Күрмеулі мәселелер – назарда

Приозерск қаласының әкімі Қайрат ҚАМЗИН халық алдындағы есеп беру жиынын «Достық» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында өткізді. Шаһар басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысын жан-жақты сөз етті.

– Барша қала тұрғындары еңбегінің арқасында экономиканың негізгі салаларында оң динамика сақталды, – деді Қайрат Амангелдіұлы. – Жалпы өнеркәсіп саласы өсіп, 7 млрд. 376 млн. теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығында өсім байқалып, құрылыс жұмыстарының көлемі артты. Инвестиция 262,7  млн. теңгені құрады. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі – 3 996 шаршы метр.

Әкім есебінде автокөлік жолдарын жөндеу, таза ауыз су және ыстық сумен, баспанамен қамтамасыз ету, жер мәселесі, үй ауласын абаттандыру, жаңа қазандықтар орнату, ұрлық-қарлықты болдырмау мәселелеріне назар аударылды. Сонымен бірге, халық тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарылды.

Тұрғындарды алаңдатқан ыстық су мәселесі шешімін таппай отыр. 2011 жылдан бері ыстық су жоқ. Суды арнайы құрылғымен жылытатын халық шығынға шаш етектен бататындарын айтады. «Электр қуаты болмай қалса, су жылытқыш та жұмыс істемейді. Жалпы электр энергиясына төлейтін ақы көп шығады. Өйткені, балалар суға жиі түседі, жуатын ыдыс-аяғымыз бар. Ыстық су жүйесінің болғанын қалаймыз, – дейді тұрғындар. Қала басшысының айтуынша,  ыстық сумен қамтамасыз ету ел қазынасына қымбатқа түседі. Себебі, мазуттың бағасы жыл сайын өсіп келеді.

Приозерскіде қуат көзін тасымалдайтын «Жезказганэнергосбыт» ЖШС, «Казэнергоцентр» ЖШС ұйымдары жұмыс атқаруда. Бүгінгі күнде «Жезказганэнергосбыт» ЖШС қызметінен басқа мекеме қызметіне көшуге байланысты тұрғындар арасында проблемалар туындаған. Халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілуде.

Бұдан бөлек, тұрғындар иесіз ит-мысықтың көбейіп бара жатқанын тілге тиек етті. Жауапты мамандардың айтуынша, өткен жылы 400 иесіз ит пен мысық ауланған. Қауіпті деген 32 ит және 79 мысықтың көзі жойылған. Иесіз ит-мысықты аулауға жергілікті бюджеттен 1 863 мың теңге бөлінген. Қаражат жануарларды аулауға, ұйықтататын дәрілер алуға және басқа да қажеттіліктерге жұмсалыпты. Мамандардың мәліметіне сенсек, Қазақстанда үй жануарларын асыраушыларды заң жүзінде жауапкершілікке тарту тетіктері қарастырылмаған. Сондықтан, қаңғыбас иттер мен мысықтардың қатары күн санап артып отырған көрінеді.

Ашық микрофон алаңында көкейдегі сауалдарын қойып, өздерін мазалаған мәселелерді ортаға салған халықтың қарасы көп болды. Сұраққа шектеу қойылған жоқ. Әрбір сұрақ, ұсыныс-тілекке нақты жауап берген қала әкімі шешілуі мүмкін мәселелерді сол жерде жауапты мамандарға жүктеді. Шаһардың жай-жапсарын жақсы білетін Қайрат Амангелдіұлы сұрақтарға жан-жақты, тұщымды жауап қайтарды.

Нұрдос КӘРІМ.

ПРИОЗЕРСК қаласы.