Руханият

Мұң аралас мың әсер

Жекелеген жұмырбасты пенденің өзіне ұқсас өзгелерден парасатымен дараланып тұратыны бар. Ал тумысынан естуі кем болса да, талпыныс-талабы таң қалдырар жандар жаратылыс құпияларына қос жанарының ұшқынымен бойлайды екен. Құшағына құпия-сыры бұйыққан жұмбақ дүниені «маңдайдағы қос жұлдызымен» аймалап, кеудесінде сілтідей тынған жүректі, санасына түскен шұғыла-сәулемен сипап оятса керек. Сөйтіп, сыңғырлаған сан алуан дыбыс санаға көкірек саңылауымен жетеді. Бұл ғажайыптың кереметін есту қабілетінен ерте айырылса да, әлемді әдемі әуенімен тербеткен Бетховеннің қасиетінен бағамдасақ болады. Дарындарды ерекше қолдайтын облыстық бейнелеу өнері музейі осындай қасиетке ие балалардың керемет көрмесін ұйымдастырды.

Суретті түсірген Руслан ҚАЛИЕВ

Музейдегі «Достық пен бірліктің бояуы» атты шығармашылық көрменің ашылу салтанатына өнерсүйер қауым мол жиналды. Аталмыш іс-шара «Туған жер» жобасы аясында және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай ұйымдастырылып, бейнелеу өнері музейі мен «Есту қабілеті нашар балаларға арналған арнайы мектеп-интернаттың» өзара ынтымақтастығына жол ашты. Бұл күні музей Қазақстанда тұратын ұлттар мен этностардың тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін дәріптеп, шынайы достықтың ақиқат-аңызынан сыр шертуді бастады.

Көрмеге музей өз қорындағы танымал суретші-шеберлердің озық туындылырын қойса, мамандандырылған мектеп өз шәкірттерінің моншақ пен былғарыдан дайындаған әдемі әшекейлерін, тері мен қамырдан өрілген көркем суреттерді, өрмекте тоқылған өрнекті кілемшелер мен кестелік изожіппен әдіптелген орамалдарды және Пейп Арт стиліндегі папье-маше жұмыстарын ұсынды. Оның ойлы ауаны одан әрі концерттік бағдарламаға ойысқанда, жеткіншектер көпшілік қауымды музыкалық қабілеттерімен де тәнтті етті. Себебі, ым-ишара арқылы ән айтып, көкейімен сезінетін сыңғыр дыбыстың сұлу ырғағымен мың бұрала билеген бойжеткен мен бозбала көптің көңілін мұңмен тербеп, көкірек көзінің құдіретін паш етті. Белсенділік танытқан ұстаздар З.Қасымова, Д.Ыбыраева мен музейдің ғылыми қызметкері Н.Жартын халықтың ыстық ықыласына бөленді. Шара соңында музей басшысы Б.Құдабаева мектеп мұражайына суретші Кәріпбек Күйіковтің қолданбалы өнерге арналған кітаптарын сыйлап, жеткіншектерге толағай табыс тіледі.

«Жүректің көзі ашылса, Хақтың түсер сәулесі» дейді Абай. Олай болса, наурыздың бірінші жұлдызына дейін жалғасатын көрмеге атбасын бұрып, тағдыр тәлкегіне түссе де, тауы шағылмаған жаңа лепті Z ұрпақ жетістігінің жемісін тамашалап қайтыңыз. Өкінбейсіз!

Құрманғазы ӨТЕБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button