Ұлы Даланың басты байлығы немесе трансшекаралық өзендер мен ішкі су ресурстарының жағдайы

«Біздің мемлекеттің қауіпсіздігіне байланысты шын мәніндегі стратегиялық міндетті шешуде тұрғындарды сумен жабдықтау ерекше орын алады, себебі халық денсаулығы тұтынатын судың сапасына байланысты. Осыған байланысты, тұрғындарды ауыз сумен сапалы қамтамасыз ету мәселелерін шешу барлығы үшін маңызды және алдыңғы қатарлы міндеттердің бірі болып қалуда».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның көптеген экологиялық проблемалары трансшекаралық сипатта екендігін бірнеше рет атап өткені белгілі. Бұл, алғашқы кезекте, су проблемасына қатысты. Себебі, сумен қамтамасыз ету – өзекті жайт. Қазіргі кездің өзінде біз трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалануға қатысты маңызды мәселелермен бетпе-бет кездесіп отырмыз. Қазақстанның барлық өзендері ішкі және трансшекаралық деп бөлінеді. Негізгі ірі трансшекаралық су объектілері – Орал, Тобыл, Есіл, Ертіс, Іле, Әмудария, Сырдария, Шу, Талас және тағы да басқа өзендер. Оларды ұтымды пайдаланудың экономикалық және экологиялық маңызымен қатар, саяси һәм халықаралық маңызы да бар.

Күрмеуі күрделі жайттар Қазіргі таңда көршілес елдермен трансшекаралық өзендер ресурстары мен су қоймаларының суын пайдалану проблемасын реттеу жұмыстары жүргізілуде. Қазақстанның бұл мәселедегі іс-әрекеті халықаралық құқықтық актілерге сәйкес, 2000 жылы 23 қазанда жасалған трансшекаралық су ағыстары және халықаралық өзендерді қорғау мен пайдалану туралы конвенция негізінде жүргізіледі. Көршілес мемлекеттер ҚХР, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Өзбекстан – бұл конвенцияға қатыспайтын елдер қатарында. Сондықтан, трансшекаралық су проблемаларын реттеу жұмыстары айтарлықтай күрделі. Себебі, Ертіс, Іле, Сырдария, Әмудария, Жайық, Тобыл және Шу секілді елдің басты өзендері көрші мемлекеттерден бастау алады. Бұл – Қазақстанның су ресурсының 40%-ы, яғни, осыншама мөлшерде іргедегі елдерге тәуелдіміз деген сөз. Шығыс Қазақстанның екі ірі өзені – Ертіс пен Іле басын Қытайдан алады. Қазіргі кезде 4 миллионға жуық қазақстандықтарды сумен қамтамасыз ететін Ертістің суын қытайлар Шыңжаңдағы жаңа өнеркәсіп орталығы – Қарамайға бұрып жатыр. Қазақстан мен Қытай арасында шекараны кесіп өтетін 25 өзен бар. 2001 жылы қос тараптың үкіметтері трансшекаралық өзендерді пайдалану туралы келісімге қол қойды. Бұл айтарлықтай жетістік болатын. Себебі, келешекте өзен суын бөлісуге қатысты келіссөз жүргізудің негіздеме құжаты пайда болды. Дегенмен, Ертіс пен Іле мәселесі толық шешілмеді. Оған, ең алдымен, біздің ел алаңдайды. Біріншіден, Ертіс пен Іле өзендерінің 70%-ы Қытай аумағынан бастау алады. Екіншіден, олар Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы арқылы өтетіндіктен, жыл сайын су пайдалану мөлшері артып келеді. Қытай үкіметі бұл аймақта хань ұлтының үлесін ұлғайтып, өңір экономикасын дамыту жоспарын іске асыруда. Әрине, бұл үлкен көлемдегі су мөлшерін талап етеді. Үшіншіден, 23 млн. халық тұратын аймақтан өзенге түсетін қалдық аз емес, әсіресе мұнай өнімдері үлкен залал келтіреді. Зардабын, тиісінше, Қазақстан мен Ресей тартуда.

