Әннің ақберені

    Түстен кейін. Жұмыста отырғанмын. Есікті қағып, күтіп отырған ағайым имене басып, кабинетке кірді. Бірден таныдым. «Мені шақырған екенсіздер», – деп, жанымда отырған әріптесіме қарай беттеді. Орнымнан ұшып түрегеліп, «Аға, мен – сізді іздеген, отырыңыз», – деп, бәйек бола бастадым…

Ол кісі жайымен жаныма келіп, «Біздің ауылдың баласы екенсің ғой», – деді. Жү­регім елжіреп кетті. Шіркін, туыс, ауылдас, бауыр, аға деген қандай керемет! «Иә, аға, сіз екеуміз бір ауылданбыз. Мен Шәріпбай атаны көргенмін. Бірақ, сізді білмейді екенмін» деп, әкесін танитындығымды айт­тым. «Мен ауылдан ерте кеттім ғой» деді, ағай.

Анам марқұм Шәріпбай ата үйге келгенде үнемі менің туысым деп, құрақ ұшып қарсы алғанын бала күнімде көрген едім. Содан болар, ағайдың әкесін танитынымды айтып жатқаным.

Әуелден ағайым деп отырғаным – керемет дауыс иесі, тума талант Жанатай Әбіл­ханов. «Бұқатышқан» деп аталатын биік таудың баурайында орналасқан Аққора ауы­лында дүниеге келген. Бұл жер жазда, тіпті, әдемі. Ал, қыста ақ көрпесін жамылып, бұйығып жатады. Халқы сабырлы, шыдамды, қақ-соқпен ісі жоқ. Томаға тұйық ер мінезді жандар…

Міне, осындай ауылда 1954 жылы ақырған ақпанда Жанатай аға туған. Ауыл мектебінде 9 класқа дейін оқып, әрі қарай Қарқаралы қаласындағы №5 мектеп-интернатында оқуын жалғастырды. Жан дүниесін ән өнері жаулаған Жанатай аға мектеп қабырғасында жүргенде «Алатау» әнін орындап жүрді. «Сол жылдары интернатқа Ескендір Хасанғалиев пен Бәкір Тәжібаев келді. Қарқаралыға кіреберістегі елікті көріп, Ескендір ағамыз «Елігім еркем» әнін жазған болатын. Сол жолы осы әнді Ескендір Хасанғалиевпен бірге орындадым. Содан Ескендір ағамыз Алматыға шақырды. Бардым. Бірақ, ол кісіге жолығудың реті келмеді. Содан қайтып, Қарағанды дене тәрбиесі -педагогикалық институтының ән-күй факультетінде екі жыл оқып, әскерге кеттім», – деді ағамыз.

Музыканы ұлттық бояуымен түсіне бі­ле­тін, әнді бар нақышымен орындап, ән өнерінің табиғатына терең бойлап кеткен тума талант иесі Жанатай Әбілханов әскер­ден келісімен алғаш ашылып жатқан Талды ауданына келіп, 1977 жылы эстрадалық «Шолпан» ансамблін құрады. Түрлі үгіт-насихат топтарымен жүріп, малды ауылдарды аралап, концерт қояды. Қарағандыда Жақсыгелді Сейіловпен «Сағындым сені, сағындым еркем» әнін бірге шырқайды. Ту­ған жеріне арнаған «Аққора» деген әні бар. Ерекше дауыс иесі, дарынды, талантты ағамыз бүгінгі күніне қанағат дейді.

Қазақ әнінің киесін пір тұтып, ән өнерінің көкжиегін кеңейтіп, әуені мен сазын байыптап, әннің тереңіне бойлап, халықтың ықыласына бөленіп, бір кездері «Бір бала» әнімен тыңдармандарының жүрегін жау­лаған ағай бүгінде алпыстың асқарынан асып, зейнеткерлік жасқа жетті. Алпысты алқымдаған ағай мәз. «Жақында, бір жиында Руслан Нұрбайға жолықтым, амандасып, құшақтап тұрып, «Бір балам-ау, бір шалға айналыпсың-ау», – деді. Керемет риза болдым. Шайтан емеспін ғой. Шашқа ақ кірді, қарттық жасқа жеттім. Осы күнге жеткеніме тәубе деймін. Ең бастысы, Руслан інімнің мені ұмытпағандығы, менің маңдайымдағы жұлдызым «Бір бала» әнінің әлі есінде екендігіне ерекше қуанып, бір тебіреніп қалдым», – дейді. Бүгінде «Мені алысқа жібермеген Зура деген әйелім ғой» деп өзі қалжыңға айналдыратын жеңгемізбен бірге Айгүл, Айнұр, Айдана есімді балаларынан жиен сүйіп отырған жайы бар. Балаларының бәрі өнерге жақын. Ән де айтады, би де билейді.

Әңгіме аяғында Жанатай ағадан «Бір баланы» айтып беруін өтіндік. Әуелете жөнелді. Керемет дауыспен керемет әнге елткендікі ме, мен де:

«Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі,

Солар жайлы ағайын-жұрт, не білесің, сен осы?

Олар жайлы айтылмайды

биік-биік мінбеден,

Өйткені, олар – ақиқат пен шындық сөздің жебесі»,

деген өлең жолдарын айта жөнелгім келді. Бірақ, ағайдың даусындай дауыс жоқ. Жүрегімді қуаныш кернеп, есіктің сыртынан ән тыңдап тұрған әріптестеріме «…менің ағайым ғой» деп ерекше мақтанышпен айттым.

Сағыныш ӘБІЛОВА

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.