Жаңалықтар

«Өмірде ақындардың бәрі – жалғыз…»

           «…Фариза! Фаризажан, Фариза-қыз» деп басталар жыр жолдарында осылай демеп пе еді мұзарт Мұқағали?! Десе де, жалғыздық Құдайға ғана жарасарын білген ұлтымыз кім-кімді болсын жұптап әкетуге үйір. Бұл түсінік – Мұқағалидың өзін айналып өтпепті. Мұқағалиды айтқанда Фаризаны қоса айтады. Фаризаны атаса – Мұқағалиды. Ал, келе-келе бұл тартылыс заңы халық қиялынан қанат қағып барып, сахнадан бірақ шығады десе не дер едіңіз? Сәрсенбілетіп К.Станиславский театрына тартып берген көрермен көкейінде де сол сауал.

Сахнада – «Фариза мен Мұқағали».

Сахнада – қазақ поэзиясының маңдайына біткен қайталанбас қос құбылыс…

Әлдене деп сөз саптамас бұрын, халық қиялына қанат бітірген – Мұқағалидың жоғарыда айтып өткен «Фаризаға» деп жазған жалғыз өлеңі болғанын мойындауымыз керек. Ақиқат алдында ақ сөйлейік. Ал, өлеңнің шарықтап барып әнге айналуы – оның биігі емей немене? Әлдебір кезде жамбылдық режиссер Оразхан Бодықов Мұқағали өмірінің соңғы кезеңіне арнап «Жан азабы» пьесасын жазбағанда (1987 жыл), онда Қуандық Қасымов Мұқағалидың бейнесін сомдап, 16 күн бойы «Фаризаны» 32 рет оқымағанда – Шәмшінің өзі батасын беріп, қойылым композиторы ретінде бекіген Әбиүрбек Тінәлиев «Фаризаны» әнге айналдырып, осы өлең осынша кең таралар ма еді дейсің… Әйтпегенде, халқымыз Мұқағалиды алып Фаризаға, Фаризаны алып Мұқағалиға телір ме еді деп топшылаған боласың. Қалай десең де, өмірін өлеңге айырбастаған қос шәйірді өлең шендестіріп барып тынғаны анық.

Кездейсоқтық па? Араға 31 жыл салып, кезінде 32 рет оқылған «Фаризаның» авторы сахнада енді кейіпкерімен табысып тұр. Өмір сахнасынан озып барып, өнер сахнасында қайта кезікті. Сахна – қайта табыстырды. Фариза мен Мұқағали. Тек, бұл жолы Оразхан Бодықов та, Қуандық Қасымов та, Әбиүрбек Тінәлиев те жоқ. Өзге туынды. Өзге авторлар. Өзге екен деп, миығыңнан қарата қояр демеңіз. Жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, атыраулық Рахымжан Отарбаевтың қолымен жазылып, қоюшы режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Астанадан жеткен Нұрлан Жұмания­зов сахналаған дүниені осал деп көріңіз! Дәтіңіз жетсе, әрине…

КОКП-ның XX съезінен кейінгі хрущевтік «жылымық» сталиндік кезеңнің келмеске кеткенін сездірсе де, атой салған ақындарға Кеңес үкіметі әлі де қырын қараумен келгені белгілі. 1960 жылы «Юность» журналында жарық көрген әдеби сыншы Станислав Рассадиннің «Алпысыншы жылғылар» (шестидесятники) атты мақаласы тұтас бір буынды таңбалап әкетті. Сондағы атағы аспандап тұрған «Алпысыншы жылғылар» қатарында Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенский, Белла Ахмадулина, Роберт Рождественский, Юнна Мориц тұр еді. Қамытқа мойынсұнбаған қайсар ақындар деп біледі бұларды қазіргі Ресей жұрты. Бұл ретте, саясаттың сойылын соқпай, «атағы аспандап тұрғандардың» сапында қазақ ақындары қайда дерсіз? Бар. Бар болғанда қандай?! Міне, осы алпысыншы жылғылар қатарынан ойып тұрып орын алар – Мұқағали мен Фариза! Қос шайырдың «жал сипатпас» асаулығы, өткірлігі мен өжеттігі – «жылымықтың» жалт еткен көрінісі деп ұғарсыз. Дегенмен, «жылымықтың» өзінде жылмаң қаққан жылпостар, сом талантқа соқтығар кемталанттар қаулап шыққаны бар. Тап күресі түгесіліп біткенімен, бақталастық басқа шығып тұрған кез. Мұқағали мен Фариза сынды бірегейлер бүтін бір ұлт поэзиясын өрге оздырып опық жеп жүргенде, бұл өлеңшілер партияның пәрменін жыр етіп, колхозы мен совхозын өлеңге айналдырды. Сонысымен де Мұқағали мен Фаризаға жақпады. Сонысымен де Мұқағали мен Фаризаны жақтырмады…