Қазақстанды ойландыратын негізгі мәселенің бірі – Ертіс пен Іле суының азаюы. Ал, Ертіс суына Семей мен Павлодар, Астана, Қарағанды қалалары қарап отырғанын ескерсек, онда су мөлшерінің жоғары деңгейде сақталуы Қазақстан үшін аса маңызды. Іленің келешектегі жағдайы да күмәнді. Оның тек 30%-ы Қазақстаннан бастау алады, қалғаны – Қытайдан. Бүгінгі күні Қытай Іленің бойында 13 су қоймасын салып, 59 гидроэнергетикалық қондырғы орнатып үлгеріпті. Жыл сайын іргедегі ел Іледен 15 куб/ шақырым су алады екен. Экологтар егер Қытай Іленің суын тағы 10 пайызға кемітсе, онда Балқаш көлі Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін деп дабыл қағуда. Себебі, Бейжіңдегі үкіметтің Шыңжаң-Ұйғыр ауданындағы халық санын 100 миллионға жеткізу жоспары бар екен. Егер діттеген межесінің жартысына жетсе де, сонша халық пен өндіріске қазіргіден де мол су керек болады. Сәйкесінше, Іле мен Ертіс негізгі су ресурсына айналады. Зардабын Іленің етегіндегі Қазақстан көрмек. 2014 жылы алғашқы фактілер тіркелді. Іле өзенінің Қапшағай су қоймасына дейінгі бойында ағыс секундына 778 текшеметр болады деп күтілген, алайда ол 184 текше метрге дейін төмендеп кетті. Өйткені, Қытай БҰҰ-ның өзендерді пайдалануға қатысты конвенциясына қосылмай, трансшекаралық суларды қолданып келеді. Мысалы, олар Қытайдан бастау алып, Үндістан, Пәкістан, Мьянма, Лаосқа ағатын Меконг, Брахмапутра өзендерінің бойында көрші елдерге ескертпей, бірнеше ГЭС, тоғандар салып тастаған. Сол елдермен салыстырсақ, бұл салада Қазақстан дипломатиясы біршама жемісті. 2001-2018 жылдары ортақ комиссия 15 рет кездесіп, сарапшылар тобын құрды, гидробекеттерден ақпарат алмасу, Қорғас, Сүмбе өзендері бойындағы құрылыс жөнінде келісім жасалды.

Әмудария, Сырдария трансшекаралық өзендері мәселесі – Орталық Азияда шешімін таппаған ең маңызды сауалдардың бірі. 2000 жылдардың орта шенінде бұл мәселенің ушыққаны соншалықты, егер мемлекеттер өзара келісімге келмесе, суға таласудан туындайтын кикілжің келешекте қақтығысқа ұласуы мүмкін деген болжамдар айтылды. Осы екі өзен суының тиімсіз қолданылуы Арал теңізі трагедиясына әкеліп соқты. 1998 жылы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан арасында Сырдария өзенін пайдалану туралы келісім қабылданды, оған кейінірек Тәжікстан да қосылды. Алайда, бұл құжат талаптары толық орындалмады. Тәжіктер өздерін электр қуатымен қамтамасыз етіп, артығын көршілеріне сату үшін Вахш өзенінің бойына Рогун ГЭС-ін салмақ болды. Вахш өзені Әмударияға құяды. Егер су бастауына ГЭС салынса, онда Өзбекстанға су аз жетіп, оның мақталы аймақтары құрғап қалуы мүмкін еді. Сондықтан, Өзбекстан бұл станцияның құрылысына қатты қарсы болды. Тіпті, шетелдерден ГЭС құрылысына келе жатқан материалдарды өз аумағында себепсіз бірнеше ай ұстап, жобаның іске асуын тоқтатты. Екі ел арасындағы ерегіс Орта Азиядағы трансшекаралық өзендер мәселесін бірлесіп шешу үдерісін тежеді. Алайда, билікке Шавхат Мирзиёевтің келуі жағдайды өзгертті, ол құрылысқа қарсылық білдірмеді. Ал, Сырдарияның су мөлшерін дәл бөлу оңай емес. Сырдың бастауы Қырғыз жерінде қалыптасады, Тәжікстан мен Өзбекстан арқылы Қазақстанға келеді.

