Көрінбейтін көлеңке немесе жамандық жамандықты шақырады

АТА-ӘЖЕЛЕРІМІЗДЕ ЖАМАНАТ ХАБАРДЫ ЖАЛПАҚ ЖҰРТҚА ДАБЫРА ҚЫЛМАЙ, СЫБЫРЛАП, ОНЫҢ ӨЗІНДЕ ЖҰҚАЛАП ҚАНА ЖЕТКІЗЕТІН ҒҰРЫП БОЛУШЫ ЕДІ. БҰЛ ӘРЕКЕТТЕРІН «ЖАМАНДЫҚ ЖАМАНДЫҚТЫ ШАҚЫРАДЫ» ДЕП ТҮСІНДІРЕТІН. БАҚСАҚ, МҰНЫҢ АСТАРЫНДА ТҰТАС ҒЫЛЫМ МЕН ТАҒЛЫМДЫ ТӘРБИЕ ЖАТЫР ЕКЕН.

Соңғы уақытта қоғамдағы келеңсіз жайттар, қатыгездік, зорлық-зомбылық, азғындық әрекеттер ашық айтылып, БАҚ беттерінен түспейтін болды. Әлеуметтік желідегі ағайынның қызу талқылайтыны да – осы төңіректегі жазбалар. Әйтсе де, одан негатив ақпарат азайып кеткен жоқ. Қайта, күпінің битіндей өршіп барады. Оның басты себебі – «Вертер синдромы».

Әлеуметтану ғылымына бұл ұғымды өткен ғасырдың 74-75 жылдары америкалық социолог Дэвид Филипс енгізген. Қазақтың жаманат хабарды дабыра қылмайтын әдетін де осы теория арқылы түсіндіруге болады. Яғни, қандай да келеңсіз жайт неғұрлым жиі айтылса, оның қайталануы да соғұрлым көп болмақ. Мәселен, БАҚ өкілдері суицид туралы ақпаратты тоқтаусыз жариялап, елдің есіне сала берсе, оны тоқтату мүмкін емес. Нақты мысал, 1980 жылдары Аустралия метросында өз-өзіне қол салатындардың қарасы күрт көбейіп кетеді. Бұл ақпарат құралдарының басты тақырыбына айналып, күн сайын кезекті құрбанның оқиғасы талқыланып, оның себеп-салдары ізделетін. Қарапайым халық «өлім метросына» әбден үйреніп алды. Олар үшін замандастарының метрода өз-өздеріне қолжұмсауы қалыпты әрекетке айналып бара жатты. Жергілікті билік тығырықтан шығар жол іздеп түрлі амалға барады. Сарапшылар пікір білдіріп, метрода күзет күшейтілді, түсіндіру жұмыстары белең алды. Әйтсе де, бұлардан шыққан нәтиже көңіл көншітерліктей емес еді. Қайта күн өткен сайын жағдай ушығып кетті. Амалы таусылған билік ақпарат құралдарына бұл мәселені көтеруге шектеу қояды. Нәтижесінде, метрода суицид жасаушылардың қарасы күрт азайып, статистика айтарлықтай жақсарған.

Дәл осыған ұқсас жағдайды өз елімізден де аңғаруға болады. Бір өңірде жұртты шошытқан қанқұйлы оқиға тіркелсе, артынша дәл соған ұқсас жайт басқа облыстарда да байқала бастайды. Сәбиін қоқысқа тастайтын көкек аналар мен балаларға жасалатын зорлық-зомбылықтың күрт көбейіп кетуінің бір себебі – жағымсыз ақпараттың жиі жариялануы болса керек.

Психологтардың пайымдауынша, қандай да бір қылмысқа баруды ойлаған адам бейсаналы түрде өзін ақтаудың жолын іздейді. Ал, ақпарат құралдарының сол тақырыпты жиі қозғауы, олар үшін іздегенге сұрағанның нақ өзі. Психикасы бұзылған адам өз әрекетін «жалғыз мен ғана емес екенмін ғой» деп ақтап алады.

