Мерейтойдағы мерейлі іс

Теміртаудың қала мәртебесін алғанына 74 жыл толды. Атаулы күнге орай, құрыш қалада бірқатар айтулы шаралар өтті. Металлургтер мекенінің тұрғындарын “Жұлдыз2019” эстрадалық ән орындаушы республикалық конкурсының қатысушылары құттықтап, екі күн бойы қаланы ән әуеніне бөледі. Мәдениет сарайында “Қазақ хандығы: Алтын тақ” фильмі көрсетіліп, жастар киноның бас кейіпкері Қайрат Кемаловпен кездесті. Бұдан бөлек, басқа да маңызды кездесулер, мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Толығырақ тоқталсақ…

Тағылымы мол тарихи фильм

Мәдениет сарайы көрерменге лық толы. Фильмді тамашалауға келгендердің дені – жастар. Ертең елдің тізгінін ұстайтын азаматтардың мемлекет тарихы баяндалатын фильмге қызығушылық танытып, көрсетілімге келуі  көңіл қуантады екен.

Хош, сонымен залдың жарығы сөніп, елдің назары экранға ауды. Бір сәтке бүкіл дүниені ұмыт қалдырып, Қазақ хандығы енді құрылып жатқан алмағайып заманға тап болғандай әсерге бөлендік. Алты Алаштың баласын бір тудың астына жисам, еңсесі тік, шаңырағы биік ел етсем деген Керей ханның арманына үн қосып, Жәнібек хан, Қасым мен Бұрындық сұлтандардың ерлігіне сүйсіндік.

Бұл – «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмінің жалғасы. Он сериядан тұратын бірінші фильмде Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр Шайбаниден бөлініп, өз алдына бөлек отау құрған сәт баяндалады ғой. Ал, «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмінде оқиға әрі қарай өрбіп, жан-жағынан дұшпан пиғылды елдер қаумалаған қазақ елінің қажыр-қайраты көрсетіледі. Әйел баласының ер адамға деген ынтызарлығы, нәзік махаббат пен адалдық, баланың анаға деген құрметі, сертке адалдығы әдемі үйлесім тапқан. Әрине, кейбір сәттерде тарихи дәлдіктен ауытқып кететін тұстары бар. Бірақ, бұл – көркем фильм. Сондықтан, ондай тұстарға айрықша тоқталып, сөз етудің реті жоқ. Егер тарихи реттілік сақталса, оның көркемдігі жоғалып, деректі фильмге айналып кетері анық.

Картина Әбілқайыр ханның қол жинап, Қазақ ордасын шабуға аттанған сәтінен бастап шиеленісе түседі. Әсіресе, қара Қыпшақ Қобыландының қалың қолмен майдан даласына келу сәті әсерлі шыққан. Бір замандарда Әбілқайырдың сенімді серігі, таңдаулы әскері басы болған батыр қай тарапқа шығады? Кімнің сойылын соғады?

Қалың қазақ түбі бір Қобыландының туысына қарсы шаппасына сенімді. Бірақ, Әбілқайыр да Қобыландың қолдауынан үмітті. Ақжол биді қапыда өлтіріп, туысқан елдің арасына от жаққандықтан Қобыланды батыр жұртқа қосылмай, кісікиіктеніп жүретін еді. Әрі, соғысқа аттанбас бұрын Әбілқайыр Қобыландыға арнайы жаушы жіберіп, әскерін бастап шығуға шақырған болатын. Сондықтан да, Қобыланды батыр қолы көрінгенде шайбанилер ерекше қуанып-ақ қалды. Бірақ, бір-бірін аямасқа серт беріп, шеп құрған қос әскердің ортасын көктей өткен Қобыланды соңына ерген қалың әскерімен қазақ сұлтандарының жағына шығып кетті. Мұны шайбанилер әуелі сатқындыққа баласа, Керей хан «Адасқанның айыбы жоқ, қайтіп үйірін тапқан соң» деп Қобыландының бір кездегі кемшілігіне кешіріммен қарады. Бұл кезде дұшпандық пейілде пайда болмасын түсінген Арғын мен Қыпшақ елі ақ биені құрбандыққа шалып, ежелгі кекті ұмытып үлгерген еді.