Қазақстан Үкіметі артық суды жинап, қажет кезде Сырдарияға жіберу үшін Оңтүстік Қазақстанда Көксарай су қоймасын салғаны белгілі. Алайда, Шардара мен Көксарай су қоймаларының сыйымдылық мүмкіндігі жеткіліксіз. Демек, трансшекаралық суларды бірлесіп қолдану жөнінде Нұр-Сұлтан мен Ташкент арасында жаңа құжат немесе бұрынғыны қайта қарап, оның орындалуын бақылайтын топ керек.

2000 жылы Қазақстан мен Қырғыз Республикасы Шу және Талас өзендерін пайдалану туралы келісімге келді. Өзендер негізінен теңдей бөлінген. Болжам бойынша ХХI ғасырдың ортасына қарай Шу өзенінің суы 25%-ға, Таластың суы 40%-ға азаюы мүмкін. Себебі, бастаудағы мұздықтар жаһандық жылыну процесінің әсерінен еру үстінде.

Әлемдік тәжірибе тағылымы

Дүние жүзінде трансшекаралық өзендер туралы 290-ға жуық құжат рәсімделген және бұл салада суды бірлесе отырып пайдаланудың біршама оң тәжірибесі бар. Мәселен, Еуропада 10 елді басып өтетін Дунай бойынша келісім 1948 жылы жасалды. Осы және өзге де құжаттарда өзендерге зиян келтірмеу, суды бірлесіп қолдану, сондай-ақ, зақым келтірген тарап оны тазалауға қаражат бөлетіні туралы талаптар көрсетілген. Рейн өзенін пайдалануға қатысты да оның бойындағы елдер үнемі кездесіп отырады. Олар «суды қалай бөлеміз?» деген сұрақтан әрі жылжып, «Рейннің тазалығын қалай қамтамасыз етеміз?» деген мәселеге келген. Осы мақсатта өзен бойында Швейцариядан Солтүстік теңізге дейін 9 станция салынды. Олар су сапасын үнемі жариялап отырады. Үлгі аларлық тәжірибе тек дамыған елдерде ғана емес, дамушы елдерде де бар. Кезінде Эфиопия Ніл өзені бойында су бөгенін салмақ болады. Ніл сағасында жатқан Мысырға бұл бастама ұнамайды. Бұларға Судан қосылып, үш тарап аталған сұрақтың шешімін таба алмаған. Батыс елдері, халықаралық ұйымдар араша түсіп, көмектесуге тырысады. Алайда, соңында бәрібір үш елдің өкілдері су мен энергияны әділ бөлудің жолын өздері табады. АҚШ пен Канада қос елдің арасындағы бірнеше өзенді ортақ пайдаланып келе жатқанына 100 жылдан асты. Яғни, халықаралық тәжірибеге сүйенсек, трансшекаралық өзендер мәселесін шешуде әмбебап әдіс жоқ, алайда қалыптасқан ұстанымдар бар. Жалпы, суға қатысты дипломатия халықаралық құқыққа негізделгенде ғана сәтті болады.

Таза су – тіршілік көзі

Табиғат байлықтарының ішінде адамзаттың ең көп пайдаланатыны – су. Жер шарында пайдаланылатын тұщы су қорының 70%-на жуығы тек егіс алқаптарын суландыру мақсатында жұмсалады. Сонымен қатар, өнеркәсіп орындары мен тұрмыстық қажеттілікке пайдаланылатын су мөлшері де тез өсіп келеді. Жер шарындағы әрбір қала тұрғыны тәулігіне орташа есеппен 150 литр су жұмсайды, ал ірі қалаларда бұл көрсеткіш одан да жоғары. Планета халқының саны өсе түскен қазіргі кездің өзінде кейбір елдерде тұщы су тапшылығы байқалады. Сондықтан, Антарктидадағы мұзтауларды ауыз суы тапшы елдерге тасымалдау, мол сулы өзендерді шөлді аудандарға бұру, теңіз суын тұщыландыру жобалары іске асырылуда.

