Үй тапсырмасын кім орындап жүр?

Қазіргі таңда немерені бағып, қалтасына тәтті бәліштерін салып беріп, мектепке апаратын «супер әжелердің» қатары сирек. Табылған күннің өзінде, «сендерде жұмысым жоқ, немеремді бағамын» деген келісімін алу – міндетті. Осыдан кейін бала қараудың байыбына барған заманауи ата-аналардың, балаларын тәрбиелеп беретін фильмдегі ғажайып Мэри Поппинс секілді сиқыршыны армандауы – заңды. Күндіз-түні жұмыстан қолы босамайтын аналарға баласын ұзартылған күн топтарындағы қосымша сабаққа беріп қойған тиімдірек. Қарағандыдағы әр үйдің қабырғасына ілінген жарнаманың басым көпшілігі – осы жөнінде. Өкінішке қарай, олардың балаға нені үйретіп, қай ісіне тыйым салып жүргенінде ешкімнің шаруасы жоқ.

«Ұзартылған күн тобы» деген не?

 Жалпы Қарағандыда балаға қосымша білім беретін «5+ — ке оқимын», «Жұлдызша», «Talap», «Жас академик», «Damu”, “I speak” секілді ұзартылған күн тобына шақыратын орталықтардың саны жүзге жуық. Басым көпшілігі жекеменшік болып тіркелгендіктен, базбіреулер ашып алып, бизнес көзіне айналдырғанға ұқсайды. Орталықтардың саны артқан сайын баға да шарықтай түседі. Мәселен, сабақты меңгере алмай жүрген баласын қосымша орталыққа беріп, айына 30 мың теңге төлеп, алаңсыз жұмыс істей беруге болады. Бірақ, ата-ана да, орталық мамандары да мойнына жауапкершілік алмайтындықтан, білімі назардан тыс қала береді. Осыны айтқан қалалық №16 мектептің ата-аналары «Елімізде мектеп оқушыларына білім алу – тегін. Бірақ, қазіргі таңда оларды міндетті түрде қосымша оқыту орталықтарына беруге мәжбүрміз. Осындай бала оқытуды бизнес көргені дұрыс па? Мұғалім бәріне бірдей қарап үлгермей ме, әлде, барлық оқушылардың деңгейі төмен болғаны ма?» – дейді. Бұл туралы қалалық білім бөлімінің жалпы және орта білім беру секторының меңгерушісі Наталья Головина:

– Мұғалімдер бекітілген кестеге сай сабақтарын өткізеді. Әр мектеп ішінде «Ұзартылған күн тобы» қосымша сабақтар түрінде жүреді. Оған көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары қатысады. Сабақтар оқушылардың үлгерімін арттыруға септігін тигізеді – дейді.

 Ата-аналар сөзінің жаны бар. Қазіргі таңда әрбір үйдегі бір бала міндетті түрде қосымша сабаққа барады. Жалдамалы мұғалімдер оқушының бар тапсырмасын өздері орындап беріп, үйіне қайтарады. Тапсырманы жалдамалы мұғалімдер орындап бергенін жақсы білетін мектептегі апайлары балаға бағаны көзді жұмып қоя береді екен.

Қосымша сабақтың пайдасы бар, бірақ…

Педагогика саласында 12 жылдық тәжірибесі бар мұғалім Айнұр Акимова қосымша сабақтардың балаларға пайдасы бар екенін айтады. Бірақ, жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін баланы күн сайын қадағалап отыру керек. Өкінішке орай, қалада тұратын ата-аналардың басым көпшілігі балаларын қадағаламайды.

– Үйдегілерге қарағанда ұзартылған күн тобында балалар басқалармен көп сөйлеседі. Серуендеуде, сабақтан кейінгі бос уақытта да бала өзіне көңіл бөлуді қажет етеді. Назар аудармасаң тұйықталады. Суицид сондай жағдайлардан соң орын алады, – дейді Айнұр Акимова.

Мұғалімнің айтуынша, ұзартылған күн тобына қатысатын балалар сабаққа келгенде «аспаннан түскендей» болып отырады. Орындап келген үй тапсырмасын өзі түсінбей, әуре-сарсаңға түседі. Бұған «балам неге түсінбейді?» деп бас қатыратын ата-ана жоқ. Керісінше, баға сұрап келетіндер көп.

