Ұлағатқа толы Рух сапары

«Атың барда жер таны желіп жүріп…» – деуші еді қайран Алаш, атың да, атағың да айбынды еді-ау. Бабасының мекен-жайын мекеменің мөрімен емес, қонақжайлы төрімен, тіпті болмаса, моласымен, көрімен дәлелдеп беретін керемет ел едік қой. Бірақ, ұлтымыздың ұясын «жарнамашыл» қонақ пен «жаңа қазаққа» қалай ұқтырасың?!.. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес, «Өз өлкеңді таны» жобасы аясында өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елтану» республикалық туристік-өлкетану экспедициясының діттеген дүниесі осы болатын. Саналы саяхаттың мақсаты – Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім үлгісін ұсыну, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ілгерілету және жүзеге асыру, қазақстандық бірегейлік пен ұлттық бірлікті нығайту, Қазақстан халқының тарихи-мәдени және рухани мұрасын сақтау.

ЗИЯЛЫ ЗИЯРАТ

Қарағандылықтар осы жолы көршілес Павлодар облысы мен Шығыс Қазақстан облысының киелі жерлерін аралап, облыс аймақтарындағы тарихи ескерткіштерді зерттеуге қадам басты. Нысаналы жолға ниет қылған экспедицияға ҚХА этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, «Жаңғыру жолы» қозғалысының жастары, ҚХА ғылымисараптамалық тобының мүшелері, қоғам және өнер қайраткерлері, ғалымдар мен сарапшылар және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қосылды. Қазанның сегізі күні Қарағандыдағы «Достық үйінде» жергілікті БАҚ өкілдерімен кішігірім кеңес өткізіп, бағыт-бағдарымызды айқындап, мақсаты мен мүддесін салмақтап, батаға бет сипадық. Бағытымызды болжадық. Ат жегілді, қоржын салынды, ақ жол айтылды. Сөйтіп, қорым аралап, қоржын толтырудың қамы емес, рух жолындағы ырысты бағытқа бел будық. Экспедицияға екшеп алынған ел мен жердің салмағын түйсінетін отыз адам да осыны түсінсе керек.

ДҰҒА БАСЫ – ДАЛБА ТАУ

Облыс орталығынан солтүстік шығысты бетке алып, Ботақара тауын бауырлай Бұқар жырау ауданының орталығындағы баба ескерткішіне ат басын тіредік. Аудандық мәдениет бөлімінің өнерпаздары шашусәнімен қарсы алып, тілегімен, әнімен шығарып салды. Ел мұратын мызғытпайтын жырау мүсініне гүл шоқтарын қойып, жолымызды 170 шақырым жердегі Далба тауына қарай жалғадық.

Түске таман ұлы жырау Бұқар Қалқаманұлының кесенесіне келдік. Келісті кесененің шырақшысы Әлихан Уәлиев баба жолы жайлы шарапатты әңгімелер айтып, құран оқып, мазар жанында жасақталған тамаша мұражаймен көзайым қылды. Жәдігерге толы музей көзді арбап, көңілді толқытады. Бір қабырғада қозының терісіндей қыш тастарға «Он бір тілекті» жекежеке жазып қойыпты. Мұны көрген ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың доценті Нұрсахан Бейсенбекова «Мына тілектерді мемлекеттік мекемелер кеңселерінің ішіне іліп қоюға да болады екен» – деді балаша қуанып.

Мен өз ойыммен кеттім…

 

Бұқар бабам!

Жырау бар ма жұрты

 үшін жұқармаған?

Батырына рухтан ырыс құйып,

Жақынына жырымен құт арнаған.

 

Алтынторым!

Ата-баба, аңыз ғой алтын тоның…

Хандар киген қамқаға қамшы бұрып,

Қараңғы үйден жаққандай

 халқың шамын.

 

Қалқаманнан!

Бұқарадан мына көш Арқа барған.

Далба таудан даңқыңа дұға жасап,

Балбал тас боп, баласын тартады

 арман.

 

Далба тауы!

Бөрі жыр мен бабаның қалды атауы.

Қалба тауы – шығыста шекара боп,

Алға тағы сұрадық жол-батаны.

 

Он бір тілек!

Бір Алладан жазған соң, күн күркіреп.

Мөлдір-әлем, күй болып домбырамен,

Ол бір өлең, жаза алмай жүрмін тілеп…

Біреулер «Бұл діни зиярат емес қой», – десе, «ширк», – деп шалқаятындар да табылар… Жан мен қанның арасындағы ырысты байланыс Рух болса керек, сана соның әлсіздігінен суалады-ау. Сонымен дұғалы, дұрыс бағытымызды Далба таудан әрі дамыттық.

Жолдар, жолдар… Осылайша, Қарағанды облысының шекарасынан шығып, Павлодар аймағының Баянауыл ауданына келіп кірдік. Бұл – кемері зор ғалымдар мен кемелі мол азаматтарды дүниеге әкелген Ақкелін болысы. Академик Қылыш Бабаев атындағы ауыл мен Төрткөл төңірегін төтелей өтіп, Хан тасы жақпарын жағалай, Шаңтимес тауын қапталдай алып, әйгілі мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф, фольклорист Мұса Шормановтың кесенесіне келдік. Мұса мырзаның маңында жатқан Сәдуақас Смағұлов сынды жандардың рухына құран оқылып, бұл қорымдағылар жайында құнды әңгімелер айтылды. Мені қызықтырған мәлімет – Мұса Шорманұлы патшалық Ресейдің пәрмені жүріп тұрған шақтың өзінде, Сібір қазақтарынан 60 мың адамды көшіріп әкеліп, округке орналастырған екен. Міне, саған аманат!