  • Жақындарының қолдауын сезінбей, жалғыздықтан зардап шегіп жүрген адамдар болады қоғамда. Әсіресе, өтпелі кезеңдегі жастар өзіне жұрттың назар аударуын қалайды. Олар БАҚ пен әлеуметтік желі қолданушыларының өзіне қол салған адам туралы қызу талқылап жатқанын көргенде, бейсаналы түрде сол қадамға барады. Кезінде В.Сербский атындағы институт бұл мәселені зерттеп, жағымсыз ақпараттың санаға ықпалын ғылыми тұрғыда дәлелдеген, — дейді педагог-психолог Дина Журавлева.

Қазір дәстүрлі БАҚ-қа қарағанда жаңа медианың дәурені жүріп тұр. Жұрт күнделікті болып жатқан оқиғаларды ең алдымен, интернеттен біледі. Әйтсе де, Қазнеттегі тақырыптарды көрсеңіз, үрейіңіз ұшады. Зорлық-зомбылық, ұрлық, адам өлімі, жемқорлық… Әрине, жабық тақырып пен қылмыс қашан да сұранысқа ие. Әрі, олар туралы мүлдем айтпай кетуге тағы болмайды. Тек, жеткізу форматын өзгерту қажет

  • Кейбір елдерде адамның психикасына әсер ететін ақпараттарды жариялауға шектеу қоятын заң жобалары бар. Десек те, қоғамда бар проблема көтерілуі, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы айтылуы керек. Мүлдем ұмытып кетуге болмайды. Бірақ, қандай да бір қылмыстың қалай жасалғаны туралы ақпарат бүге-шігесіне дейін көрсетіліп, адам жанын тітіркендіретін мәліметтерді көрсетуден аулақ болғанымыз абзал, — дейді Дина Журавлева.

Психологтың айтуынша, қоғамда болып жатқан келеңсіздіктерге қарсы күресуде дәстүрлі мәдениетті ескерген жөн. Яғни, әлгінде қазақ қоғамында жаманат хабарды «өзімен кетсін» деп дабыра қылмай, жұқалап қана жеткізу ғұрпы болғанын жаздық қой. Бүгінгі қоғам осы дәстүрді қайта жаңғыртса құба-құп болар еді. Сонымен қатар, адамдар арасындағы бауырмалдық пен жанашырлық салтанат құруы тиіс. Девиантты мінез – құлықтағы адамдар қайдан шығады? Олардың мақсаты – елдің назарын өзіне аудару. Елемеу – жастар үшін ең ауыр жаза. Әсіресе, жұмысбасты ата-ананың перзентіне уақыт бөлмеуі, тұрмыстық қажеттіліктерден бөлек, рухани жан дүниесіне үңілмеуі жасөспірімнің бойындағы агрессия, қатігездік пен күйгелектік сезімдерін оятады. Оның соңы қайғылы жағдайларға алып келуі мүмкін.

  • Үлкен аталарымыз жақсы жаңалықты сүйіншілей бөлісіп, жаманат хабарды елемеуге тырысатын еді. Тіпті, малға шапқан түз тағысының өзін «ит-құс» деп атын атамайтын. Біз, сол қариялардың көзін көріп, батасын алып өстік. Өзімізден кейінгі ұрпаққа да осы қазақи тәрбиені беріп келеміз. Әйтсе де, кешегі кеңестік саясаттың салқыны салдарынан көптеген ұлттық болмысымыздан ажырап қалғанымыз жасырын емес. Мұны тоқтату үшін мықты идеология керек. Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған ойдың өзегі – қазақтың дәстүрлі мәдениетін қайта жаңғырту ғой. Ақпарат құралдары осы бағытқа ден қоюы тиіс, – дейді зейнеткер ұстаз Амангелді Туғанбай.

Расымен де, қазір жамандықтың себебімен емес салдарымен күресу әдетке айналды. Әлгі, медицинада іріңді жараның өзегін жоймаса, дендеген дерттің жазылмайтыны бар емес пе еді? Бұл да – дәл солай. Желдей есіп, таралып жатқан жаманат хабардың көрінбейтін көлеңкесі адамдардың санасын тұмшалап, қоғамды жақсылық атаулыдан алшақтатып бара жатқандай…

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