Ұлағаты ерек ұстаз еді

Өмір – таянарлық тірегі де, тайғанарлық әлегі де жетерлік тылсым дүние. Бірде нұрлы таңы күлімдер, енді бірде түнек-тұманы түсер сәттері сан адамның басынан өтері –ақиқат. Өзінің саналы өмірінің алпыс жылға жуығын ұстаздық қызметке арнап, ұрпақ бойына ұлтжандылық ұлағатын сіңіру бағытында ересен еңбек еткен, қоғамдық жұмыста белсенділік танытқан педогог, қаламгер, абайтанушы Ошақбай СУХАНБЕРЛИН – сондай тағдыр иесі еді. Зиялы зейнеткер, Абыройлы азамат фәни-жалғанмен биылғы жылдың ақпан айында қоштасты.

1936 жылы Жаңаарқа ауданында туған бүлдіршін 4 жасқа толғанда әкесі көз жұмады. түрлі кеселден аға-апалары да бірінің артынан бірі ерте шетінесе керек. «Үлгілі» ұжымшарында сауыншы болған анасы Дәмежан қайғыдан науқастанып, үйде отырып қалады. Күнкөріс тауқыметімен жас бала еңбекке ерте араласады. Ауылдағы қара жұмысқа жегіледі. 2-сыныпты бітірген 1945 жылы шешесі қайтыс болады. Дүниеден өтер алдында баласына «Құлыным, әкең – көпке адал қызмет еткен адам. Арабша білгендіктен ауылда молда болды. латынша сауаттылығы, әділдігі бағаланып, ауылнай сайланды. Бірақ, өмір қыспағын көп көрді. Сендерді оқыту, сауатты азамат етіп өсіру арманы еді.  Жазған-сызғандары – мына әбдіреде. Інішегің екеуің кейін оқырсыңдар, бұл – аманат», – деп бақұлдасқан екен.

«1946 жылы інім Қуаныш та қайтыс болды. Анашымның айтқаны – жадымда, әбдіреде – бөтен әріппен жазылған қағаз, кітаптар. Әр үйде, әр жерде оқи жүріп, соларды сақтауға тырыстым», – деп жазыпты Ошкең өз естелігінде.

1948 жылы Жаңаарқадағы ленин атындағы №1 орта мектептің 5-класына қабылданып, интернатында жатып, онжылдықты 1954 жылы бітірген. Үздік аттестат алған жас жігітті аудандық білім бөлімі Ақтаудың Қосағалы бөлімшесіндегі бастауыш мектепке мұғалім әрі меңгеруші қызметіне жібереді. Содан бір жылғы еңбекақысын жинап, ҚарПИ-дің физика-математика факультетіне түседі. Диплом алған соң жолдамамен Өспен орта мектебінде мұғалім болады.

Білім саласына жеті жылдай еңбек сіңіріп, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан, аудандық газеттегі жарияланымдары қабілетін айғақтаған жігерлі жігіт 1961 жылы республика жастарының делегациясы құрамында облыс атынан Венгрияға барып қайтады.

Дарынды жас қала мәртебесін иеленген Қаражалға ауыстырылады. 1977 жылға дейін мектеп мұғалімі, директордың орынбасары, директор болып, әдістемелік-басқару қызметінің қыр-сырын жетік меңгереді. Салалық басылымдарды саралай оқитын әмбебап әдіскер оқушылардың ғана емес, ұстаздардың да білім деңгейінің өсуіне ықпал етеді. Оларды курстардан өткізіп, тиімді әдістерді пайдалану тәсілдерін үйретеді. Білім сапасын арттырады. Оқушыларды оқу-өндірістік жұмысқа тарту, кәсіпке бағдарлау тәжірибелерін таратады, маңызды мәселелерді көтеріп, қаламгерлігімен танылады.

Бүгінде өзі ұйымдастырып, жетекшілік еткен үйірмелерге қатысып, мектепті үздік бітірген, жетістікке жеткен шәкірттері аз емес. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қайырбек Мұқажанов, профессор, қоғам қайраткері Айтқожа Фазылов, жазушы  теңізбай Рахымжанов – солардың қатарында.

Білікті маман 1977 жылы Шет ауданындағы кәсіптік-техникалық училище директорының оқу-өндірістік жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметіне ауыстырылады. Жаңалыққа жаны құштар, әсіресе, техника саласындағы өзгерістерді зерделеуге құштар азамат 80-ші жылдардың орта шенінде оқу бағдарламасына енгізілген информатика және есептеу техникасының негіздері пәніне ерекше мән береді. Жарты ғасырлық жасына да қарамай, арнайы курстарға қатысады. Қабілетімен дараланып, білім басқармасының ұсынысымен мұғалімдер мен мектеп басшыларына, тіпті, кәсіпкерлер мен фермерлерге арендалық қатынастарды, шаруашылық есептерді жүргізуде компьютерді пайдаланудың қыр-сырын үйрететін курстар ұйымдастырып өткізе бастайды.. Іс-тәжірибесі таратылып, осы пән оқытушыларының облыстық әдістемелік бірлестігіне жетекшілік етеді. Еңбегі бағаланып, есімі облыстық кәсіптік-техникалық білім басқармасының Құрмет тақтасына енгізіледі.

