Жаңалықтар

Мұхтар МАҒАУИН: «Қош, қайран Мағаш!..»

Күтпеген хабар, ауыр хабар. Менің Мағаш інім – Мағауия Сембай фәниден бақиға аттаныпты. Аталарымыз өткен, бәріміз баратын жол дегенмен, біреуге ерте, біреуге кеш, табиғи жағдай дегенмен, жарық күн жақсы. Бірақ, Алланың аманаты – шара жоқ.

Мен білетін Мағаш – жайсаң бір жан еді. Мінезі қалыпты, пейілі кең, үлкенді – аға деп сыйлап, кішіні – іні деп ілтипат тұтатын таза қазақы тұрпатымен еңселі көрінер еді. Қаламы ұшқыр болды, мазмұнды, мағыналы болды. Өзі ғұмыр кешкен аумалы-төкпелі, ақыры қайыр болған күрделі заманда қазақ журналистикасының алдыңғы қатарында жүрді. Журналист қана емес, жақсы жазушы ретінде қалыптасып еді. Сонымен қатар, жаңа заманда қазақ баспасөзін жаңа арнаға түсірген тұлғалардың бірі болды десем, артық емес. Мағаш ұзақ жылдар басқарған «Орталық Қазақстан» газеті – бүткіл республика деңгейінде алдыңғы қатарда тұрды. Облыс, аймақ шегіндегі жағдаяттарды қамтумен қоса, бүткіл қазаққа ортақ ұлттық, елдік мәселелерді көтеріп отырды.

Қашанда жақын адамның өліміне сену қиын, оның үстіне, көз көрмес алыста жатсаң. Мен үшін Мағауия Сембай қашанда өзін еркелеткен Сарыарқа төсі – осы өмірде жарқырап жүре беретіндей. Шынында да, бар ғұмыры түгесілген жоқ. Артында аяулы жары қалды, ұрпағы қалды. Ағайын-туыс, дос-жаран өз алдына. Тіршілікте жасап кеткен қаншама мұрасы тағы тұр. Бұрынғының үстіне қайыра басылады, халқының кәдесіне жарап, ешқашан естен шықпайды.

Десе де… үлкен өкініш. Орны толмас қаза. Жақсы інімнен айырылдым… Енді ешқашан алдымнан жарқылдап шықпайды. Келер жаздағы сексен жылдық тойыма жете алмайды… Қош, жайсаң Мағаш, қайран Мағаш! Топырағың торқа болсын!..

Мұхтар МАҒАУИН.

Силвер Сприң, Мэриленд, АҚШ.

Басқа материалдар

Back to top button