Ұлытау туралы тұңғыш энциклопедия

Бұл «Ұлытау. Ұлытау ауданы» энциклопедиясы (бас редакторы С.Қожамсейітов) тәуелсіз Қазақ мемлекеті орныққан, ұлттық сана жаңғырып, ұлттық намыс пен рух дәуірлеген кезеңде жарыққа шықты. Қасиетті Ұлытау жайлы тұңғыш энциклопедия.

Ұлытау аймағы – қазақтың ұлан-байтақ ұлы даласының түп кіндігі, географиялық орталығы. Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылғы 22 тамыздағы Ұлытау төріндегі сұхбатында «Ұлытау өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар. Қазақтың кең даласының қай шетіне барсаң да, осындай қасиетті жерлер табылады. Дегенмен, Ұлытаудың орны бір басқа» деп атап көрсетті. Сонымен қатар, Ұлытау аймағы Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қоғамдық сананы заманауи биікке көтеруге септесетін алты жоба ұсынылғаны белгілі. Соның төртіншісі – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы. Бұл жобаны жүзеге асырудың мақсаты – халықтың ұлттық бірегейлігін және құндылықтарын бекемдеу, жат идеологияға төтеп беретін қалқанды нығайту. Осыған орай қасиет қонған Ұлытау топырағы осы қасиетті жерлер картасына енгізілді. Осы жерде елдің елдігі, ердің ерлігі сынға түскен қысылтаяң шақта қазақтың билері, батырлары, игі жақсылары бас қосып, бәтуа жасасқан. Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілқайыр ханмен ат кекілін кесісіп, айрылғанда Ұлытауда отырған ірі ру-тайпалар Шу мен Таласқа қарай қара ормандай көштің бетін бұрды. Қозыбас тауының етегінде қазақ хандығы шаңырақ көтерді. Алты алаш анттасып, айырылмасқа сөз байласты. Үш жүздің аумағы тоғысатын Ұлытаудағы Таңбалы Нұра деген жерде жақпар тасқа таңбаларын қашап жазды. Ұлытау талай ғасырлар тоғысының, этностар ауысуының куәсі болды. Осы өңір адам тірлігінде металды алғаш пайдалану мәдениеті қалыптасқан мысқола өркениетінің әлемдік ірі орталықтарының бірі екенін білеміз

Қасиетті тауға көктем келісімен хандар мен сұлтандар, билер мен батырлар, қарапайым қазақтар көшіп келіп, ауасы дәрі, шөбі шүйгін кең даланы жайлаған. Елбасы айтқандай, еліміздің төрт құбыласынан жиналған қазақтар сән-салтанатымен ақ шаңқан киіз үйлерін тігіп, ел тізгінін қолға алған қаһарман хандарын ұлықтайды, ас беріп, ат шаптырып той жасайды. Осы жерде ұлдарын үйлендіреді, қыздарын ұзатады, бірімен бірі құда, туыс болып тарасады. Осының өзі ұлан-ғайыр даладағы қазақтардың мәдениетіне, тілінің тазалығына, салт-дәстүрлерінің бірыңғайлығына ықпал етті. Хандар мен сұлтандар, ел ағалары елдің ішінің жыртығын бүтіндеп, сыртқы жаумен бір жұдырық болып бірігіп, айқасқа шығуға серт жасасқан. Соның бір жарқын мысалы. Ұлытау баурайындағы Бұланты-Білеуті өзендерінің арасындағы кең жазықта біріккен қазақ жасақтары жоңғар басқыншыларына ойсырата соққы берді. 2015 жылы ұрыс даласының бір биігіне қаны мен жанын пида қылып, дандайсыған жауды кері қуып, Ұлы Жеңіске жеткен бабаларымыз құрметіне Даңқ мұнара-ескерткіші орнатылды.

Оқырмандар Ұлытау ауданының 122,9 мың шаршы километрді алып жатқанынан, оған Еуропаның бірнеше мемлекеті еркін сыйып кететінінен хабардар болады. Ұлытаудың оңтүстік шығысына Қазақстан түсті металлургиясының үлкен орталығы Жезқазған кен-металлургия кешені орналасқан. Оңтүстігінде Құмкөл мұнайлы-газды кен аймағын қызылордалық мұнайшылар игеріп жатыр. Бұл өңірде әлі қол жетпеген темірдің, марганецтің, асбестің, көмірдің, басқа минералдардың мол қоры бар. Алғашқы қауымдастықтың, қола, темір кезеңінің, Шыңғысхан дәуірінің, Алтын орданың, табиғаттың тамаша ескерткіштері бар. Ұлытаудың әсем табиғаты, өсімдіктер және жануарлар дүниесі өз алдына бір әлем. Президент Н.Назарбаевтың Ұлытауды келешекте туризм орталығына айналдыру жөніндегі бастамасы ғалымдар, кәсіпкерлер, мемлекеттік емес ұйымдар, атқарушы билік орындары, жалпы көпшілік тарапынан қолдау тауып отыр.

Сондықтан, Елбасының Ұлытаудың төрінде берген сұхбатында Ұлытаудың тарихын бүкіл қазақ білу керек деген ойпішіміне сәйкес шығарылып отырған энциклопедияға тек Ұлытау, Орталық Қазақстанның ғана емес, бүкіл Қазақстан Республикасындағы осы өңірге қатысты мемлекеттік маңызды оқиғалар мен ұлағатты тұлғалар енген. Энциклопедиядан Отанына, туған жерге берілген, ұлытаулықтардың шын мәнісінде алғысы мен құрметіне бөленген есімдерді де табуға болады. Ата-бабалары осындай мәдени-әлеуметтік ортада өмір сүрген бүгінгі ұлытаулықтардың кеңпейіл мінезі, адам баласын бауырына тартуы, елге, жерге ыстық сүйіспеншілігі ана сүтімен дарыған ізгі қасиеттер екені сөзсіз

Энциклопедияны дайындауға бастамашы болып белсене қатысқан аудан әкімдігінің, соны деректер көзін ашып, мақалалардың мазмұнын байытып, өзектілігін арттыруға үлес қосқан ғалымдардың, зиялы қауым өкілдерінің, өлкетанушылардың, ақсақалдардың, жазушылар мен журналистердің еңбегі лайықты бағалауға тұрарлық.

Ниязғали ЖАЙСАҢБАЕВ,

Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің профессоры, техника ғылымдарының кандидаты, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.