Жаңалықтар

Ит басына іркіт төгілер ырыстан үміт

   Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке қолдаудың кейінгі жылдары қарқынды екенін жоққа шығару – мүмкін емес. Үкімет арқылы қабылданған түрлі бағдарламалардың өңірлерде кәсіпкерліктің  кең өріс жаюында үлесі зор. Соның бірі – Кәсіпкерлікті қолдау картасы. Былтыр бұл бағдарлама аймақта су жаңа 8 жобаның тұсауы кесілуіне түрткі болса, биыл, Ит жылында – карта қоржынында  әзірге 3 маңызды жоба бар. Бұл жобалар аймақ экономикасын дамытумен қатар, 500 -ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуды қамтамасыз етеді.

Сонымен, Ит жылында жүзеге асырылатын жобаның бірі  – «Maker» ЖШС-нің «Машина жасау өндірісін жаңғырту» жобасы. Жобаның құны – 13762 млн.теңге. Кәсіпорын жаңғыртудан өткенде, 99 жұмыс орны  құрылады. Жобалық қуаттылығы артады. Жылына  11900 тонна өнім шығаруға мүмкіндік алады.

Негізі, жобаның  міндеті – қолданыстағы машина жасау өндірісін жаңғырту болғандықтан,  зауыттағы номенклатураны арттырады. Өндірістік қуаттылығы 3-4 есеге, жылына 3,5-4 мың тоннадан 12 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Ал, зауыттың өзі  80% жаңарады. Еуропа, Америка, корей, түрік өндірушілерінің алдыңғы қатарлы құрылғыларымен жабдықталады. Роботталған кешендер, сандық бағдарламалық басқару арқылы жұмыс істейтін станоктар да осы зауыттан табылмақ. Жаңғыртудан кейін өз өнімдерін Қытай мен Иран нарығына шығарып, сонымен бірге, импорт алмастыруды 70%-ға дейін қамтиды деп күтілуде. Қазақстандық мазмұн 90% болады деген болжам бар. 2019 жылға қарай зауыт толық жобалық қуаттылыққа шығуды жоспарлауда. Жалпы, «Maker» ЖШС  негізгі қызметі – тау-кен шахта жабдықтарын жасау және жөндеу.

Бұдан кейінгі жоба  –  “YDD Corporation” ЖШС «Қарағанды қаласында ферросилиций өндірісі бойынша зауыт құрылысын салу» жобасы. Зауыттың жобалық құны  – 30600 млн. теңге шамасында. Зауыт жұмысын бастағанда  300 жұмыс орнын ұсынбақ. Жобалық қуаттылығы – 108000 тонна деп болжануда.

«Global Lime Industries» ЖШс-нің «Сарыопа әктас кен орны базасында жоғары сапалы әктас өндірісі бойынша зауыт құрылысын салу» жобасы. Жобаның құны  – 8100 млн. теңге, 105 жұмыс орны ашылады.  Жобалық қуаттылығы – 500 мың тонна. Жалпы, қолда бар деректерге сүйенсек, мұндай зауыттың баламасы, тіпті,ТМД аумағында жоқ. Жобаның Қазақстан үшін мәні – аталған жобаға әлемдік технологияның тартылып, импортты алмастыруға, шетелге өнім шығаруға мүмкіндік беретіндігінде болса керек. Сондай-ақ, Осакаров ауданында бой көтеретін зауыт  аудан инфрақұрылымының жақсаруына да ықпал етпек. Сол өңірде жоғары білікті мамандардың қалыптасып, тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына мұрындық болады.

Әлбетте, аймақ бұл жобалармен шектеліп қалмақ емес. Біз әуелгі маңызы мен мәніне басымдық берілген жобаларға тоқталдық. Жоғарыда аталған үш жобаның өзі жүзеге асқанда аймақта 500 жаңа жұмыс орны ашылады екен. Бұл – жаман көрсеткіш дей алмаймыз. Дегенмен, жыл мұғдарында жаңа жобалардың қатары көбеймесе, кемімесі және анық. Олай болса, Ит жылында ит басына іркіт төгілер ырыстан үміт  үзбеген абзал-ды.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button