Ғибрат

Өнегелі өмір иесі

Бар саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне, жеткіншектерге сапалы білім беруге арнаған ұлағатты ұстаз, он бір немеренің сүйікті әжесі Бақыт ЖОЛДЫБАЕВА енді санаулы күннен кейін жеті белестің бел ортасы – 75 жасқа толады.

Ол – бұрынғы ыдыраған одақ пен бүгінгі тәуелсіз Қазақстандағы білім саласының үздігі, Ыбырай АЛТЫНСАРИН атындағы төсбелгінің иегері.

Сурет:автордан

Ойлап отырсам, Бақыт Тыныштықбайқызымен таныстығым қырық жылға жуықтап қалған екен.

Бұрынғы Жезқазған облыстық “Жезқазған туы” газетінде қызмет істейтін кезім. Қазіргідей мемлекеттік тапсырыстың шеңберімен шектелмей, қала-ауданға іссапарға шыққанда әр саланы қамтитын нақты тапсырмамен бір жұмаға бір-ақ жібереді. Шет ауданына шыққан сондай бір іссапарда үздік ұстаздың озық іс-тәжірибесі туралы жазуға тура келді. Аудандық оқу бөлімі әдіскерін қасыма қосып берді.

Мақала кейіпкері тұратын Шет кеңшарына тартып кеттік. Жолай әдіскер әңгіме тиегін ағытты. Болашақ мақала кейіпкері Бақыт Жолдыбаева Қарағанды педагогикалық институтының 1967 жылғы түлегі екенін білдім. Шәкірттері аудан, облысты былай қойғанда, республикалық пән сайысынан олжалы оралып жүрген көрінеді. Өзі — оқу-тәрбиеге қатысты бірнеше әдістемелік еңбектің авторы.

Бақыт апайдың мінезі ашық екен. Қылдырықтай қараторы келіншек ежелгі танысымен кездескендей сампылдай сөйлеп, ішібауырыма кіріп барады. “Қарға тамырлы қазақпыз ғой” деп руымды сұрауды да қағыс қалдырмады. “О, құда болып шықтың! Жассынбаймыз, төр өзіңдікі, жоғары шық!” деп бір мәз болып қалды. Ол дастарханнан одан кейін де талай дәм татудың сәті түсті. Сонда бір өзгермегені — Бәкеңнің табиғи мінезі.

Жұбайы Руслан ағай керісінше байсалды болып шықты. Көп сөзге жоқ, қоштағанын жылы жымиыспен білдіріп, әңгімеге орынсыз араласпай, отыра береді. Алайда, ар жағында алалық жоқтығы мейірімділік үйірілген иманды жүзінен аңғарылып тұрады. Бақыт апаймен бірге оқыған, екеуі де – математика маманы. Қос ұстаз зейнеткерлікке шыққанша бір мектепте табан аудармай жемісті еңбек етті. Қазір Руслан Ашықұлы Асайынов пен Бақыт Тыныштықбайқызы ел астанасында тұрады.

Жоғары білімді бес баласы: Найля, Нұрлан, Манас, Алпамыс, Мариям өмірден өз орнын тапқан. Арасында бизнеспен айналысатындары да бар. НұрСұлтан, Жезқазған, Сәтбаев қалаларынан “Бақытқұрылыс” құрылыс материалдары дүкені көзіңізге түссе, солар ашқан сауда нүктесі екеніне күмәніңіз болмасын. Анасының құрметіне солай атаған. Олар сонымен қатар, құс және мал шаруашылығымен де шұғылданады. Халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуді алдына мақсат етіп қойған.

Алды шетелде білім алып, тұрмыс құрып үлгерген он бір немересін өмірінің өзегіне айналдырған Бақыт апайдың ендігі арманы – шөберенің қолынан су ішу. Алла тағала тілегіңізге жеткізсін, ардақты апа!

Әлібек ӘБДІРАШ.

НҰР-СҰЛТАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button