Әкім грантының жемісі

Ақтоғай ауданында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жергілікті билік тарапынан тиісті деңгейде көңіл бөлінуде. Мәселен, жыл сайын жастардың тың жобаларын қолдау мақсатында аудан әкімінің гранты тапсырылып келеді. Міне, осы гранттардың біріне ие болған ақтоғайлық Гүлмира ҚАЙЫРЖАНҚЫЗЫ шағын дәмхана бизнесін жолға қойды.

Дәмхананың ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Қайрат Нөкеш қатысты.

– Елімізде кәсіп бастаймын, жұмыс жасаймын деген адамға мүмкіндік мол. «Еңбек» бағдарламасы ауданымызда өз жемісін беруде. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жеке кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтардың қатары артып келеді, – деді ол.

Заманауи жиһазбен жабдықталған жаңа нысан қалалардағы кафелерден бір мысқал кем емес. Ас ішетін үлкен зал, шағын бөлмелері бар. Жас кәсіпкер келешекте кешенді ас мәзірін әзірлемек. Осы дәмхана арқылы екі адамды жұмыспен қамтымақ.

Думан ҚАБЫЛ