Майдангер ұстаз

Биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл толады. Менің жасым 77-де, яғни, осы мерекемен бірге жасап келемін. Кейінгі буын соғысты кітап пен кинодан ғана білсе, мен алапат майдан азабын басынан өткергендерді көзіммен көріп, әңгімелеріне қаныққан жанмын. Солардың бірегейі Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Ілияс ҚҰСАЙЫНОВ еді.

Жуырда майдангер ұстаз 30 жылға жуық басшылық жасаған Жезді мектеп-интернаты ғимаратына ескерткіш тақта орнату, Ұлытау ауданы әкімінің пәрменімен оқу процесі ережелерін үздік іске асырушы мектеп директорларына І.Құсайынов атындағы «Ауданның үздік мектеп директоры» атағын беру, сол кісі туралы естелік кітап шығару, аталған білім ошағында мектеп музейін қалыптастыру және басқа да осытектес игі істердің қолға алынғанын естіп, марқайып қалдым. Осы бағытта тынымсыз әрекет етіп жүрген мемлекеттік қызмет ардагері, Қаржы қызметінің үздігі, бірнеше тарихидеректі публицистикалық туындылардың авторы Сәттібек Қорғанбековке қарияға тән пейілмен риясыз алғысымды айттым.

Ілияс Құсайынов соғыстан оралғаннан кейін Байқоңыр ауылындағы мектепте сабақ беріп, кейін Жезді, Қарсақбай кенттеріндегі орта мектептердің директоры болды. Жезқазған, Жезді аудандық оқу бөлімдерінің басшысы қызметін атқарды. 1967-1997 жылдары Жезді мектепинтернатының директоры болған кезеңі – оның өмірбаянының алтын әріптермен жазылатын тұсы.

Мен институтты 1965 жылы тәмамдап, облыстық оқу басқармасынан Байқоңыр мектебіне физика-математика пәнінен сабақ беруге жолдама алдым. Жезді аудандық оқу бөліміне келдім, бөлім меңгерушісі Ілекең – ашаң жүзді, сұңғақ бойлы кісі. Жолдаманы көрсеттім. «Сен туралы естідім. Өткен қыста Қарсақбай орта мектебінде өндірістік тәжірибеден өтіпсің, директордың пікірі өте жақсы. Байқоңырға жібермеймін, Жезді мен Қарсақбайдың бірін таңда», – деді. «Үйреншікті Қарсақбайыма жіберіңіз» дедім мен. Ілияс ағай қолма-қол бұйрық шығарып, мөр басып, жолдамамен бірге қолыма ұстатты. Мәселені жедел шешіп, шұғыл қимылдайтын қасиетіне тәнті болдым, әрі өте қарапайым, менмендігі жоқ, іскер басшы екен деп ой түйдім. Содан 1970 жылдың жазына дейін Қарсақбай орта мектебінде мұғалім болып, аудандық оқу бөлімі әдістемелік бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалдым. Кейде оқу бөлімі меңгерушісі міндетін уақытша атқарамын. Үш жылдай Ілекеңмен қызмет бабымен етене араластым. Ол кісі сол кезде мектеп-интернат директоры болатын.

Жезді ауданының (қазіргі Ұлытау ауданы) аумағы өте үлкен. Облыс орталығынан алыс, байланыс, жол қатынасы өте нашар. Интернатта оқитындар – шалғай ауылдардағы қойшы-малшылардың балалары.

Мектеп-интернат – білім мен тәрбиені тең дәрежеде беретін білім ордасы. Ол жерде қызмет ететін мұғалімдер мен тәрбиешілерге қойылатын талап өте қатты болатын. Ілекең әр шәкіртінің, олардың әке-шешелерінің аты-жөні мен қай елді мекеннен екенін, тіпті, алыс ағайындарының есімдерін үнемі жадында сақтайтын. Оқушылардың сабақтан тыс уақытта үйірмелерге, мәдени шараларға қатысуын, тамақтануы мен ұйықтау мерзімдерін әскери жауапкершілікпен қадағалайтын. Оқу бөлімі кеңесінде нақты ұсыныстар беретін. Оқу бөлімі ғимаратының бір бөлмесін «Пионерлер үйі» етіп жабдықтадық. Оның кинотехника және физика-математика үйірмелерін мен басқардым. Мектеп-интернаттың 5-6 оқушысы кесте бойынша келіп тұрады. Олар үйірмеге келетін күні Ілекең телефон соғып, «Өміртай, оқушылар бірдеңеге ұшырап жүрмесін», – деп, ескертетін. Өтініштілегінің салмағын жете сезінуші едім. Сол оқушылардың бірі – профессор, математика ғылымдарының кандидаты Мехрибану Жәнібекова қазір Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ұстазы.

1973 жылдың наурыз айында Қарағандыда облыстық тәжірибелік конференция өтті. Оған аудандардың оқу бөлімі меңгерушілері, инспекторлары, әдіскерлері, мектеп директорлары озық тәжірибелі ұстаздар қатысты.

Облыстық партия комитетінің хатшысы мен облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі өз баяндамаларында ұстаздардың жетістіктерін атап көрсетті. Солардың бес-алтауы Ілияс Құсайынов басқаратын мектеп-интернаттың ұстаздары мен тәрбиешілері еді.

Ілекең кабинетінде отыра бермейді, мектеп-интернат алаңынан, түрлі шаралар өтіп жатқан жерлерден жиі кездестіретінбіз. Майдангер ұстаз өзінің соғыстағы ерліктерін әсірелеп айтуды білмейтін. Әскери қызметі, алған ауыр жарақаттары мен марапаттары туралы қарапайым түрде жазылған өмірбаянынан ғана оқыған едік…

Белгілі ғалым Семенов-ТяньШанский қазақтар туралы: «Бұларды оқытудың қажеті жоқ. Салт-дәстүрлері түгел тұнып тұрған білім», – деген екен. Десек те, қазіргі қоғамға саналы ұлттық тәрбие ауадай қажет. «Әр отбасы – кішігірім мемлекет» десек, отбасылық жаңаша тұрпаттағы бала тәрбиесінде Ілияс Құсайынов пен сол кісі секілді басқа да майдангер ұстаздардың өмір деректері тиімді пайдаланылуы тиіс. Мұны әр ата-ана қастерлі парызы ретінде қабылдағаны жөн.

Жарияланым түйінінде ұлағаты мол ұстаздың мыңдаған шәкірттері ғана емес, педагогикалық ұжымның жүздеген мүшелері қастерлі жанның есімі ел жадында сақталуына мүдделі екендігін атап өткен жөн. Ілекең 1963 жылы Қарсақбай к е н т і н д е орналасқан Жезқазған аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып тұрғанда осы мектеп-интернатты құру туралы бұйрыққа өзі қол қойған екен. Ал, 1967-1997 жылдар аралығында осы білім ошағының директоры қызметін үздіксіз атқарған. Сондықтан, қолданыстағы заңнамалар талаптары аясында майдангер ұстаз Ілияс Құсайыновтың есімін Жезді мектеп-интернатына беру туралы жоғары құзырлы органдарға бұған дейін берілген ұсыныстардың мақсатты негізде қарастырылып, оң шешімін табарына үміт артқымыз келеді.

Өміртай ЖӘЛЕЛОВ,

педагогика ғылымдарының кандидаты,

Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының мүше-корреспонденті,

Жезқазған қаласының Құрметті азаматы.