Мұса мырза!

Айналып, ақ мәрмәрді құшамын ба?!

Қазақтың қонатынын Құдай білген,

Тек сол білген биікке ұшарын да!

 

Мұса мырза!

Алпыс мыңның аяулы құшағында,

Сіз әкелген топырақ толқып барып,

Айналады алапат күш-ағынға!

Мұса мырза!

Алтайдағы туыстар тұсалуда…

Жылатпасын, жебей жүр Рухыңменен!

Құлатпасын, Құдайым құса-мұңға…

Бұл кезде алыстағы Ақбет тауы кешкі күннің шуағына шомылып, шашақталған күзгі шұғыласын бізбен бөлісті. Бұдан кейін біраз жерді артқа тастап, іңір қараңғылығында ұлы ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, философ, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесін көру мәртебесіне ие болдық. Бізді бұл жерде Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Қанат Кәрімов пен Мәшһүр Жүсіп кесенесінің шырақшысы, тақуа-таланттың өз немересі Қажымұқан Пазылов қарсы алды. Мазарына Құран оқып, маңызды мәліметтердің тиегін ағытты. Мәшекең жарықтық 1858 жылы қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Қызылтау бауырындағы Найзатас деген жерде туған. 1863-1868 жылдары Баянауылда Байжан қазіреттің ұйымдастыруымен ашылған медреседе Нәжметдин молдадан дәріс алады. 1866 жылы Шорманның Мұсасы Адам Жүсіпке «Мәшһүр» қастерлі атауын беріп, азан шақырып қойған аты Адам Жүсіп Мәшһүр Жүсіпке алмастырылды. Ел арасы әкесі Көпжасарды «Көпей» атап, сонымен Адам Жүсіп қазақ тарихына Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы болып енген. Мұсылман қауымының ата-бабамыздан бергі діни ұстанымы сопылық болатын. Рухтың ырқымен жазылған баға жетпес дүниелері мен тақсырдың өзі тұтынған бұйымдары музей сөресінде небір тарихтан сыр шертеді. Құдай сүйген ақынның құлпытасына көтерілер тұстағы тасқа қашалған жырлар – өмір баспалдағының өнегесі іспетті. «Адамзатқа үлкен қауіп – айсбергтер еріп жатыр» – дейді, ал адам жүрегін қалай жібітеміз?!..

 

МҮҺМИН-МӘШҺҮР

 

Тасқа бастық небір сөзді,

Таспалардан көңіл тозды…

Тақуадан – таста жазу,

Тітіркеніп, сезім төзді.

Тақсыр, бізде басқаша бу,

Қаракөк түн көңіл кезді.

Жалғандығын жасқаса өмір,

Жаннан бұрын көңіл сенді…

 

Пақырыңыз шықты да алға-ай,

Өлең оқып, құт қылардай…

Пайда ойламай, пайым айтып,

Көрген еді мықтылардай.

Ұлтым үшін уайымдайтын,

Шерім де бар шық – тұмардай.

Кейбіреуге ойым қайшы…

Рух барын ұқтыра алмай.

 

Алла деген тұр антыңыз!

Ақпараттар – Құран тығыз.

Бәрзақты ойлап дәріс-ғылым,

Бізге жолын Сіз айтыңыз!

Атомда да дауыс – діріл…

Бар дейді ғой Квантыңыз.

Сопылардан ауысты жыр,

Апарады-ау бұған түбі із…

 

Осылайша, дала жолымен даналар жолы шарпысып жатты. Мәшкеңнің кесенесі жанындағы қонақ үйде кешкі асымызды ішіп, ғибратты аныз-әңгімелер тыңдадық. Тыңдата да білдік, өйткені, біздің топ та өнерден кенде емес. Қылқобызын қолға алып, тереңінен толғататын Әлібек Бимендин бауырымыз – «Қазақмыс» корпорациясы Нұрқазған кенішінің инженері. Күй өнерінің тағы бір танымал өкілі Мадияр Сүлейменов – Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің оқытушысы, қазақтың қара домбырасын қанатына балаған өнерпаз. Олар алғашқы күннің абыройлы әсерін сырлы аспаптардың сүйемелімен баяндады. Сәлден соң, сапарға шықтық. Сазды әуеннен әупірімдеп салқын ауаға араластық. Баянауыл бағытындағы жөнделіп жатқан қырма жолдан асфальтқа іліккенде елдің алды ұйқыға кетті. Пейілімізге қарай түнделетіп жеткен тұрағымыз – аудан орталығындағы «Ақниет» қонақ үйі екен.

 

БАҒЫ БИІК БАЯНАУЫЛ

 Баянның күзгі таңы баяу атты. Түн де қымтанып жата тұрғысы келеді, күн де таңғы ызғарды ыждаһатпен басады. Табиғи болмыстың өлара шағы. Тоғызыншы қазанда таңертең Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ерлан Құсайынның бастамасымен экспедиция мүшелері жергілікті халықпен кездесті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын талқылап, өркендеу негізіндегі өлкетану сапарлары жайында сыр шерттік. Ресми түсініктемелерден кейін сөз алған сапарласымыз – Қарағандыдағы «Болашақ» академиясының профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Болат Сыздық болатын. Заңгер ұстаздың айтуынша, көңіл көргеніне сенеді, сол арқылы естігенді түйсікке байлайды. Бірге келе жатқандар қатарында Қарағанды облыстық ҚХА «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы өңірлік штабының мүшесі, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың 3-курс студенті Ханануз Расулова, өңірлік штабтың тағы бір мүшесі, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті Экономика, бизнес және құқық колледжінің студенті Елизавета Седышева, Шет ауданы, Ақсу-Аюлы ауылындағы Ж.Ақылбаев атындағы эксперименталдық мектепгимназияның 11-сынып оқушысы Евгений Янке бар. Осындай отаншыл жастар жайында жылы лебіз айтылып, тілін білмей төмен қараған жандардың алдында оларға да сөз берілді.