Картинада Әбілқайыр ханның өлімі де әсерлі суреттелген. Бір-біріне найза кезеніп, қылыштарын қыннан шығарған қалың әскер бұрын бір қырдың етегін паналап, қойы қоралас, малы аралас жатқан ел еді. Арасында нағашы-жиен, құда болып туысатындары да көп. Тек, тағдырдың жазуы, хандардың қалауымен дұшпан атанып, қарсылас болып қалған. Олар шынымен бір-бірін өлімге қия ала ма? Осындай ауыр сәтте Шайбан шаһ бұл жалғанды тастап, мәңгілік мекенге аттанып кете барды. Уақытша бітім жасалып, бекінген әскер кері шегінді. Олардың тағдырына алаңдап отырған көрерменнің иығынан ауыр жүк түскендей болды осы кезде.

Жалпы картинада ел бірлігі, туысқандар арасындағы бауырмалдық насихатталады. Жәнібек ханның ұлы Қасым сұлтан Әбілхайыр ханның сүйікті немересі, өзінің туған бөлесі Мұхамед Шайбанимен бірнеше мәрте бетпе-бет келді. Екеуі аналарының алдында бір-бірінің қанын төкпеуге серт берген болатын. Бірақ, тағдырдың жазуын қарасаңшы, туған бөлелер мемлекет мүддесі жолында жау атанды. Бірі, ордасын енді тігіп, азаттыққа ұмтылған қазақ елінің сұлтаны, болашақ ханы. Екіншісі, сол азаттық аңсаған халықты бодандық қамытында ұстауға ниетті ханның тақ мұрагері. Қайтпек керек? Қасым сұлтан айқаста бөлесінен басым түсіп, басын алуға сан мәрте мүмкіндігі болса да, кешірім берді. Анасына берген сертінде тұрып, туысқанының қанын төкпей, мәрттік жасады. Бұл да жауынгер халықтың қанына сіңген асыл қасиеттің бірі ғой.

Көрермен ықыласы

Қалың көрермен картинаның әр сәтін қалт жібермей, кейіпкерлермен бірге қуанып, бірге мұңайды. Керей хан ту сыртынан тиген оқтан қапыда мерт болған сәтте кинозалды ауыр мұң басқандай болды. Қазақ ханының соңғы аманаты бойынша ел Жәнібек сұлтанды ақ киізге көтеріп, хан сайлады. Бұл Қазақ хандығының тарихындағы жаңа парақтың ашылған сәті еді. Кино аяқталған соң көрермендер ұзақ уақыт алақан соғып, шығармашылық ұжымға, орталарында отырған фильмнің бас кейіпкері Керей ханды сомдаған Қайрат Кемаловқа қошемет білдірді. Өз кезегінде қала басшысы Ғалым Әшімов актерге алғыс білдіріп, естелік сыйлық табыстады.

  • Теміртау қаласының 74 жылдық мерейтойы аясында жаңадан шыққан көркем фильм – «Қазақ хандығы. Алтын тақ» картинасын тамашаладық. Теміртаулықтарды мерейлі жасымен құттықтап осы фильмде басты рөлді сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов келіп отыр. Қала халқының атынан алғыс айтқым келеді, – деді қала әкімі Ғалым Әшімов.

Өз кезегінде Қайрат Кемалов көрермендердің ыстық ықыласына ризашылығын білдіріп, киноның түсірілім барысы туралы аз-кем естеліктерімен де бөлісіп өтті. Айтуынша, фильмде басты рөлді сомдаймын деп мүлдем ойламаған екен. Театрдағы өнерін тамашалап, жоғары бағалаған түсірілім ұжымы оны Керей хан рөлін сомдауға шақырған.

