Бас тақырып

Мазаны алған мал ұрлығы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке мал ұрлаушыларға жазаны күшейтуді тапсырды. Президенттің Twitter парақшасындағы бұл тапсырма – мақаланың негізгі тақырыбы. Өйткені, мал – ауыл халқының күн көрісі, нәпақа, берекесі. Ол азық қана емес бүгінгі күні нағыз табыс көзінің өзі. Нарықтағы еттің бағасы қымбаттаған сайын, мал басының өз құны да бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда өскен. Осы орайда оңай жолмен олжалы болғысы келетіндердің де қатары артып келеді. Яғни, өзгенің өрісіндегі түлікке барымташылардың көз тігуі өршіп тұр.

«ҚАЗАҚТЫҢ МІНІ – МАЛ ҰРЛЫҒЫ»

– Иә, балама тілде – «екіаяқты қасқырлар». «Малым – жанымның, жаным – арымның садақасы» деп отырған ауылдағы ағайынның берекесін қашырып, жылқысын үйірімен жоқ қылатын осы әккілер. Әрине, біз айла-тәсілдерін біле бермеспіз. Дегенмен, бұл мақала мал баққан елдің сабырын қайтарып, күмәнін сейілтпесе де, сақтыққа шақырады деген ойдамыз.

«Сайда саны, құмда ізі қалмай, ұшты-қилы жоғалып кетіп жатқан ұрлық малдар мен ұстатпай жүрген ұрылар шынында қайда жүр?» деген сауалымызды облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Алмаз Жақаевқа қойдық. Оның айтуынша, соңғы жылдары мал ұрлығы үлкен мәселеге айналған. Мәселен, қолдағы мәліметтерге сүйенсек, биылғы жылдың қорытындысы бойынша 194 мал ұрлығы тіркелген, яғни, былтырғы жылмен салыстырғанда 26%-ға жоғары. (154-тен – 194-ке). Алайда, қылмысты ашу көрсеткіші де 4,2%-ға жоғарылаған. Бұл – тергеу жұмыстарының жемісті нәтижесі. Десе де, «көп жүрген жыланның аяғы көрінеді» демекші, ұрының ұзаққа баруы екіталай…

Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері мал ұрлаумен айналысатын 6 қылмыстық топ құрықталған. Олар 2013 жылдан бері облыс көлемінде және көршілес Павлодар облысының жылқы және сиыр малдарын жымқырған. Шамамен осы уақыт ішінде 200 жылқы және 30 сиыр малын саудалап үлгерген.

Арыздар мен шағымдардың көрсеткішіне сүйенсек, биылғы жылы жалпы 1326 мал қолды болған. Олардың ішінде 628 жылқы, 427 ірі қара мал, 262 ұсақ мал. Жұмыс нәтижелі болғандықтан, 605 мал иелеріне қайтарылған.

Малдың қолды болуына да өзіміз мүмкіндік береді екенбіз. Қазір нағыз науқанның уақыты. Жаз бойы жылқыны сауын үшін ұстаймыз да, дәл қазір еркіне жібереміз. Қысқа қамданыс, жемшөп, отын-су қамдаудың өзі мал түгендеуге мойын бұрғыза қоймайды. Қол байлайды. «Мына төбенің тұсында жүрген шығар» деп, өзімізді өзіміз сендіреміз де, жағамыз жайлауда жатады. Орнында болмаса, сабылып 2-3 күн іздеп уақытты жоғалтамыз. Содан құқық қорғау органдарына шағымданғанша ұры да ізін суытып үлгереді.

Бұрынырақта, мынадай бір оқиғаны құлағым шалып қалғаным бар. Осыдан он шақты жыл бұрын бірнеше ауданның жылқыларын үйір-үйірімен айдап, ізін суытып жүрген қылмыстық топ пайда болған. Қанша жылдан бері қолға түсіре алмаған. Ойлағандарын жүзеге асырған соң, ізім-қайым жоқ болатын көрінеді.

Сол топ кезекті қылмыстық істеріне кіріскен. Үйір жылқыны жайылымынан ұзатып алып шығып, жүк көлігіне тиеп жатқан болуы керек, бір байтал ұрылардың ырқына көнбей, зытып шыққан. Артынан шайтанарба (мотоцикл) мен аттылы адамдар қуып бақса да, жануар жеткізбепті-мыс. Содан үйірінен айырылған жануар жобалап отырып, үйіне жетіпті. Күз айларының бірі екен. Үй иесі жануардың ізін барлаған күйі талайды қан қақсатқан ұрылардың үстінен түсіпті.

 Не десек те, Абай атамыз «қазақтың міні – мал ұрлығы» деп өз заманында дөп басып айтса да, өкінішке орай, қылмыстың бұл түрі азаяр емес.

МАЛДЫ ҚАЛАЙ САУДАЛАЙДЫ?

Рас. Қазір мал тұрмақ, үйдегі иттің де төлқұжаты бар. Құжатсыз қимылдай алмайсыз. Саудалайтын тауарыңыздың құжаты болмаса – құны да төмен. Ал, ұрлық малды қалай саудалайды деген сұрақ баршамызды ойландырады. Оның құжаты қайда? Мемлекеттік базаға тіркелген бе? Егер, сойып сатар болса, оның анықтама құжаты қайсы? Мал сою бекетінде басылған мөрі қайда? Бұл мәселелерге де қылмыстық істерді мысал ете кетейік.