Түскі ас тойға айналғандай, жергілікті билік ас үстінде «ауылдың аты ауызын» орындатып, Баянауыл өнерпаздары әнмен сусындатты. «Қонақкәде» рәсімі де құр қалған жоқ. Дәмнен кейін табиғат қорықшыларының жетегімен Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркімен таныстық. Аудан орталығындағы Қ.Сәтбаев атындағы мұражай, Мұса мырза мешітіне бардық. Абылайхан тасы, Қажымұқан тасы… Тас белгілерді көргенде тамыр тереңінен толқып, көзіңде шық пайда болады. Бұл әсерді аудандық «Баянтау» газетінің бас редакторы Еламан Қабыләшім бауырым жырымен баптады.

ҚАЖЫМҰҚАН КӨТЕРГЕН ТАС

 Әйгілі балуан Қажымұқан Баянауылға Қазақ автономиясының бір жылдық мерейтойына Қаныш Сәтбаевтің арнайы шақыруымен келген екен. Сол келгенде Қуанышбайдың Сүбегі деген ұстаның үйіне түскен. Тойдан қайтарда «Менен не қалайсың?» – деп сұрайды балуан үй иесінен. Сүбек анадай төбе үстінде дөңкиіп жатқан алып тасты көрсетіп, «Дүкенімнің жанына әкеліп тастаңыз, үрім-бұтағыма «Қажымұқан әкеліп қойған тас» деп айтып жүрейін, бар қалауым – осы» – депті. Сүбектің «қалауын» орындаған соң Қажымұқан онымен құшақтасып, қош айтысып жүріп кетеді.

Сол кезден бастап, әлгі адам құшағы жетпейтін алып тас «Қажымұқан тасы» аталып кеткен. Қажымұқан тасы бүгінде бабадан қалған қасиетті белгідей орталық алаңда тұр. Баянауыл өңіріне келушілер оған соқпай өтпейді – таңданбай кетпейді.

Тастың бетінде:

«Қажымұқанның әлемге даңқы

 жеткен,

Баянға ол талай рет келіп-кеткен.

Бұл тасты көтеріп алып келіп,

Сүбек ұста досына тарту еткен», –

деп жазылған.

Ал, ақын Еламан Қабыләшім:

Секірдік тоңып көптен,

 тойып көптен…

Ұрпаққа ұлылықтан ой ұқ, – деп пе ең.

Қажымұқан таспен бірге көтеріп кеп,

Қазағымның рухын қойып кеткен.

Дүнияның мысалы – боран долы,

Қалтыраса, кетеді қоғам кері.

Ерлер еңсе түсіріп көрген емес –

Ездер езу тартқан жоқ содан бері.

Содан бері келеді таңданып ел,

Жоламаған сол тасқа арланып ер.

Ұққан жан қасиетін қара тастың,

Тас салмағы – намыстың салмағы дер.

Семсердейін сертке тек бастайды ерік,

(Көз жеткен, келем ұғып,

 жастай көріп).

Балуан дос ұста доспен сыйласқан соң,

Орнаған ұлы сенім тастай берік.

Қара тас бұл көзіндей, рас, көненің,

Көне көзден үйірілген жас көремін.

Қасиетіңнен айналдым, қайран баба,

Аспандатып жіберген тас беделін, – деп жырлайды.

Аймақтың табиғаты мен тарихын тану үшін туған жерін шынайы сүйетін Алтынбек ағаға ілестік. Жасыбай көлінің жағасындағы табиғи қорық орналасқан Қызылтауға жеткенше тұлғалар тарихы, олардың туған-туыс, тұқым-жұрағаттары жайында, маңайдағы тауы мен қыры, өзен мен көлін қоса көркемдеген ғажайып әңгімелерге қанық қылды. «Жасыбай» демалыс орнына қарай бағыт алдық. Бұл жерден белгілі тарихшы, қазақтан танылған тұңғыш тарих ғылымдарының докторы Ермұхан Бекмахановтың, археолог ғалым Әлкей Марғұланның, сазгер-әнші Жаяу Мұса Байжанұлының, өзімізден өрбіген тұңғыш жоғары білімді дәрігер Әміре Айтбақиннің, атақты энергетик Шапық Шокиннің туған жерлерін, қоныстарын көрдік. Қасымда Қарағандыдағы №61 мектептің әдебиет пәнінің ұстазы Дидар Төрегелдина республикалық Абай, Махамбет оқуларының жүлдегері, 10-сынып оқушысы Ділназ Мұратқа қарағайлы тау табиғатының тамашаларын айтып келеді. Ойды ой қозғайды…

 

БОЯУ ТАУ

Баянтауға сары күзбен сән кірді,

Баянауыл басында әсем ән тұрды.

