Құн

Не керек, адамзаттың Абайы туған күні «Орталық Қазақстан» шықпайды. Мен оған кінәлі емеспін. Бір күн кешіктіріп (2016.11.08, №126) Абай атамыздың суреті мен көп адам оқып, жүрегіне тоқымаған өлеңін жарияладым. Сұрақ, сауал жауып кетті редакцияға. Осы өлеңде біз ұға алмаған мәселе бар. Өлеңнің түйінінен бастайын: «Онда оны алдайды, мұнда мұны, Жанын берсе, табылмас сөздің шыны. Алты жақсы жүз жылқы болған басы, Бір семіз ат болады оның құны».

Көп болып ойландық. Ананы-мынаны айттық, ешбір қисынға келтіре алмадым. Күні-түні миымнан шықпай қойды. Анығы бүгінгі заманымыздың күнде көріп жүрген шындығынан шыға келді. Алты адамдық ақылы бар, жүз жылқылық құны бар «мықтылар» бір семіз ат пара үшін Абай атамыздың алдына жығылған ғой. Бүгін ше? Тура солай болып тұр.

Қазір Ақыл мен ақша арбасып тұр. Бала күнімде әкеммен бірге қол шалғымен шөп шабамыз. Сонда көзбен көрген бір көрініс әлі есімнен кетпейді. Құйтақандай торғай ұшып жүрген. Бір мезгілде қанатын мың сан рет қағып, шырылдап, шырқырап тұрды да қалды аспанда. Бір сәтте жерге топ ете түсті. Жүгіріп бардым. Дәу жылан асайын деп жатыр торғайды. Әкем кигізген керзі етігіммен жыланның мойнын үздім. Торғай ұшып кетті. Көкке қарадым. Тап-таза екен.

Кім жеңеді? Ақыл ма, ақша ма?

Абай атам әулие ғой.

Мағауия СЕМБАЙ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.