«Іскерлік байланыстар»: шетелдік серіктестіктің ұтымды жолы

Кәсіпкерліктің өрісін кеңейту үшін мемлекеттік шаралардың қарқынды екенін жоққа шығаруға болмайды. Бағдарламалар аясындағы қаржылық һәм қаржылық емес құралдар еліміздегі шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына мүмкіндіктерді жан-жақты қарастырған. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы іске асып отырған «Іскерлік байланыстар» жобасы – соның бір парасы. Бұл жоба арқылы кәсіпкерлер шетелге шығып, шетелдік тағылымдамадан тегін өтіп, іскерлік байланыс орнатуға мүмкіндік алады.

Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасы бизнесмендерді аталған жобаға қатысуға шақырып отыр. Нақтыласақ, 8-шілдеден бастап, жоба аясында оқу басталады. Ал, бұл оқыту кәсіпкерлерге өз ісін сырт елде ілгерілетуге жаңа қадам жасауға ықпал етеді.

Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Аянна Тыныбаеваның айтуынша, «Іскерлік байланыстар» құралының мақсаты – шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне халықаралық және шетелдік ұйымдардың ықпал етуі арқылы шетелдік әріптестермен іскерлік байланысты орнатуға қолдау көрсетуді көздейді. Бұл бағдарламаға қатысу үшін арнайы талаптар бар.

– Ең бірінші, қатысушының шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі мәртебесі болуы керек. Екіншіден, қатысушының атқаратын қызметі кәсіпорын басшысы орынбасары лауазымынан төмен болмауы керек. Үшіншіден, кәсіпорынның қызмет бағыты «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасындағы экономиканың басым секторлары тізбесіндегі қызметтер санатынан болуы тиіс. Осы талаптар орындалғаннан кейін ғана кәсіпкер «Іскерлік байланыстар» жобасына қатысуға құқылы.

– Қазіргі уақытта Қарағанды облысында жобаға 62 адам тіркелді. Бұған дейін «Іскерлік байланыстар» құралына қатысу үшін оқу тек Астана, Алматы, Шымкент қалаларында өтсе, биыл бірінші рет Қарағанды қаласында іске асуда. Оқуды жүзеге асыратын Қазақстан-Британдық техникалық университетінің профессорлары. Сонымен бірге, алдыңғы қатарлы отандық және шетелдік бизнес-тренерлер, – дейді Аянна Тыныбаева.

Мамандардың айтуынша, «Іскерлік байланыстар» жобасы екі кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезең – үш апта уақытты қамтиды. Үш апталық кезеңде қатысушыларға кәсіпкерлікті жүргізудің заманауи әдістері, маркетинг, менеджмент тақырыптарында, қарым-қатынастар орнатуға байланысты семинар-тренингтер өткізіледі. Сыртқы экономикалық байланыстар жөнінде ақпараттар беріледі. Яғни, тікелей сабақ түрінде өткізіледі.

Бір апта онлайн-семинардан өтеді. Сол аптаның ішінде қатысушылар шетелдік және отандық бизнес-тренерлердің көмегімен өздерінің бизнес-жоспарларын жасайды.

Бизнес­-жоспардан кейін қазақстандық­-германдық біріккен комиссия құрылады. Сол комиссияда бизнес-жоспарларын қорғайды. Бұл – кәсіпкерлердің бірінші кезеңді аяқтағандығын білдіреді. Сондай-ақ, екінші кезеңге іріктеу болып саналады.

Екінші кезеңде Германияда өткізілетін бизнес-тағылымдамаға қатысуы үшін мақсатын айқындап алуы абзал. Өз саласы бойынша Германиядағы әлеуетті әріптестері туралы ақпарат болуы керек. Соңғы қойылатын талап – «Іскерлік байланыстар» құралының бірінші кезеңін бітіргендігі туралы сертификат. Бірінші кезең бойынша оқыту осы жылдың 8 шілдесінен бастап Қарағанды қаласында өтеді.

Бұдан кейін кәсіпкер бірінші кезеңді сәтті тәмамдағаннан кейін Германиядағы төрт апталық тағылымдамаға барады. Тағылымдаманың мақсаты – халықаралық, шетелдік ұйымдардың гранттарын ұтып алу, әр түрлі франшизалар, лизингтер сатып алу, лицензиялар алу, шетелдік әріптестермен іскерлік байланыстар орнату, тәжірибе жинақтау.

«Іскерлік байланыстар» бойынша оқу ақысыз жүргізіледі. Қатысушы Қазақстаннан тәжірибе өтетін елге дейінгі жол, жатын орын шығындарына қаржы жұмсамайды. Барлығы – тегін.

Қызғалдақ АЙТЖАН