Адамдардай тақ-тұғырға талпынған,

Ағаштар да қартаяды әртүрлі…

Ақ қайың мен тал-терекке – қыс қайғы,

Қызыл-сары жапырақтан

 шық тайды…

Бұйра-бұйра Баянтауға ой – арқау,

Сол бір қыздың шаштарына ұқсайды.

Күзге келіп, тірелердей барша мұң,

Сарғайғанға сыр айтудан шаршадым.

Қылқанымен қыс-аязда қыңқ етпес,

Қадірі артық қарағай мен аршаның.

 Баянауыл, бойда өлең қалқиды,

Бояуына бар дүние балқиды.

Адамдар да боянады демесең,

Ағаштардай қартаяды әрқилы…

«Қоңыр-Әулие» – ықылым заманнан елдің кие тұтқан жері. Бұл араға кезінде Бұқар жырау, Абылай хан, Мәшһүр Жүсіп, Мәстек абыз тәрізді танымал адамдар келіп, бір Аллаға мінәжат етіп, зиярат қылған. Баянауыл тауындағы биік шыңның жоғары жағында орналасқан. Бұл – құздағы тарылып, ұзартылған үш камералы бөлмеден тұратын үңгір. Соңғы бөлмесінде «қазандық» бар екен. Осы тас астаулы қазандықта су пайда болады. Бұл жерге жыл он екі ай діні мен тілі бөлек жандардың тізбегі ағылып жатады екен. ҚР Үздік өлкетанушысы, киелі жердің күзетшісі – Алтынбек Жұманұлының айтуынша, күннен бері, діннен әріде жатқан көне кездерде бұл үңгір ғибадат орны. Билікке келген қаған осы жерде Көк Тәңірдің алдында ант береді-мыс. «ҚоңырӘулие» атты тас үңгірлер Қазақ елінің біраз жерінде кездеседі. Табиғи жәдігер «Жасыбай» демалыс орнынан 5 шақырым жерде екен. «Қоғамдық келісім» КММ ғылымисараптамалық бөлімінің басшысы, тарих ғылымдарының магистрі Думан Малаев тарихтың көмбесі болған көне тастарға таңдай қағады. Мұнда Жасыбай көлі, Арғымақтас, Сақтар қорғаны, Ә.Марғұлан, Жаяу Мұса, Е.Бекмаханов, А.Айтбакин, Ш.Аймановтың аспан асты мұражайлары, Олжабай батыр қорғаны, Жасыбай батыр кесенесі, Кемпіртас, С.Торайғыров атындағы демалыс орны бар екен. Сол күнгі сапар соңында Торайғыров атындағы ауылға тоқтадық. Кішкене ғана ауылдағы Сұлтанмахмұт мұражайының жабдықталуы мен сәулеті де бөлек екен. Бастауыш сынып оқушылары ақын аталарының өлеңдерін оқыды. «Қараңғы қазақ көгіне күн болу» мақсаты осы шығар. Музей меңгерушісіне өз қоржынымыздан кәдесый ретінде құнды кітаптар тапсырдық. Экспедиция мүшелері естелік жазбалар кітабына тілектерін қалдырып, беймезгіл уақытта қарсы алған ауыл адамдарына алғыс білдірді.

Аманат орнының арғы жағындағы тау етегінде «Сәкеннің жартасы» аталатын он алты қабатты үйдей одырайған құзжақпар тұр. Бұл «Тар жол, тайғақ кешуде» айтылғандай, боздақтың атаманнан біраз бой тасалаған орны екен. 125 жылдығы тойланған ақын-қайраткер жайында мардымды мәлімет болғанымен, белгітасына барып, бет сипай алмай жүрміз. Сондықтан, Сәкеннің рухын сары даланың әр түпкірінен іздейміз…

Беу, Баянауыл! Қатпарыңдағы қастерлі жандардың қабіріне бардық, танымын білдік, тамырын бастық, тарихын ұқтық. Жақпарыңнан жанға демеу болатын Рухтың дәмін сезіндік. Бар бол, бақ мекені Баянтау!

ПАВЛОДАРДАҒЫ ПАЙЫМ

Руслан боп жүргеніме биыл 45 жыл. Ұлтжанды таныстарым «Ныспыңды өзгертпейсің бе?» – деп қағытады. Мен болсам «Азан шақырып қойған атым (шынымен өзі шақырды ма екен?!) оның үстіне бұл атау түркі тұқымына жақын ғой» – деп жалтарамын. «Павельдің тартуы» қызық, ә?.. Ертістің жағасындағы өз жеріміз емес пе? Орынбор мен Омбыны алғаны аздай, бізге тегін беретіндей ол не бәсіре?! Ойлап қараңызшы, Аллаберген, Құдайберген деген есімдер секілді кім өз баласына Көршіберген деген ат қояды екен. Қожаберген қоштаса алмаған далада, «Паша берген» деген қала бар. Қойшы, сонымен Ертісті ен жайлаған Қазақстандағы шағын және ерекше тазалығымен танылған тамаша шаһарға келдік. Облыс орталығының іргесінде үлкенді-кішілі оншақты өндіріс орны жұмыс жасайды. Көпұлтты шырайлы шаһардың шамасына қарай көпқырлы кәсібі де бар. Ертеңіне қаладағы «Достық үйіне» бардық. Этномәдени бірлестіктер мен «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының өкілдері, ғылымисараптамалық топ, Қоғамдық келісім, Аналар кеңестері мүшелерімен кездесу өткіздік. Басқарма басшыларының қошеметті ниеттерінен кейін біздің экспедиция мүшелеріне де сөз берілді. Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Әсем Сағатова көзайым болған көңілді қауымға алғысын білдірді. Қарағанды облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Майра Абдрахманова бабалар мұрасының балалар тәрбиесіне бағыт болатынын баяндаса, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дан магистр Ернар Кейкин «Елтану» экспедициясының ерекшелігіне тоқталды. Ал, журналист-аудармашы, Абай ілімін ағылшын тілінде насихаттаушы Ернар Мелсұлы өз тіліңді біле отырып, өзге тілді меңгеру – болашақтың тірегі деген ойын жеткізді.