  • Керей ханды сомдау оңай болған жоқ. Көз үйренген ХХ ғасырдың адамы болса кішкене жеңілдеу болар еді. Бұл – сонау ХV ғасыр баяндалатын фильм. Алтын Орда күйреп, қазақ руларының басы енді ғана біріге бастаған тұс. Адамдардың дүниетанымы да бөлек. Сондықтан да, көп іздендім. Түрлі тарихи еңбектерді оқып, образды ашуға, сол дәуірдің психологиясын түсінуге ұмтылдым, — дейді Қайрат Кемалов.

Картина көрермен қауымның көңілінен шыққанын айттық. Әсем есімді бойжеткен Ілияс Есенберлиннің “Алмас қылыш” кітабын оқыған екен. Қазақ хандығының құрылу кезеңіндегі алмағайып заманның қым-қиғаш оқиғаларын кітаптан біледі. Ол «Қазақ хандығы» фильмінің жарыққа шыққаны жаңалықтардан білген. Бірақ, жайланып отырып көрудің сәті енді келіпті. Енді «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмін көруге ниеттеніп отыр. Ал, Теміртау жоғары политехникалық колледжінің студенті Бақыт Ерлан картинадан ерекше рухтанғанын айтты.

  • Ерекше фильм. Актерлер барынша шынайы ойнаған. Сендіре білді. Әсіресе, қазақ елінің келеші сынға түскен сәттер, жекпе-жектер адамды рухтандырады. Фильмнің алғашқы бөлімі “Алмас қылышты” үйде көрген едім. Жалғасын үлкен залда тамашалаудың сәті түсті. Айырмашылық бар. Үлкен залда киноның әсері де басқаша болады ғой,дейді Бақыт Ерлан.

Теміртау – шаттық мекені

Қала күнін кең көлемде атап өту – қалыптасқан дәстүр. Биыл да, сол ғұрыпқа сай Тұңғыш Президент атындағы тарихи-мәдени орталықтың іргесіндегі «Бірлік» алаңында гала-концерт ұйымдастырылды. Оған жергілікті өнерпаздармен бірге «Жұлдыз-2019» эстрадалық ән орындаушылары республикалық байқауының финалистері қатысып, құрыш қаланың түнгі аспанын әсем әнге бөледі.

Алғашқы қазақстандық болаттың – 75 жылдығы мен Теміртау қаласының 74 жылдық мерейтойының құрметіне ұйымдастырылған салтанатты кеш қала әкімі Ғалым Әшімовтың жалынды сөзімен ашылды.

  • Осыдан 74 жыл бұрын біздің қаламыздың іргетасы қаланды. Бұл көп те емес, аз да емес. Бірақ, осы жылдарға Теміртаудың тарихы, аса маңызды оқиғалар легі кіріп отыр. Біздің қаламызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еңбек жолын бастаған. Теміртауда алғашқы қазақстандық болат қорытылды. Бұлбіздің мақтанышымыз. Барша теміртаулықтарды, әр отбасын төл мерекемізбен құттықтаймын,деді қала басшысы.

Алаңға жиналған жұрттың жүзінде шаттық, көздерінде шуақ бар. Қала күні – теміртаулықтар үшін отбасылық мерекеге айналып үлгергелі қай заман. Баласын ерткен ата-ана, құрбы-құрдасымен әзілі жарасқан бозбалалар, жастық шақта иық тірестіріп бірге еңбек еткен, бүгінде ұрпаққа үлгі болып жүрген зейнеткерлер… Олардың бәрі – бүгінгі бейбіт өмірдің бақытты өкілдері.

Қала күні құрметіне ұйымдастырылған гала-концерт барысында «Жұлдыз – 2019» эстрадалық ән орындаушылары республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды. Тыңдармандардың зор қошеметіне бөленген жас өнерпаздар теміртаулықтарды төл мерекелерімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Салтанатты шара мерекелік отшашумен түйінделді.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

Ortalyq Qazaqstan”