Табиғатта қоспасы жоқ, тап-таза су дегенді таппаймыз. Таза суды тек зертханалардан ғана алуға болады. Ондай судың ешбір дәмі жоқ, онда тірі организмге қажетті тұздар да болмайды. Теңіз суының құрамында өте көп мөлшерде еріген тұздар бар, оның ішуге жарамайтыны сондықтан.

Ауызсу азайып барады Адамдар суды өнеркәсіп қажетіне көп пайдаланып, оны өндіріс қалдығымен ластауда. Ал, біз су құнды байлығымыз екенін ұмытпауымыз керек.

Соңғы 10 жыл ішінде теңіздер мен мұхиттардың мұнай мен мұнай өнімдерімен ластануы күшейіп, теңіздегі биологиялық үдерістердің жүруі бұзылған. Оның ластануы 60-98% құрайды, ал қайраңдық кен орындарының теңіз түбіндегі сұйық көмірсутектің табиғи мөлшері – 2-10%. Қазіргі кезде мұнайлы ластаушылардың 66%-ы теңізге өзен сулары арқылы араласатын болса, 24%-ы қалалық өндіріс қалдықтарымен түседі. Жерасты суларының ластануы өзен мен теңіз суларының ластануымен қатар жүреді. Жерасты суларын ластаушы көздер ластандырғыштың түрі мен пайда болуына, олардың су қабаттарына түсу жағдайларына байланысты бөлінеді. Ластанған суда көмірсутектер, мұнай өнімдері, фенолдар, ауыр металдар және тағы басқалары кездеседі.

Ғаламшарымыздың 70%-ын су алып жатыр, ал күніне 25 000 адам жер бетінде тұщы судың жетіспеуінен көз жұмады екен. Миллиардқа жуық адам жуынатын, шаруашылыққа пайдаланатын және ауыз судың тапшылығынан зардап шегуде. Холера, іш сүзегі және жұқпалы гепатит, толяремея, бруцеллез, вирустық аурулардың барлығын, атап айтқанда 80% ауруды дәрігерлер адамның ішуге пайдаланылатын суының сапасымен байланыстырады.

Су – «жер бетінің құрылысшысы»

Су – адамзат, жан-жануарлар мен өсімдік әлемі тіршілік көзінің ауадан кейінгі маңызды құрамы. Жалпы, адам ауқатсыз үш ай өмір сүрсе, оттегісіз бірнеше минут қана тіршілік етпек. Ал, сусыз үш тәулікке әрең шыдар еді. Суды «жер бетінің құрылысшысы» деп те атайды. Су ауа-райын реттеп, адамзатты қажетті қормен әрі ғаламат қуатпен қамтамасыз етеді.

Суға қатысты статистикалық деректер таңқаларлық жайттарға толы. Нақты айтқанда, жер бетінің 70 пайыздан астамы сумен көмкерілген. Пайымға салып, судың жайы жайлы абыржымай-ақ қоюға болар еді. Тек, бұл ойымыз мүлдем жаңсақ, себебі, жер бетіндегі сулардың барлығы бірдей ішуге, тұрмыстық қажеттілікке пайдалануға жарамды емес. Ал, адамға тұщы су қажет, оның қоры да шектеулі әрі біркелкі орналаспаған көрінеді. Ғалымдардың тұжырымынша, планетамыздағы 70 пайыздан астам судың 3 пайызы ғана ішуге жарамды деп есептеледі.

Азаматтардың денсаулық жағдайын жақсарту және ауыл тұрғындарын ауыз сумен қажетті мөлшерде қамтамасыз ету мақсатында ел Үкiметiнiң қаулысымен 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» бағдарламасы іске асырылғаны белгілі. Күрмеулі мәселені түбегейлі шешу үшін іле-шала Үкімет 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасын да қабылдады. Бағдарламада таза сумен 2020 жылға қарай ауылдық елді мекендердің 80 пайызын, ал қалалардың 100 пайызын қамтамасыз ету көзделген.