Естайдың елі өз өнерпаздарымен серпілтіп, ортаға серілерін шығарды. Біздің жігіттер де жайбарақат қалған жоқ. Әлібек қыл қобызға қосылып, отырғандардың құйқасын шымырлатты. Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі Ришат Шәбденов Арқа әндерінің ажарын танытты. Ал, күйші Мадияр шертпе күймен шалқытып, көпшіліктің көңілін көкке қалқытты.

Қос қала жастарының рухани-материалдық байланысы мақсатында «Жаңғырту жолы» республикалық жастар қозғалысы мен облыс жастары арасындағы әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды. Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайын аралап, Ә.Марғұлан атындағы археологиялық орталықта болдық. Онымен жапсарлас орналасқан Жошы ханның жұрағаты, қоғам қайраткері Сұлтанбет сұлтанның өзі салғызған шаңырағын көрдік. Ұрпақтары қайта жөндеуден өткізіп, қаладағы мәдени ошаққа айналыпты. Төре әулетінен қалған шаңырақты ұстап отырған Аманжол Хамзин ақсақалдың сүбелі сөзіне құлақ түрдік. Күн бесінге жете бере, қаланың қақ ортасындағы Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешітке бас сұқтық. Ерекше сәулетпен салынған ғибадат орны жайлы имамның әңгімесін тыңдадық. Бұл өңірдегі сапарды Далба таудағы дұғамен бастадық, Мәшкең атындағы мешітте аяқтап, Алаш астанасы болған Семейге бағыт алдық.

«АСТЫМА МІНГЕН АТЫМ ГЕНАДУШКА!»

 Семейге кешкі салқынмен шыққанбыз. Жарты жолға дейін алған әсерімізді айтып, әңгімелесіп келе жатыр едік, біраздан кейін көбіміздің басымыз әртүрлі бағытқа қисая бастады. Мен де қалғып-мүлгіп келемін. Бұл – Павлодар мен Семейдің арасындағы тақтайдай тамаша жол. Қазба байлықтың қорын Қаныш анықтаса, жазба әдебиеттің әдебін Абай дендетті. Яғни, бұл бағыт – қазба байлық пен жазба байлықтың алтын көпірі.

Әредік арт жақтағы әңгімеге құлақ түремін. Ондағы елдің арасында Николай Смолин деген отызында орда бұзар орыс жерлесім отыр. Өзінің қазақ тілін жетік меңгеруі арқылы жеткен қызмет дәрежесі де баршылық. Қарқаралы ауданы білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері.

Өлкетану тобындағы өзге ұлт өкілдерінің бозбала-бойжеткендері жарасымды әңгіме мен қазақы қалжыңнан қалыс қалмайды. Қоңыр-Әулие басында Елизавета суретке түсейін деп майысып тұр екен. Фотограф Тәттімбет атындағы ұлтаспаптар оркестрінің дирижері Ерлан Бақтыгерей болатын. Сәл қымсынса бетіне қызыл жүгіретін Лизаға разы болған Ерекең «Не деген қылықты қызсың? Сені, тіпті, бір балама әперіп, келін қылуға болады» – дейді ғой. Сол кезде монтиып тұрған сары қыз жұлып алғандай «Қалың малы қымбат болып кетпесе…» деп жымиып тұр. Ұтымды жауапқа ырза болған бәріміз тауды жаңғырта күлдік. Тобымызда жер ортасына жақындаған Еркідір атты блогер аға болатын. Ылғи қолында сабы бар жұдырықтай камерамен жәдігерлерді түсіріп, сұхбаттар алып жүретін. Содан Женя «Аға, мынау камераңыз қанша тұрады?» – деп сұраса керек. Ерекең «Өте қымбат, 150 мың шамасында» – депті. Сонда Женя «Үйбай, одан да ол ақшаға жабағы сатып алмаймын ба» – деп, өзін жұбатқан екен… «Жүрейік, ойнапкүліп молодушка…»

СОҚТЫҚПАЛЫ, СОҚПАҚСЫЗ СЕМЕЙ!

Иә, Семейдің жолы сонау ғасырлардан бері кімді кездестірмеді, нені бастан кешпеді?… «Ақ қашып, қызыл қуған замандаақ» туға таласқандар бұл жерді тозған тулақтай ту-талақайын шығарды. Ұпай жинағандар мен Ұлтын сақтаймын деп Қытайға жиналғандардың қырғыны болды бұл жерде. Тұранның тұмарындай болған төңірекке атом сынақтарын жасап, елдің жігерін жасытқаны тағы бар… Сонда да, қазақ тарихында Алаш астанасы болып қалған семсерлі Семей! Ассалаумағалейкум!

