі жасақталды. Азияның кітаптарының Қазақстан астанасының төрінде шоғырлануының өзі – Азия елдерінің ақын-жазушыларының ынтымағын, бірлігін аңғартады деп есептеймін», — деді Қазақстан Жазушылары одағының төрағасы.