Қарқаралы

Әлеуметтік мәселе шешімін табады

Елбасының халықты жаппай жұмыспен қамтуды ұйымдастыру тапсырмасына орай, ауданда нәтижелі жұмыстар атқарылып жатыр. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жоспарлы жұмысының барысында жұмыссыздық деңгейі төмендеген. Үкімет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктер әркімнің өз жұмыс орнын ашуымен қатар, жұмыс көзін ұсынуы бұған оң әсерін тигізіп отыр.

Бірі жеңілдетілген пайызбен несие алса, бірі қайта оқыту курстарынан өтіп, өз кәсіптерін бастаған. Алайда, бір кездері шалыс басып, істі болған адамдардың жұмысқа орналасып, қалыпты өмір сүруіне кедергілер көп. Осы орайда, аудан әкімінің орынбасары Сайлау Әлиевтің, аудан прокуроры Қоңырат Манаповтың, пробация бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сайран Жақсылықовтың, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бейбіт Жұманбаевтың және бөлім мамандарының, сондай-ақ, жұмыс беруші мекеме-кәсіпорын басшыларының қатысуымен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.

С.Әлиев бұл жиын пробация бөлімінде есепте тұрғандарға арналып өткізіліп отырғандығын айтып өтті.

 – Бостандығынан айыру орындарында болып келген азаматтардың мерзімді уақыттарын халықтың арасында, еңбекпен өткізу – өзекті мәселе. Қоғамның ондай адамдарды қабылдап, өмірден өз орнын тауып, өткен қателіктерінен сабақ алуы үшін тұрақты жұмыспен қамту – басты шарттардың бірі. Осыған байланысты бұл шараның әлеуметтік маңызы зор,– деді С.Әлиев.

Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары жыл басынан бері барлық мекемелерге бос жұмыс орындары туралы мәлімет беру жөнінде хат жолданатын, алайда, көпшілігі вакансияның жоқтығын алға тартып немесе тамыр-таныстықпен бос орындарды толтыратындығын тілге тиек етті. Ендігі уақытта прокуратура қызметкерлері мен аудандық жұмыспен қамту бөлімі бірлесе отырып, кез келген мекемеден штаттық құрылым жөнінде тізім сұратып, жұмыссыздар есебінде тұрған адамдардың жұмыспен қамтылуын қатаң бақылауда ұстамақ. Егер жұмыс орны босай қалған жағдайда аталмыш бөлімге хабарласып, есепте тұрғандардың санын азайту жұмысын қолға алу қажет. Аудан прокуроры Қ.Манапов қылмыстық кодекстерге өзгерістердің енгізіліп, ондағы мақсат – қолданыста жүрген заңдарды жетілдіру екендігін және қылмысқа гуманизация жасалып жатқандығын жеткізді.

– Биылғы жылғы енгізілген заң талаптарына сәйкес, адамдарға қарсы қасақана күш көрсету арқылы жасалған қылмыстарға ғана бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Ал ұсақ қылмыстарға бас бостандығынан айырмайтын, басқа жазаларды қолдануды көздейді. Соған байланысты ондай жандарды қоғамдық жұмысқа тарту, жұмысқа тұрғызу, әлеуметтік ортаға қайтадан бейімдеп, қайта тәрбиелеу мақсатында өткізіліп отыр. Аудан бойынша сотталғандар саны азаймай отыр. Бүгінгі күні 68 адам бар. Нақты жұмыс істемейтін жеті адам есепте. Қалғандары өз-өздерін жұмыспен қамтығандар. Бұлардың басым бөлігінің жұмыспен қамту бөлімі тарапынан ұсынған жұмыстардың еңбекақыларына көңілдері толмайды. Дегенмен де, бұл адамдар соттың өкімімен сотталған, қылмыскер ретінде танылып, өздерінің жазасын шартты түрде өтеп жатқан адамдар екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан, олардың күнделікті тыныс-тіршілігі тиісті органдардың қадағалауында. Былтырғы жылмен салыстырғанда биылғы тіркелген 11 қылмысты бұрынғы сотталған адамдар жасап отыр,– деді аудан прокуроры.

Бұрын қылмыс жасаған адамдарды ортаға қарай бейімдеу, тәрбиелеу – негізгі жұмыс болып табылады. Оларды жұмыспен қамти отырып, қоғаммен етене байланыстыру – әлеуметтік сипатқа ие. Осы орайда, пробация бөлімінде тұрған азаматтардың жұмыспен қамту орталығында есепке тұруын қатаң қадағалау қажеттігі туындайды. Пробация бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сайран Жақсылықовтың айтуынша, жоғарыда аталған 68 адамның 13-і орталыққа жұмыс сұрап тіркелген. Бүгінгі күнде олардың біреуі ғана есепке алынған, ал қалған алтауы мерзімі өтелмегендіктен, есепке алынбай отыр. Аудан әкімінің орынбасары да, аудан прокуроры да олардың мерзіміне қарамастан жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз есебінде тіркеуге тұра алатындығын айтты. Аудандық мәслихаттың депутаты Манарбек Кәрім қылмыс жасап бүгінге босап келген немесе мерзімін өтеп жүрген адамдарға халық қалаулылары атынан қолдан келген көмек көрсетілетіндігін жеткізді. Жұмыспен қамту бөлімінің меңгерушісі Сандуғаш Жармағанбетова жәрмеңкеге арнайы келіп, бос жұмыс орындарын ұсынып отырған ұйымдардың өкілдері пробация бөлімінде есепте тұрған азаматтармен еш кедергісіз әңгімелесіп, қажеттіліктерін шешеді деген үмітін білдірді. Жұмыс іздеп келгендердің басым бөлігі жеке кәсіпкерлерде жұмыс жасап жатқандығын, еңбекақысы жоғары жұмыс тауып аламын десе, бірнешеуі сол жерде ұсынылған жұмыс орындарына орналасуға уәделесті. Жеке кәсіпкерлерде жұмыс жасайтын азаматтар қолма-қол ақша алғандықтан, міндетті зейнетақы жарнасын төлеуге құлықсыз. Сонымен қатар, аудандық білім бөлімі, аурухана орталығы, халыққа қызмет көрсету орталығы, «Қарқаралы» ұлттық табиғи паркі мекемесі, «Қарағанды-Жарық» мекемесі, «Жастерек» балабақшасы, Қарағайлы кен байыту комбинаты өкілдері өздеріне қажетті мамандарды атап өтті.

Тиісті органдардың қатаң назарындағы азаматтардың қоғамнан шет қалмасын деген мақсатпен ұйымдастырылған осындай шаралары әлсіз топтардың әлеуетін артырып, елімізде қылмыс деңгейі біршама төмендейді деген сенім бар.

Сағыныш Әбілова,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button