Жаңалықтар

Әлеуметтік-мәдени хаб – өңірді дамыту тетігі

      Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қоғам сахнасына шыққалы он жылдың жүзі болыпты. Мұндағы мақсат – билік пен бизнес арасында байланыс орнату, кәсіпкерлікті әлеуметтік мәні зор жобаларға тарту. 2008 жылы қабырғасы қаланған ынтымақтастыққа байланысты оған негіз болар заң 2015 жылы қабылданды. Ал, былтыр кедергілерді жеңілдету үшін заңнамаға өзгерістер мен түзетулер енгізілген. Мемлекет пен жекеменшік сектордың арасында инфрақұрылымдық және қоғамдық қызмет көрсету жобаларын іске асыру мақсатындағы ынтымақтастық түрлі саланы қамтуы әбден мүмкін. Атап айтқанда, білім, денсаулық, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, энергетика және көлік. Бүгінгі таңда әріптестік балаларды мектепке дейінгі тәрбиеде, яғни, балабақша ісінде қанат жайғаны белгілі. Алайда, мұндай әлеует балабақшамен шектеліп қалмауы тиіс. Ол үшін «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ әріптестікті дамытудың жаңа құралдарын ойлап тауыпты. «Архимед тетігі» аталған құралды бейсенбі күні Қарағанды облысы әкімдігінде өткен семинарда орталық сарапшылары бизнес пен жергілікті билік өкілдеріне таныстырды.

«Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Матаев әріптестіктің протфелінде 714 жоба барын айтады. Оның 263 жобасына келісім жасалса, 18-і республикалық маңыздағы жоба көрінеді. Өткен жыл, тіпті, табысты болыпты.

Талғат МАТАЕВ, «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ-ы басқарма төрағасының орынбасары:

– 2017 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша 160 жоба тіркелді. Бұған дейін жылына 23 жоба еді. Осы 160 жоба қазынашылыққа тіркелді. Бүгінде қоғам мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке білек сыбана кірісуде.

Сонымен қатар, Талғат Матаев заңнамадағы өзгерістер арқылы әріптестікті қалыптастырудағы кезеңдердің қысқарғанын атап отыр. Мәселен, бұрын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша келісім жасау 6 айдан 1 жылға дейін созылса, енді 3 немесе 5 ай шамасында келісімге келуге мүмкіндік бар. Ал, орталық ұсынып отырған құрал, сарапшылардың айтуынша, аймақтарда, өңірлерде зор мәнге ие.

Бұл – «Архимед тетігі» қолшатырлық жоба» өнімінің арқалаған жүгі ауыр екен. Аталған тетік әлеуметтік-мәдени хаб құруды, «ақылды қаланы» дамытуды, жаңа қаржылық құралдар қолдануды және дизайндік ойлау арқылы кластерлеуді қарастырады.

Жаңа жоба құралдарының бірі – ол әлеуметтік-мәдени хаб. Ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қатысты қалыптасып қалған қасаң қағидаттарды бұзуға бағытталған. «Біз тірек нүктесін тауып, аймақты дамытуды ұсынып отырмыз» дейді орталық сарапшылары.

Орталықтың аға кеңесшісі Данабек Құрман мемлекет пен бизнестің әріптестігі тек әлеуметтік саланы дамытумен шектеліп қалмауы керектігін атайды.

«Сондықтан, бүгін біз өзіміздің жаңа өніміміз – «Архимед тетігін» ұсынып отырмыз. Оның мақсаты – қазіргі таңда қиын жағдайдағы барлық аймақтарды және аудандарды, ауылдарды қайта қалыпқа келтіру. Жыл басынан бері біз аймақтарды аралап, осындай семинарлар өткізіп келеміз. Барлық тиімді жүйелеріміз туралы айтып, қолшатырлық жобаны және кластерлеуді, әлеуметтік-мәдени хабты қалай іске қосуға болатынын көрсетеміз», – дейді Данабек Құрман.

Сарапшылар осы өнім һәм жоба арқылы ауданды немесе ауылды қалыпқа келтіруді 5-10 жыл аралығында іске асыруға болатынына сенімді. Бұл бұрын 20-30 жылға созылатын.

Сонымен, «Архимед тетігі» не ұсынады? Жоба – Қазақстанда батыс елдеріндегідей жастарға арналған жан-жақты инновациялы кітапханалар ашуды, онда тек кітаптар ғана емес, сонымен қатар, компьютерлік кабинеттердің орналасуын және әркім идеясымен еркін ұсына алатындай қолайлы ахуал қалыптастыруды көздейді. Бұл әлеуметтік-мәдени хаб қандай да бір өңірдің өркен жаюына ықпал етпек. Сол арқылы өңірлер серпін алмақ екен.

Дерек үшін. Сарапшылардың мәліметтерінше, шамамен ай сайын 29 жоба құрылып, әр үш күн сайын үш келісімшарт жасалады. Әрбір екінші келісімшарт бойынша жоба іске қосылу кезеңіне дейін жеткен. Қарағанды облысына мемлекеттік-жекеменшік әріптестікте 21 жоба бар, оның 4-і – білім беру және 17-сі денсаулық сақтау саласында көрінеді.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button