Руханият

Мәдениет үйіне мән берілсе…

    Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы әрбір аудан мен ауылға қатысты деп білеміз. Әсіресе, ауылдардағы мәдениет нысандарының түрленуіне ықпал етері сөзсіз.

Әр адам жасы келіп, зейнеткерлікке шыққан соң, қайда жүрсе де өзінің туған жерін, балалық шағын еске түсіріп, сағынышпен ойға алады екен. Мен де сондай азаматтардың бірімін. Жуырда көп жылдан бері бара алмай жүрген туған жеріме, ауылыма, ата-бабаларымның мекендеген жеріне, қыстақтарына ат шалдырдым. Ата-баба қонысы деп мен қасиетті Қарқаралы ауданындағы Бақты ауылын айтар едім. Өзім сол жердің Кентөбе деген қыстағында дүниеге келгем. Ата-бабаларымыздың қыстақтары, зираттары Бақты ауылымен іргелес «Абыз» бөлімшесінде орналасқан.

Туған жерге оралған соң ауыл орталығын аралап, тіршілік өмірімен таныстым. Сондағы ең әуелі көзіме түскені – мәдениет ошағы болды. Көзге жүдеу көрінген ғимараттың көптен бері күрделі жөндеу көрмегені көрініп тұр. Есігі – жабық. Біраздан соң есігін ашқызып, ішкі жағдайымен танысып шықтым. Сондағы түйгенім – мәдениет үйінің сыртымен қоса ішіне де күрделі жөндеу жұмысы қажет екен. Шатыры ескіріп, төбеден су тамшылап тұр. Соның салдарынан еден де ашылған. Жылу қазандығы да істен шығыпты.

Сұрастыра келе, онда бір кітапханашы, режиссер, суретші, бір еден жуушы еңбек ететіндігінен хабардар болдым. Кітапхана қоры – 7167 кітапты құрайды екен. 9 жылдық мектебі, 400-ге тақау тұрғыны бар бөлімшедегі мәдениет үйінің қысқаша жағдайы – осы.

Өткен ғасырдың 70-80 жылдары халыққа танымал болған, аты шығып, аудан, облыс, республика көлемінде үлкен құрметке бөленген – «Абыз» халықтық театры еді. Аталған театрдың өркендеуіне үлкен үлес қосып, қамқорлық танытқан осы ауылдың тумасы – Мақат Рымжанов еді. Сонымен қатар, бөлімше басшысы Амантай Сүлейменов, әнші Төлеу Ахмедиев, Бақты совхозының әкімі Аманжол Түсіпбаев сынды азаматтардың қосқан үлестері баршылық.

Мақат Рымжанов ағамыз еліне абыройлы адам болған. Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі қоғам қайраткері ретінде Қарағанды қаласының Құрметті азаматы атағын да иемденген. Ол кісі көп жылдар партия қызметінде еңбек етіп, кейін облыстың мәдениет басқармасын басқарған. 70-80 жылдары Қарқаралы ауданының «Салтанат» ансамблін сонау Парижге басқарып апарған да сол азамат болатұғын. Мақат ағамыз өмірден өткен соң «Абыз» театры «Халықтық» атағын алып, оған Мақат Рымжановтың есімі берілді. Кейін, әке бастамасын әріге жалғаған оның ұлы Ораз Рымжанов еді. Ол – Қазақстанның кино саласындағы танымал өнер адамы, белгілі оператор, режиссер болған. Өз кезегінде Ораз Рымжанов та осы театрға үлкен материалдық көмек көрсетіп, музыкалық аспаптар, сахналық киімдер, орындықтар алып беріп, жаңа автокөлік сыйлаған еді. Өкінішке қарай, Ораз Рымжанов өмірден ерте кетті.

Айтайын дегенім, Мақат Рымжанов атындағы «Абыз» халықтық театрына облыстың мәдениет басқармасы, аудан басшылығы, жергілікті ауыл әкімшілігі, қалталы азаматтар тарапынан бір көмек болуы тиіс секілді. Өткен ғасырда өңір мәдениетін өрге сүйреген беделді ұжымның, маңызды мәдениет ошағының қазіргі жай-күйі елім деген ерлерді бей-жай қалдырмас деген үміттеміз.

Ермек КӘРІБАЕВ,

зейнеткер.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button