Жақтырмаған аздай, «холтурщигіңнің» біреуі Мұқағалимен бір палатада жатыр. Пьесаны айтып отырмыз. Ақынға ауру азабымен бірге, өмірінде қатар отырмас өлеңшімен бір палатада жату азабын тартқызған режиссер шеберлігіне таңдайқағыстық. Комбайн мен сауыншыны жырлаған «механизатор-ақының» тек жатпай, гөйітіп тұрып жазады. Гөй-гөйлеп тұрып Мұқағали алдында өлең оқығысы келеді. Ақын тартқан азапты бұдан артық қалай жеткізуге болады екен? «Жіпсіз байланып, мақтамен бауыздалғанның» кері. Санаулы күні қалғанда сандырақтаған біреудің жолығып, сандалтуын көрмеймісің? Ол аз дегендей, жата кеп жармасып, «шығармашылық кешіне» шақырғанын қайтерсің… Алжастыруға шақ қалдырмаса жарар еді. Бәлкім алжасып та кетер ме еді? Фариза келмегенде. Жалғанда тапқан жалғыз жанашыры, рухани серігі жетпегенде. Әлдекімдерден ақын жырын арашалап алатын да, айбынын қорғаштап қалатын да Фариза! Морт сынған мұзарт ақынның қасында тұрып, «Жұрт маған неге жауықты?», Деп өзің босқа кішірме. Талантты болу қауіпті. Талантсыздардың ішінде» деп толғай жөнелетін де Фариза! Ақын Фариза… Қос құбылыстың арасындағы осынау сыйластық пьесаның өзегіне айналып шыға келді!

К.Станиславский театрында сахналанды демесеңіз, қатысушылар кілең С.Сейфуллин театрының артистері. Қай-қайсы болмасын, сол дәуірде ғұмыр кешкен адамдардың жүріс-тұрысын, мінезін, партия алаулатып, жалаулатқан ғасыр бейнесін, кейіпкерінің ішкі болмысын барынша нанымды жеткізуге тырысқан. Әлдеқандай фальш, әлдебір сенімсіздік көре алмадық. Десе де, Мұқағали рөлін Қайрат Кемаловқа ұсыну жөн болар ма деген ой да қылаң бергенін жасырмайық. Бұлай дей отырып, ақын образын сахнаға алып шыққан артисті айыптаудан аулақпыз. Бұл – Кемаловтың кең пішілген болмысы, фактурасы, бойы, өзгеге бергісіз қоңыр дауысы ақын образына дәлме-дәл келер ме еді деген пікір ғана. Бұдан бірер жыл бұрын Кемалов С.Сейфуллин театрында бірнеше ақынның өлеңін оқып, шағын қойылым қойғаны есімізде. Қателеспесек, арасында Мұқағали өлеңдері де бар еді. Сол образы көз алдымызда тұрды да қойды. Әттеген-айы сол ғана…

..Демін ішке тартып отырған көзі қарақты көрермен өре түрегеліп, қошеметі құлақ тұндырып бара жатқанда сахна ортасына Фаризаны қалдырып, Мұқағали да қалың артистің арасына сіңіп бара жатқан еді. Артист емес-ау, халықтың жүрегіне сіңіп бара жатқан болар. «Фариза! Фаризажан, Фариза-қыз…» деп әуендетіп әкеткен қойылым қатысушылары ма, жоқ көрермен бе еді? Ажыратып көріңіз. Әсілі, қосыла кеп боздаса керек.

«…Фариза!

Фаризажан, Фариза-қыз,

Өмірде ақындардың бәрі – жалғыз»

Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Суретті түсірген Д.Кузмичев.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button