«Судың да сұрауы бар»

Егер біз бүгіннен бастап суды үнемдесек, су берудегі кідірістердің орын алу мүмкіндігін кейінге қарай шегере аламыз. Бұл жерде күнара жуыну немесе ауыз суды тұтыну мөлшерін қысқарту жайы емес, тек кранды жабуға еріну, судың бостанбосқа ағып, тікелей кәрізге төгілуі сияқты суды артық ысырап ету туралы сөз болып отыр.

Кейбір деректер бойынша, су құбырының ақаулы шүмегінен әр үш секунд сайын тамшылаған су тәулік ішінде 10 литрге жуық шығынға ұшыратпақ. Осылайша, салғырттықтың әсерінен 70 литрдей суды бекер ағызып жіберуіміз мүмкін. Мамандардың кеңесіне құлақ түрсек, ағып тұрған су құбыры шүмегін қолданып болғаннан соң, толығымен бұрап тастау керек екен. Бізде суды тиімді пайдалану талабы қарастырылмай, мөлшерден тыс ысырапшылдыққа жол берілуде.

Елімізде ескерілмей жатқан үлкен мәселенің бірі – жер асты суының есепсіз шығынға ұшырауы. Қазақстанның барлық қалаларында бір-бірімен жарыса салынып жатқан жекеменшік моншалар жерасты суын пайдалануда. Кейбір өндіріс орындарында да осындай келеңсіздіктер бар.

Қалаларда жердің терең қабатынан таза су алып сататын мыңдаған фирмалар бар. Олардың зияндылығына, жерасты суының төмен түсіп, топырақтың беткі қабатының ылғалдылығы азайып бара жатқанына көңіл бөлінбеуде. Осынау кемшілікті қазірден бастап түземесек, келешекте қиындыққа кез боларымыз күмәнсіз.

Ғалымдардың болжауынша, біз суды үнемдеуге жауапсыз қарайтын болсақ, 2100 жылдары Қазақстан халқы суға зәру болатын жағдайға жетеді.

Каспий аймағының экологиялық жағдайы

Бұл ауданның экологиялық жағдайы Каспий теңізінің деңгейінің көтерілуіне және жағалаулық теңіз экожүйесінің антропогенді әсерге ұшырауына байланысты. Ғалымдардың болжамдары бойынша теңіз деңгейінің көтерілуі жағалаулық сызықтың 2400-2700 шақырымға ұзарып, су астында қалған жерлерге тағы да 1,2-2,2 млн. гектар қосылуына әкелуі мүмкін. Каспий теңізі дүние жүзіндегі бекіре тәрізді балықтардың ең ірі мекен ету ортасы болып табылады. Сондықтан, Каспий мәселесі тек мемлекетаралық қана емес ғаламдық мәселе болып табылады. Каспийдің биологиялық биоалуантүрлілігін сақтау – бүкіл әлемдік қауымдастықтың ортақ міндеті.1995 жылы Тегеранда Каспий маңындағы мемлекеттердің өкілдерінің кездесуі өтті. Бұл кездесудің мақсаты Каспий аймағының экологиялық тұрақтылығы мен оның ресурстарын пайдалануды басқару концепциясын жасап шығу болды.

Арал теңізінің экологиялық мәселелері

Өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап, Арал теңізінің аумағы кеми бастайды. Суды ауыл шаруашылық дақылдарын суару мақсатында қолдану Тянь-Шань тауларынан ағып келетін табиғи су ағысының мөлшерін 90%-дан астам қысқартып жіберді. Теңіз аумағы 2,6 млн. гектарға кеміп, өзінің 60% көлемін жоғалтты.