1997 жылы Қарағандыға қоныстанып, Жамбыл атындағы №7 дарынды балаларға арналған мектепинтернатқа жұмысқа орналасады. Дара қасиеті мұнда да мойындалады. Ұстаздың республикалық «Информатика – физика – математика» журналында жарияланған оқушылар мен жастардың компьютерлік білімін арттыруға арналған дербес бағдарламасымен танысқан мектеп директорының «Сіздің еңбек жолыңызды зерделеп, сөзіңізді естіп «алыптар да, алғырлар да ауылдан шығады» деген дана нақылдың шынайылығына көзім жеткендей», – деуі – соның айғағы.

Сол кездерде білім саласы басшылары үшін іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу жайы көкейкесті мәселе болатын. Осы бағытта Ошкең бастаған информатиктер жасаған бағдарлама ОблББҚБА және ҚДИ-дің мамандарымен келісіліп, білім басқармасында бекітіліп, 10-11 сынып оқушыларына «Компьютермен іс қағаздарын жүргізу» және «ЭЕМ операторы» мамандықтарын машықтандыру курстары ұйымдастырылады. түлектердің басым дені аттестатпен қоса, арнайы куәліктер алып, бірден жұмысқа орналасу мүмкіндігін иеленеді.

1998-1999 жылдары мемлекеттік стандартты бағдарламалардың болмауына байланысты мектеп есепшілерін тарификация, еңбекақы мен салықты есептеу, түбіртектер дайындауда компьютерді пайдалануға үйрету жайы да мейірлі маманның назарынан тыс қалмапты. Білім берудегі менеджмент мәселелерін, дарынды балаларды оқытудың әртүрлі педагогикалық технологияларын, мектепті әрі қарай дамытудың стратегиясын және тағы да басқа мәселелерді зерделеп, баспа беттерінде жариялап, қосымша оқу құралдарын типографиялық әдіспен шығаруды да қолданысқа енгізген. «БілімАл» бағдарламасын меңгерту ісіне  айрықша еңбек сіңірген. Жүздеген шәкірттерін былай қойғанда, әріптестеріне де компью тер мүмкіндігін толық меңгерткен.

Әріптес ағаның зейнет демалысында жүрген кезіндегі қарымды қаракеттері де аз емес. 2014-2016 жылдары «Қарағанды облысының ұлағатты ұстаздары» энциклопедиясы деректерін компьютерге енгізіп, оларды екі тілде дайындаудағы біліктілігіне, еңбекқорлығына талайлар тәнті болыпты. Сауатты азамат рухани жаңғыруға, әсіресе, латын әліпбиіне көшуге байланысты мәселелерді талдап, тамаша тәжірибелерін тарата білді. Ошкең – әкесінен қалған, өзі жинақтаған латын тіліндегі көптеген кітапты облыстық кітапханаларға, мектептерге тарту еткен адам.

Асқақ рухты азамат қоғам тарапынан лайықты құрмет көріп отырғаны анық. «тың жерлерді игергені үшін» (1958), «Социалистік жарыстың жеңімпазы» (1980), Еңбек ардагері» (1989), «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ творчестволық бірлестігінің «Ұлт мақтанышы» (2015), «1941-1945 жж. Жеңістің 70 жылдығы» мерейтойлық  медальдарының (2015), «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» (1993), «ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» (2013) төсбелгілерінің, Беларусь Президентінің Белоруссияның неміс-фашист басқыншыларынан азат етілуінің 70 жылдығына орай берген Алғыс хатының (2014), облыс әкімі сыйлығының (2019) иегері. Облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегі Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын алған.

Қазақстан Журналистер одағының, облыстық Рашит Хасенов атындағы  педагогикалық мұражай кеңесінің, Жамбыл атындағы №7 мектеп-интернаты ардагерлер ұйымының мүшесі, Октябрь аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыру-әдістемелік комиссиясының төрағасы болды. «Орталық Қазақстан» газеті, «Қазақстан ұстазы» журналының тұрақты авторларының бірі еді.

Саналы ғұмырында салиқалы тірлік кешкен асыл азаматтың алуан қырлы ерекшеліктерін бір мақала аясында толық ашып көрсету, әсте, мүмкін емес. Ол сөздің шынайы мағынасында ағартушы ұстаз еді. Сол қасиетімен жұрт жадында мәңгі қалары күмәнсіз.

Жатқан жері жарық, топырағы торқа болғай!..

Тілеуғалы ӘМІРТАЙҰЛЫ,

әріптес, қаламдас досы.