Түн қараңғылығында тарихи Семейдің табалдырығына жеттік. Қазанның ызғарын ыстық ықыласымен қайтарып, қала басшылығы мен «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері, Ертістің ерке өнерпаздары ерекше құрметпен қарсы алды. Шамдары самаладай жарқыраған Семейдің төріне тарттық. Алдымызда дәрежемізді көтере-көрсетіп, қызыл-жасылды шамын қиқулатып, полиция көлігі келеді. Мадияр күйшіге мойын бұрып «Мәссаған, Мәдош! Небір батыр, ақын әнші-күйшілерді күйзеліске салған Семей еді… Атылып кеткені қаншама?.. Ақырғы құрбандық – Қайраттың өзі осында қаза болды, енді ерекше мәртебемен екеуміз кіріп келеміз. Қалай болар екен, ә?» – деймін. Мадияр жай ғана «Тәуелсіздіктің арқасы ғой…» дейді. Бұл сөзде заман ауысымында алтын көпір болған Семей қаласының салмағы жатыр. Ертістің екі жағына өтетін ерекше сәулетпен салынған Семей көпірі керім келешектей көз тартады.

Туған даланың тарихына таразы болған Семей шаһарындағы «Турист» қонақ үйіне орналастық. Ертеңіне экспедиция мүшелері қала орталығындағы Алаштың ақылманы, хакім Абайдың ескертішіне тәу етіп, гүл шоқтарын қойды. Содан кейін «Достық үйінде» жастармен, қоғамдық ұйымдардың мүшелерімен кездесу өткіздік. Кездесуде Елбасының қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісі жобасы талаптарын түсіндіріп, өз тарапымыздан кішігірім қойылымдар ұсындық. Достық шаңырағы астында ардагерлер алқасы мен аналар ансамблі, қалалық «Қазақ тілі» қоғамы мен түрлі этностар бірлестіктері отыр. Екі тараптан жергілікті кітапхана мен баспаханалар атынан естелікке құнды кітаптар табысталды. Бұл жерде де біздің жастар тобының мүшелері «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысымен меморандумға қол қойды.

Сол кездесуден кейін ұлт мақтанышы Абайдың атамекеніне бағыт алдық. Абай жолы – ауыр жол. Мұқаң жазған «Асуда», «Белде», «Тайғақта» тараулары соқпақсыз жолдың сорын айтады. Ал, біз бағыт алған жол тарихи-мәдени жерлерді кестелей өтіп, жыландай ирелеңдеп жатыр. Бір жарым сағат көлемінде Бөрілідегі Мұхтар Әуезов мұражайына жеттік. Мұражай маңындағы қорымда әлемге Әуезовтей жазушыны әкелген Омархан ата мен Нұржамал ана жатыр екен. Құран оқып, дұға бағыштадық.

Мұражай шырақшысы Шағжан Исабаев ақпейіл азамат көрінді. Абай мен Мұхтардың айналасындағы небір әңгімелерді өзіндік мимикамен әдемі жеткізеді. Музей бөлмелерін аралатып, мәліметтерді баяндап жүргенде құдды бір аудиокітап тыңдағандай әсерде боласыз. Кез келген әңгімені көркемдей біледі екен. Ұлылар мен олардың туған-туыстары жайындағы мүлтіксіз деректердің көбі осындай кісілердің миында хатталады. Шағаң жүректің шамшырағын бөлмелердің шамымен қоса жақты…

БӨРІЛІДЕ

Өр жандар еді өңірі,

Жазылды содан том ірі.

Бөріліден – бөлтірік,

Орыныңа кел тұрып…

Қожекеңнің қоңыры.

Абайдың да жолы – ұлы,

Жидебайда қорымы.

Әуезовтің әлемі,

Сізге де бар сәлемі,

Қожекеңнің қоңыры.

Шыңғыстауда тамыры,

Алатауда қабірі.

Тамаша үміт көктердей,

Жаңа шығып кеткендей,

Қожекеңнің қоңыры –

Қазекемнің өмірі…

Шырақшы Шағжан ағамыз шырайлы әңгімесін айта жүріп, әрі қарай бізбен сапарлас болуға келісті. Іңкәрлікпен екінің біріне аңыз боп тараған Еңлік-Кебек ескерткішіне келдік. Шағаң сол кездегі үкім шыққан төбені көрсетті. Сол жерден он-он бес шақырым атқа сүйретіліп сүйектері жеткен жерге Махаббат мұнарасы қойылыпты. Басына бір сәт мұңмен аялдап, аят оқып, Жексен, Болат ағаларым дұға жасады. Мұнара жанында бір-біріне сүйенген қыз-жігіттің әдемі мүсіні тұр. Жолдан зеріккен апайлары жақсы көрініс жасағысы келді ме, топ ішінен таңдап әкеліп Мадияр мен Елизаветаға сол бір балғын бейнелерді қайталатып суретке түсірді. Сурет қатып кетті… мен де ойға батып кеттім…

ЕКЕУ

Дүние-дүрмек шүйліксе, о, іңкәрлік

 сені іліп!

Масайрайды мырзалар махаббаты

 кеміріп.

Не деп сенем балама, сен өтпеген

өткен бар…

Шелектеген шер-мұңы Кебек

пенен Еңлік!

Махаббатпен жаратқан аспан

 менен жер – ұлық,

Көкбөрі күй қайтады көктегі айға

 кері ұлып.

Мұңға бөккен жан екен, жырға

 кеткен ер Кебек,

Шыңға өскен гүл екен, шын дәметсең

 Еңлік!

Сендерді де жаратқан сезімтал ғып,

 сері ғып,

Махаббат пен достықтың қай

 кезде де төрі нық.

Тылсымы ауыр күй екен, құлшына

 жыр жазбадым,

Күйші бауыр – Мадияр,

 Елизавета – Еңлік!