«ЖБ, ТЖБ-ға дайындалуға көмектесеміз»

 Қаладағы №81 мектептің жанында орналасқан ғимарат маңындағы орталықта «1-4 сынып оқушыларын ұзартылған күн тобына шақырамыз!» деген жарнама парақшасы ілулі тұр. Хабарласқанымызда есімін атауды қаламаған үйлестіруші «үй тапсырмасын түгел орындатып, оқу техникасы, математика, логика, каллиграфия, ағылшын тіліне үйрететін» айтты. ЖБ (жиынтық бағалау) , ТЖБ -ға (тоқсандық жиынтық бағалау) дайындыққа көмектесіп, оқуды аптасына 3-5 рет, күніне – 3 сағаттан үйрететін орталықтың басшысы бағасын айтпады.

Ал, Приканальная 19/1көшесінде орналасқан «Talap» орталығының үйлестірушісі Анар Әубәкірова 1-4 сынып оқушыларын дамытуға арналған орталығының ұранын «Талаптыға нұр жауар» деп атапты. Жоғарыда аталған талаптарға қоса орталық қызметкерлері баланы үйінен алып кетіп оқыту және апару қызметі бар екенін айтты. Соған сай төлемақысы артып отырады. Мысалы, баланы үйден көлікпен алып кетсін десеңіз күніне 1700 теңге төлейсіз, ал, өзіңіз әкелсеңіз 1500 теңгеге бағаланады. Бұған баланы екі мезгіл тамақтандыру және серуендету қосылады.

Қазіргі таңда Анардың орталығындағы қазақ және орыс топтарында кемінде 8-10 бала бар. Хабарласқанымызда «топтарда бос орын жоқ» деді.

Күніне – 1700 теңге Көпшілік ата-аналар ұзартылған күн тобында оқитын балаларына қалалық №92 мектеп-гимназиясының мұғалімдері сабақ беретінін айтты. Бұл туралы №92 мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Болатқызынан сұрағанымызда:

 – Мектебіміздің бастауыш сынып мұғалімдері сабақ уақытында сабағын беріп, оқушыларды үйіне қайтарады. Біздің талап – осы. Жұмыстан кейінгі уақытында не істесе де өзі біледі. Ал, оқушыларға бастауыш сыныптың методикасын меңгерген маман сабақ бергені дұрыс. Ата-ана ретінде де ойым – осы, – деді.

Сонда жалдамалы репетиторлар қанша алады? «Жұлдызша» орталығының басшысы Ғалия балаларға 30-40 жылғы еңбек өтілі бар мұғалімдер сабақ беретінін айтады. Мысалы, бір күнгі сабақ 1500 теңге болса, оған баланы алып кетудегі жол шығыны қосылып, 1700 теңге кетеді.

Ал, төленген ақшаға сай білім беріле ме деген сұраққа репетитор: «Үй тапсырмасына баланың өзі жауапты. Сондықтан, әрбір атаана біздің көмегімізбен орындалған тапсырманы кешке үйінде қайта тексеріп, талдауы керек. Бірақ, көпшілік ата-аналар оған бас қатырмайды»,– дейді.

Тазалыққа кім жауапты?

 Баласының ұзартылған күн топтарында шай ішіп, тоқаш жеп отырғанына ата-ананың көзі жетпесе де, түскі асқа не бергенін сұрауы – міндетті. Жалпы жекеменшік орталықтардың жұмысы, тазалығы, тәртібі жөнінде облыстың тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі басқармасының мамандарынан сұрап көрген едік.

– Президент жақында шағын және орта бизнеске тексеру жүргізуге жариялаған мораториі бизнеске артық әкімшілік жүктемелерді алып тастауға мүмкіндік жасайтынын мәлімдеді. Осы ретте мекемелер ЖШС болып тіркелместен бұрын басқарманың талаптарына сәйкес, белгілі құжаттарға қол қояды. Тек үш жылдан кейін ғана мекемелерді тексере аламыз. Егер, ата-аналар тарапынан тағамға қатысты қандай да бір шағым түскен болса, дереу тексеру жұмыстарын жүргіземіз, – дейді облыстың тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі басқармасының бас маманы З.Ахмаддинова.

Елімізде білім беру саласындағы репетиторлық қызмет лицензиялауға жатпайтынын белгілі.

Осыны жақсы білетіндер бала оқытуды бизнеске айналдырып алды. Бұл – ата-аналарды ойландыруы керек.

Сонымен, үй тапсырмасын кім орындап жүр? Репетитор ма? Ата-ана ма?…

Аяулым СОВЕТ,