Басты тақырыпНұра

Нұра науқанды бастады

Нұра ауданының диқандары астық жинауды бастап кетті. Аудан әкімі Ниқанбай ОМАРХАНОВ егіс алқаптарында болып, диқаншылармен кездесті.

Жалпы, Нұра ауданы бойынша егіс алқабы 232,2 мың гектарды құрады.

Орақ науқанына диқандар қауымы тас түйін дайын. 640 комбайн, 157 дестелеп жинағыш, қосынды қуаты тәулігіне 3,0 мың тонна болатын 6 астық кептіргіш сақадай сай. Қажетті дизель отынының әр литрі 87 теңгеден «ГАЗоіlПРОМ kz» серіктестігі арқылы қамтамасыз етілген.

Бүгінгі күндері сұлыны жығып жатырмыз. Гектарына 15 центнерден түсім түсуде. Ауа райына сенімділік аз, қазір құрғақ шағын пайдаланудамыз. Бүгін жығылған сұлы, араға екі-үш күн салып пісіп шыға келеді. Сол кезде дестелерді жинайтын арнайы комбайнмен жинап аламыз. Машина паркі толығымен жаңартылған. Сұлы, арпаны жинап болған шақта бидай алқаптарының алғашқы легі пісіп дайын тұрады. Араға бір жұма салып, астық алқаптарына да түсеміз. Күн райы қолдау көрсетсе, қыркүйек айының ортасына қарай астықты толығымен қамбалап үлгеруді жоспарлап отырмыз, – деді «Пржевальское» серіктестігінің директоры Ықсан Таттыбаев.

Нұра ауданының негізгі арқа сүйері – «Шахтерское», «Қайнар», «Пржевальское», «Жараспай», «Черниговское», «Нұр Астақ -2015», «Қарой» серіктестіктері. Астық алқабының 60-70 пайызы осы алыптардың еншісінде.

Жалпы, ауыл шаруашылығы бөлімінің болжамы бойынша қыркүйек айының алғашқы аптасында егін науқаны жаппай қарқын алмақ. Алғашқы түсіммен болжай алғанда, аудан бойынша орташа айналым жоқ дегенде гектарына 10-11 центнерден түсуі керек.

Қазіргі көздің жауын алып, толқып тұрған алқаптағы алтын дән қамбаға ысырапсыз тоғытылса, кім білед, Нұралық диқандар Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойын рекордтық көрсеткішпен қарсы алар.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

НҰРА ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button