КОНСТИТУЦИЯ күнін ерекше тойлады

Конституция күні – бұл мемлекеттік мереке. Билігін тақ басындағы ханға да, от басындағы қараға да әділ жүргізген билерімізден бастау алған елдігіміздің басты құжатының 21 жылдық мерейтойы Нұра ауданында бар сән-салтанатымен мерекеленді.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткізілген салтанатты шара шымылдығын мемлекетіміздің Әнұраны ашты. Аудан әкімі Н.Омархановтың қа­тысуымен өткен іс-шарада аудандық мәслихат хатшысы Т.Оспанов жиналған қауымға жүрекжарды тілегін білдіріп, ұлы мерекемен құттықтады.

Азаматтардың құқығы мен бостандығына кепілдік беретін еліміздің негізгі заңы неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттік қорғауда болып, ата-аналардың балаларға қамқорлық жасауына, тәрбиелеуіне мол мүм­кіндік жасап отыр.

Салтанатты шара барысын­да Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 21 шілдедегі №303 жарлығы бойынша, көпбалалы аналар Балкүміс Жакажанова, Анна Ибраеваға аудан әкімі Н.Омарханов «Күміс алқа» табыстап, сый-сияпат көрсетті. Жаңа қазақстандық қоғам құру жолында және облыстың қоғамдық-саяси өмірінде белсенділік танытқаны үшін облыс әкімі Н.Әбдібековтің «Алғыс хатымен» Құланөтпес ауылы әкімі аппаратының бас маманы Назипа Қанафина марапатталды.

Әр адамның өмірінде кәмелеттік жасқа толып, жеке бас құжатын алу – өмірдің ерекше сәті. Шахтер ауылының тұрғыны, «Болашақ» колледжінің студенті Кәмшат Бейсенбаева аудандық ІІБ бастығы, полиция подполковнигі Бекболат Зеитовтің қолынан алғашқы жеке бас куәлігін алды. Мемлекеттік қызмет қатарына жаңа келген мемлекеттік қызметшілер – Бауыржан Еримов пен Жанар Ахметова салтанатты түрде ант қабылдап, қызметте адалдықты ту етерін жеткізді.

Күн ұзаққа созылған мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. Спорттың бірнеше түрінен жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға марапат көрсетілді.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

НҰРА ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.