Жеңіс (есімі өзгертілген) есімді ақсақалдың өткен жылдың желтоқсанында жеті бас жылқысы жоғалған. Ауылдан ұзап кете қоймайтынын біліп, қолды болғанын сезеді де, тиісті органдарға шағымданады. Содан 4 ай ізіне түседі екен. Тергеушілер Жезқазған, Қызылорда, Шымкентті шарлайды. Ақыры Жетісай қаласының маңындағы мал бордақылайтын цехтан табылады. Анығында, терісі табылған. «Ш» деген таңбадан аңғарады. 3-4 бас. Қалғаны бұл жаққа жеткенше сойылып сатылған болып шығады. Көп ұзамай күдіктілер де қолға түседі. Сөйтсе, ұры алыстан келмепті, ауылының азаматтары екен. Қаладан арнайы «ГАЗель» көлігін жалдап, тиеп жіберген. Оны оңтүстіктің саудагер жігіттері арзан бағаға алған көрінеді.

Қысқасы бұл қылмыстың белең алуына алыпсатарлар жол ашып беріп тұр.

Ал, “сойылып сатылған күннің өзінде анықтама құжатын қажет етпей ме?” дегенге келсек, ол былай…

Қаражал, Жаңаарқа, Нұра аудандарының жылқысын ұрлады деген күдікпен тағы бір қылмыстық топ қолға түскен. Олар малды тірідей Түркістан қаласында өткізген, сойып та саудалаған. Еш қамсыз сойған себебі, Жезқазған қаласындағы ветеринарлық дәрігер мал сою бекетінде сойылды деген жалған құжат жасап берген. Бұл шамамен, 200-дей жылқының саудалануына сеп болған. Әлі де тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Бұл қылмыстың тағы бір көзі – «Арай» базарындағы алыпсатарлардың бей-берекет саудасы екенін айтады құқық қорғау органының өкілі. Яғни, олар ешқандай құжатты қажет етпейді. Сол себепті, құны да төмен. Бұл мәселеге қатысты тергеу жұмыстары әлі де жүргізілуде.

«ҰСТАЛМАҒАН ҰРЫ ЕМЕС»

Аталмыш қылмыспен күресудегі тағы бір күрделі мәселе, қылмыскерлерді қолға түсіруде шұғыл-іздестіру шаралары ұйымдастырылып, оған полицияның бірқатар күш-құрылымдары жұмсалып, қылмыс енді ашылды дегенде, жәбірленушілер арыздарын қайтып алып немесе келтірілген шығын жөнінде алдыңғы жауаптарын өзгертіп, бүкіл тергеу жұмысын жоққа шығарады екен.

Былтыр Шет ауданына қарасты бір ауылдың азаматтары көрші ауылдастарының үйіріне көзі түскен. Яғни, 3 жігіт 36 жылқыны қолды қылған. Іргелес, көршілес болған соң және малын түгендеп бергеннен кейін кешірім еткен.

«Мұндай мәселе бізде жиі кездеседі. Жалпы қылмысты жасайтын да, ашатын да – халық. Ұры анықталған соң, кешірімге барады. Шөбімізді өртеп, өзімізге қастандық жасар деген үреймен қаймығады. Ал, бір дәндеп алған ұры бір жыл тыныш жүрер, одан кейін әдетіне қайта басады. Ол жазадан құтылу үшін шыққан шығынның, жалдаған адвокаттарының қаржысын қайта өндіру үшін байырғы әдетіне көшеді» – дейді Алмаз Жақаев.

Жақында сиыр малын ұрлады деген күдікпен қылмыстық топ қолға түскен. Яғни, сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүріп жатыр. Олар 17 адамның малын ұрлаған. Жәбірленушілердің қорасы ашық болғандықтан түн ортасында 1-2 сиырдан жетектеп, 500-600 метр ұзағаннан кейін, малды бауыздап, ішек-қарнын далаға лақтырып, көліктеріне тиеп алып кете берген. Ұрлық мал құжат талап етпейтін «Арай» базарына өткізілген.

«САҚТЫҚТА ҚОРЛЫҚ ЖОҚ»

«Сақтансаң – сақтаймын деген». Бүгінгі таңда қолданыстағы «чиптің» көмегі мол дейді мамандар. Бағасы түрлеріне қарай – 70, 80 мың теңге. Үйіріңіздегі айғырдың немесе бас білетін жылқының мойнына трекер арқылы орнату қажет. Сосын ұялы телефоныңызға қосымшасын жүктеп, картаның көмегімен қайда жүргенінен хабардар боласыз.

«Көбісі, қымбатсынып, мақұл көрмейді. Десек те, біраз шаруа қожалығының иелері игіліктеріне жаратуда. Құрылғы арқылы мал ұрлаған қылмыскерлерді ұстау оңайға соғады», – дейді Алмаз Жақаев.

 Ұры айтып келмейді. Қораңызға құлып салғанды әдетке айналдырған жөн. «Ел ішіндеміз ғой» деген жалған сенімнен арылған абзал. Жоғарыдағы сиыр малын ұрлаған қылмыскерлердің фактісі бұл сөзімізге айғақ.

Қорытындылайық. Дәл соғым уақытында сан соғатындар саны қаншама. Жалпы – бізде ғана емес, еліміздің барлық өңірлерінде науқанның нақ өзі қазір. Қылмыстық кодекстің 188 бабы, 4 тармағы бойынша мал ұрлығы үшін қылмыскерді 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Қылмыстың өтеуі – жаза. Жаза қатаңдап, қылмыскер саны азайса игі еді…

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button