Қай кезде де сендерді қалдырмайды

 ел ұмыт.

Үкім шыққан төбеде, үрей тұрды –

 өлі үміт…

Бақ сүймеген тірліктен, таптың

 күйме көкке ұштың,

Ат сүйреген ер Кебек, нақ

 гүлдеген Еңлік!

Еңлік пен Кебектің мұңы жалқы мұң боп әр жүректе қалады. Ал, халқының мұңы мен жалпының қайғысын көтерген Абайдың шері әлі де шешілмей келеді. Біздің ниетіміздің негізгі бағыттарының бірі – Шыңғыстаудан шыңға шыққан дана Абай мен Шәкәрім қажының мұражайқорымына бару. Ақшам кіре асфальт жолмен ағып отырып, қазақтың бас ақыны, ұлы ойшылы Абай Құнанбаевтың Жидебайдағы үйі – «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорықмузейіне келдік. Ибраһим Құнанбайұлы мен Шаһкерім Құдайбердіұлы моласының сыртқы сәулеті тамаша сомдалған екен. Шығыс үлгісімен салынған шағын қамалдың іші амфитеатрдан бірақ шығарады. Осы баспалдақтар арқылы қос ғұламаның ғұмырының нүктесі қойылған мазарына көтерілесіз. «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені. Абай мұнарасының биіктігі – 32,5 метр, ал Шәкәрім мұнарасының биіктігі – 31,5 метр Кесененiң iргетасының ұзындығы – 200 метр. Көлдеңiнен (енi) – 65 метр, биіктігі – 5 метр. Қабірлер арасы – 140 метр екен. Мұражай қызметкері Айқын қонақтарға құрылыстың құрылымы жайында, ел мен ерен ерлері жайында ақпар беріп отырды. Елдің санасына шырақ жағып, Шығыс пен Батыстың өнегесін ақтарып, қайтсем халқымды қасіреттен шығарамын деген жандардың рухтарына бағышталып құран оқылды. Дұға жасап, жүректегі алаңды басқан соң біртіндеп амфитеатр алаңына шығып, шабыттана жыр оқыдық. Қоғам қайраткері Жексен Әбдірахманов бастады. Лирика толқынын Лиза толқытты. Республикалық Абай, Махамбет оқуларының жүлдегері, Абайдың екі жүзден астам өлеңін мүдірмей оқитын Ділназ Мұрат пен Дидар мұғалімі де даланың түнгі ауасын Абай жырымен жылытты. Тағы бір айта кететін жайт, бұл жер Еуразия құрлығындағы жердің кіндігі екен. Бұл ақпарды ертеректе газеттен оқып таң қалған едім… Сондағы әсерімді амфитеатрдағы алқалы топқа ұсындым.

КІНДІК

«Семей даласы Еуразия құрлығындағы жер кіндігі екен».

Ұлы далам – көшірмесі кеңдіктің.

Ұлы бабам Абай еді – ең мықтың.

Жидебайда – жер кіндігі құрлықтың,

Өлшеп, пішіп бойлық пенен ендікті.

Жұлдыздардың көшін көріп түндіктен,

Ұл-қыздарың өсіп-өніп кіндіктен.

Арқат ауыр дем алады сынақтан,

Жерге – кіндік, елге сұмдық

 кім күткен?!

Торғай талып, мал мәңгіріп, бақа мас,

Улы жерге жанын күткен тақамас.

Шыңғыс шаршап, дел-сал

 болса Дегелең,

Бойын кеңге сала да алмас Бақанас.

Кімдерге жүк?!

Зағип болған шырақтардың обалы,

Керең болған құлақтардың обалы.

Шаба алмаған пырақтардың обалы,

Шабылмаған құрақтардың обалы.

Аға алмаған бұлақтардың обалы.

Шындық неге сұм ақпар боп қалады?!

Кіндік деген – сынақтардың алаңы!

Ашық кіндік!

Нәпсіқұмар көз-күйік.

Шіріп жатыр күнәлі ой мен сөз тиіп.

Аман қалып қырық жылғы қырғыннан,

Тәубе дедік топалаңды тез тыйып.

Сұлу болсаң басқа жолмен бағыңды аш!

Бойыңдағы шайтан оттың шамын бас.

Түндігіңді түтін бітсе, жап, қазақ!

Кіндігіңді көрсетпеші қарындас…

Жидебайдағы Абайдың мұражай-үйі Абай-Шәкәрім мазарының маңында екен. «Құнанбай құдығы Жидебай қорығындағы Абайдың мұражай үйінен 120 метр жерде тұр» – дейді. Күн ұясына батып кеткендіктен оны жөндеп көре алмадық. Абайдың 150 жылдығында бұл мекенде үлкен жұмыстар жүргізілген екен. Сырттағы қарапайым ауыл тірлігіне қарап, ішің жылиды. Жаңа ғана тоқтаған күймеден атты босатып, қамытты шешіп, бағанаға іліп, атты суғаруға кеткен сияқты біреу. Мұражай ішіндегі әрбір жәдігер жайында тәптіштеп айтып, Айқын мен Шағжан ағай шыр-пыр боп жүр. Әр бөлмедегі жай заттың өзінен әсерлі әңгіме өрбиді. Домбыра, қобыз аспаптарының әрбірінде әжептәуір этнографиялық дүниелер жатыр. Аналардан қалған айна-тарақты сырттай қызықтап, шай құйған самаурын-шәугімін сипап, адал ас берген ожауын ұстадық. Бәкі, қанжар, шақша, басқа да көне жәдігерлер қолөнеріміздің алтын арқауы ғой. Өмірінің соңғы жылдары осындай көне заттарды Абай Семейдегі этнографиялық музейге өз қолымен тапсырған екен.

Бір сағаттан астам емін-еркін аралап, Жидебайдан Семейге қарай жолға шықтық. Бұл жер қазақ әдебиетінің негізі мен халық мәдениетіне қалтқысыз қызмет етуде. Абай туған құнарлы топырақтан өмірлік азық алдық. Өлкетанушылары анау-мынау ғалымыңнан озық па деп қалдым. Шыға берісте Абайдың әжесі Зеренің кесенесі тұр. 1986 жылы қабір айналасын қайтадан жөнге келтіріп, Зере әже мен анасы Ұлжанның басына Шығыс үлгісімен орнатылған алты қырлы кесене қараңғыда қарауытады.

Ертеңінде Семейдегі Абай Құнанбайұлының мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне бардық. Бұл жерде де сол кездегі қала өмірін көз алдыңызға келтіре отырып, тамаша тарихи тұжырымдар жасайсың.

Әр бөлікте Абайдың пікірлестері, сапарластары, әншілер мен ақындар, оқыған кітаптары мен жазған хаттары, қолданған бұйымдары бәрі-бәрі қаз қалпында. Таң қаласың! Өлкетану мұражайында жалпы Семей өңірінің тарихымен мәдениетін таныстырады.

Осы топырақта туған талантты саңлақтар жайындағы сан қырлы мәліметтерден сүрінесің. Ертістің аңғарларынан табылған зіл мен ежелгі аюдың бас сүйектері, тіпті, таң қалдырды. «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражайынан мықты мираскерлерімізді мерт қылған қоғамға лағнет айтып, мұңайып қайттық. Сол әсермен қала орталығындағы саябақта орналасқан Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан ескерткішіне гүл шоғын қойдық. «Ағайынды Невзоровтардың» тамаша сурет галереясына кештеу келіппіз. Көп суретті көңілге құйып үлгірмедік. Абай мұражайы жанындағы Ахмет Ризан медресесіне сыртынан тәу еттік. Талай тарландарға тұғыр болған білім ошағы ғой. Сапар соңында тарихи-этнографиялық, туристік-өлкетану тобының мүшелері Абай мұражайының фойэсінде домбырамен ән шырқап, күй күмбірлетіп, қоштасудың сарынын сездірді…

СӨЗ ТҮЙІНІ

Қазан айының қара суығы, айлы түннің құшағында Сарыарқаның жонын тіліп, Баянауылға келдік, Бұл жерден сүйінші жаңалық естідік. Қарағанды облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі, ақын Жәнібек Әлиман бауырым Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшәйрасының Бас жүлдесін иеленіпті. Пірәдар пейіліммен «Рух қолдап, дұға қабыл болған екен» – дедім іштей…

Терезеден Шаңтимес тауының сұлбасы қараңдайды. Аңыз-әпсаналарда Көшім ханның сұлу қызы қапыда қаза болса керек. Тәкәппар хан «Мен қызымның сүйегін мына малдардың табанына таптатпақ түгілі, шаңы да тимейтін жерге қоямын» – деп осы таудың басына жерлепті-мыс.

Қарағандыға кіреберістегі КернейКорнеевка тіркеудегі балаларды қадағалайтын арнайы мектебімен белгілі… Келген қонақты аң-таң қылып, ҚарЛагтың Долинкадағы мұражайына апарамыз. Спасск, Мамочкино моласы деген қарғыс атқан жерлерді көрсетеміз. Өткен жылы осындай ұлағатты сапарды осы мекеме Ұлытау жеріне де ұйымдастырған болатын… Бірақ, біздегі сонау Жошы хан, Алаша хан мен Едіге-Тоқтамыстан бері қарайғы Қарқаралыдағы Мәдидің үңгірі, Қасымның құдығы, Құсбек пен Шөженің, Нұралы мен Матақ батырлар, Шабанбай, Жидебай, Сана билерге қатысты жәдігерлерімен жарқ ететін мұражай бар ма? «Бегазы-Дәндібай», «Қызыл кеніш» көне қазба жұмыстары орындарын көруге алып баратындай жол бар ма? Тіпті, Орталық Қазақстандағы өрелі өнер мен сапалы өнімнің сөресі болған Қоянды жәрмеңкесінің орнында «мынау мынадай» еді деп әңгіме айтатын қарттар да қалған жоқ. Қажымұқанның қонған немесе қонақ болған, Майраның ән салған орны, Ғалияның қымыз сапырған жерін ешкім көтеріп алып кеткен жоқ қой. Сол мекендерде біз көргендей белгілер болса, атадан балаға баратын әңгімеге алтын арқау еді ғой…

Осылайша, Павлодар мен Шығыс Қазақстанның өнегелі өлкесін аралап қайттық. «Өз өлкеңді таны» жобасы аясында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елтану» республикалық туристік-өлкетану экспедициясының қорытындысы бойынша баспадан саяхатшылардың ғылымииллюстрациялық альбомы шығарылмақшы.

Осынау ұлағатты істі ұйымдастырған азаматтарға алғыс айтамыз. Жақсы іс жалғасын тауып, «Рухани жаңғыру» аясындағы әлеуетті әрекеттер ырысқа жеткізсін!

 

Руслан НҰРБАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

 ақын-журналист.