Арал аймағының экологиялық жағдайы сол өңір экономикасының дәстүрлі бағыттарының даму мүмкіндіктерін шектеп, бірқатар әлеуметтік және саяси мәселелерді туындатты. Арал теңізі Орта Азияның шөлді белдеуінде орналасқан. Ол көлемі бойынша дүние жүзінде ішкі су қоймаларының арасында төртінші орында болған. Теңіз Тұран ойпатында орналасқан. Қарақұм және Қызылқұм шөлдері Аралды оңтүстік және шығыс жағынан қоршап жатыр. Судың орташа көлемі – шамамен 1000 шақырым³. Тереңдігі 20-25 метр, ең терең тұсы – 67 метр. Жаздағы жауын-шашын мөлшері шамамен – 100 мм. Арал теңізінің су балансы бұрын жауын-шашынмен – 5,9 текше шақырым, өзен ағысымен – 54,8 текше шақырым қамтамасыз етіліп отырды. Орташа булану деңгейі – 60,7 текше шақырым. Теңіз деңгейінің маусымдық ауытқуы – 25 см, ал ғасырлық ауытқуы 3 метрден артпаған. Дүние жүзінің ірі тау жүйелері осынау орасан үлкен аумақ өзендерінің сулылығын қамтамасыз еткен. Аралдың су балансын Орта Азияның ірі өзендері – Әмудария мен Сырдария ұстап тұрған.

Балқаш көлі – халық қазынасы

Ағынсыз Балқаш көлі Қарағанды, Жамбыл, Алматы облыстары аумағымен шектеседі. Шығыс жағында Балқаш, Алакөл көлдер жүйесімен, батыс бөлігі Бетпақдала шөлімен және оңтүстік шығыс жағы Шу, Іле өзендері және Іле Алатауымен шектесіп жатыр. Көлдің батыс бөлігіне Іле өзені, шығыс бөлігіне шағын өзендер – Қаратал, Ақсу, Лепсі келіп құяды.

Балқаш – жартылай тұщы көл. Сарыесік түбегі Балқашты батыс және шығыс бөліктеріне бөледі. Батыс бөлігіндегі су ірі Іле өзенінің келіп құюына байланысты тұщы болған. Ол көлге жылдық су мөлшерінің 72,2 пайызын береді. Балқаштың шығыс бөлігіне келіп құятын шағын өзендердің барлығы казір толығымен дерлік суаруға және шаруашылық қажеттіліктерге жұмсалады. Тек көктемгі су тасқыны кезінде және мұздықтардың еруі кезінде ғана осы судың бір бөлігі өзендер арқылы Балқашқа келіп түседі. Географтар бұл өңірді Балқашқа келіп құятын Іле, Шу, Ақсу, Қаратал, Лепсі, Тентек, Көксу өзендеріне байланысты Жетісу деп атаған. Балқаштағы су деңгейінің төмендеуі нәтижесінде ондатра өсіру кәсіпшілігі құлдырап кетті. Бағалы балықтар аулау жылына 40 мыңнан 8 мың центнерге дейін кеміген. Өкінішке қарай, өзен жағалауларындағы тоғайлы алқаптар да сирей бастады.

Шағын өзендерді қорғау – қажеттілік Республикамызда 8643 тұрақты және уақытша су ағыстары бар екені белгілі. Олардың жалпы ұзындығы – 23 мың шақырым. Қазақстан өзендерінің ерекшелігі – олардың біртекті таралмауында. Жер бетіндегі су қорына, әсіресе, Орталық және Батыс Қазақстан кедейлеу. Республикамыздың бүкіл жазық территориялары сирек өзен торымен сипатталады. Ойыл және Нұра бассейнінде ол бар болғаны текше шақырымға шаққанда – 0,13-0,022. Шөлейт және шөлді аудандарда өзендер жоқ деуге болады. Қалың өзен тобы Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы мен Кенді Алтайдың таулы және тау етегіндегі аудандарында түзілген. Бірақ, осы таудың сулы өзендерінің өзін суаруға пайдалануға байланысты халық тұщы судың тапшылығын сезіп отыр. Бұл республика халқынан суды ысырапсыз пайдалану мен қорғау қажеттілігі туралы ойлануды талап етеді. Олар шағын өзендер деп аталғанымен, экология тұрғысынан алғандағы маңызы үлкен. Себебі, ірі өзендердің жағдайы шағын өзендерге тікелей байланысты. Осы өзендер қан тамырлары тәрізді бүкіл Қазақстан территориясын торлап жатыр. Республика өзендерінің көп бөлігі Каспий, Арал теңіздеріне Балқаш көлінің тұйық ішкі бассейндеріне келіп құяды.

Қайыржан БЕКІШЕВ,

Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың профессоры, Халықаралық Еуразия жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі.