Жаңалықтар

Мемлекеттік қызмет көрсету – жаңа деңгейде

Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласының бір қыры – «Архив-2025» бағдарламасы тарих қойнауына назар аудартып, архив саласына жете көңіл бөлуге жетелейді. Бұл бағдарлама архивтің маңыздылығын арттырып, архив қорын сақтау мен байыту жайына қатысты жаңаша көзқарас пен жаңа серпіліс әкелді. Архивті сақтау, оны түгендеу өркениетті елдердің үрдісі екеніне мән беріле бастады.

Қазіргі кезде Ұлттық архив ісін заман талабына сай, халық сұранысын қанағаттандыратындай деңгейде жаңаша құру қолға алынып жатыр. «Архив-2025» бағдарламасының аясында архив ісін халықаралық дәрежеге көтеру бойынша алғашқы қадамдар жасалуда.

Архив құжаттарының тарихи және заңды дерек ретінде Қазақ­станның әлеуметтік, экономикалық және саяси дамуына тигізер әсері мол. Өйткені, өткен тарихи кезеңдерді зерттеп білу үшін архив құжаттарына сүйенеміз.

Архив қызметінің бір саласы – мемлекеттік көрсетілетін қызметтер. Заң талабына сәйкес, елімізде халыққа қызмет көрсету жетілдіріліп, жылдан жылға жақсарып келеді. Бүгінгі күні заман сұранысына сай жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметті орталықтандыру, қызметті алушының құжаттарды жинау мен дайындауға барынша аз қатысуын және көрсетілетін қызметті берушілермен тікелей байланысын шектеуді көздейтін «Бір терезе» қағидаты іске қосылған.

Биыл құрылғанына 25 жыл толған «Қарағанды облысының ғылыми-техникалық құжаттамалар жөніндегі мемлекеттік архиві» қызметкерлері тарапынан мемлекеттік көрсетілетін қызметтер ҚР «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңының негізгі қағидаттарына сәйкес көрсетілуде. Бұл архивтің басқа мемлекеттік архивтерден ерекшелігі – сақтаудағы қорларының мазмұнының әртүрлілігінде. Кеңес дәуірінде жұмыс істеген ірі кәсіпорындар мен ірі ғылыми-техникалық мекемелер, шахталар, зерттеу институттары еңбекшілерінің жеке құжаттары мен басқарма құжаттары ғана емес, ғылыми-жобалау, зерттеу, сызба, авторлық куәліктер, техникалық құжаттары және тағы басқалары осы архивте тұрақты сақталуда. Алыс-жақын шетелдерден, республиканың әр аймағынан келіп түсетін түрлі мазмұндағы сұраныстарға уақытында әрі сапалы жауап беріледі.

Архив қызметкерлері көрсетілетін қызметті алушылардың тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша қандай да бір кемсітушіліксіз теңдей қол жеткізілуіне қызмет етуде. Сонымен қатар, қызметтер көрсетудегі есеп берушілік және ашықтық сақталады.

Енді жеке адамдар өз сұраныстарына жауап алу үшін құжаттарын арқалап, архивтерді іздеп әуре болмайды. Тек электрондық санды қолтаңбасын қолданып, халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тапсырыс береді немесе ғаламтор арқылы «Egov» бағдарламасына кіріп, өтініш бере алады. Бірақ, «Egov» бағдарламасы арқылы халықтан келіп түсетін ақпараттар ішінде қате деректер өте жиі кездеседі. Сондықтан, өтініш толтыру кезіндегі сауаттылық архив қызметкерлері жұмысының нәтижелілігіне тікелей әсер етеді.

Архив қызметкерлері қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне жете мән береді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтер көрсетуде білімі мен біліктілігін жетілдіріп отыру талабы жүйелі жолға қойылған.

Қызметкерлердің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер көрсету, жаңа үлгідегі бағдарламаларды меңгеруі мақсатында білім жетілдіру институтында кезең-кезеңімен ақылы курстан өтуі жоспарға қойылған.

Мемлекеттік архив қорларының құжаттарында көрініс тапқан көпғасырлық тарих деректері Тәуелсіз Отанымыздың қалыптасуы мен дамуын бейнелейтін баға жетпес құжаттар ретінде халық игілігіне қызмет етуде.

Нұрбәтима НАМАЗБАЕВА,

жоғары санатты архивші.

Басқа материалдар

Back to top button