Жаңалықтар

Ұлылар ұлағаты – ұрпақ жадында

   Қазақстан білімі мен ғылымының ірі орталығы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жас ұрпақты білікті маман ретінде ғана емес, саналы азамат тұрғысында қалыптастыруда да айрықша роль атқаруда. Мәселен, оқу орнында жастардың таным көкжиегін кеңейтіп, ұлт тарихына қатысты білімін арттыратын түрлі тақырыптағы іс-шаралар мен жиындар үнемі өтіп тұрады. Соның бірі – университеттің тарих, археология және этнология факультетінде Алаш қозғалысының ғасырлық тойы – Алаш партиясы мен Алаш Орда автономиясының 100 жылдығына орай өткен «Мәңгі жас – Алаш идеясы» атты  конференция.

Баршамызға белгілі, тамыры тереңге жайылған қазақ тарихында ойып аларлық орны бар айтулы оқиғаның бірі де бірегейі – XX ғасырдың бас кезіндегі  Алаш қозғалысы еді. Күллі қазақ жұртының басын қосып, дербес, тәуелсіз мемлекет құруды көздеген ұлт зиялылары осы бір ғана мүдде жолында өздерінің бар күш-жігерлерін салып, аянбай тер төкті.

Біртұтас Алаш идеясы төңірегіне топтасқан Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, А.Байтұрсынов, М.Шоқай, Х.Досмұхамедов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков сынды елі үшін туған ерен тұлғалар сол кезеңдегі ауыр жағдайлар мен қиындықтарға, қаншама қарсылықтарға қарамастан, соңына дейін күресіп, ақыры алты Алаштың басын біріктірген Алашорда ұлттық үкіметінің негізін қалады.

Осы бір оқиға – Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің  құрылуы – азаттық аңсаған халқымыз үшін аса маңызды тарихи оқиға болды. Себебі, бұл оқиға ұлтымыздың жүздеген жылдарға созылған үмітін жалғап, жарқын болашаққа деген сенімін оятқан үлкен серпіліс болғаны сөзсіз. Ел тарихында алтын әріппен жазылған осы бір Алаш қозғалысына, міне, биыл 100 жыл  толып отыр.

Алаш идеясын ұстанған ұлт зиялыларының азаттық жолындағы айрықша қызметтерін дәріптеу мен олардың өршіл рухын жас ұрпаққа үлгі етуді мақсат еткен бұл жиынның басты ұйымдастырушылары – университет профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ф.Қозыбақова, сонымен қатар, Н.Тасилова, Ғ.Искакова, А.Ахметжанова тәрізді бірқатар тарихшылар мен оқытушылар болды. Аталған факультетаралық конференцияға филология және әлем тілдері, журналистика, халықаралық қатынастар, физика- математика, механика-математика, тағы басқа факультет студенттері белсене қатысып, өздерінің білім-біліктерін паш етті.

Жиынның бас қонағы ретінде келген қазақ тарихының түрлі кезеңдеріне көптеген зерттеулер жүргізген, соның ішінде, Алаш қозғалысын терең зерттеген көрнекті ғалым, бірнеше еңбектердің авторы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков студенттермен жүздесіп, оларға Алаш қозғалысы  және оның белді өкілдері жайлы баяндап берді. Студенттер  тарихшы-ғалымның өткір ойларын тыңдап қана қоймай, Алаш қозғалысы төңірегіндегі көкейкесті сауалдарын жолдады.

Әсерлі әңгіме мен сырлы сұхбатқа құрылған конференция соңы студенттердің өлең-жырларына ұласты. Жастар Алаш қозғалысы жайлы білетіндерін ортаға салып, өздерінің Алаш зиялыларына, ел тарихына деген шынайы құрметтерін барынша көрсете білді.

Ф.ҚОЗЫБАҚОВА,

профессор, тарих ғылымдарының кандидаты,

С.ИГІЛІК,

ҚазҰУ-дің І курс студенті.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button