Басты тақырып

Өңірді өрге сүйреген өнеркәсіп

Қарағанды аймағы – ертеден көмір өнеркәсібінің арқасында ел экономикасын алға сүйреуші өңірлердің бірі ретінде қалыптасқан өлке. Бұл орайда, «Шұбаркөл Көмір» АҚ-ның үлесі айтарлықтай. Бүгінде кәсіпорын тарапынан өндіріс қуатын арттырып, қалыптасқан өнеркәсіпті нығайтуға күш салынуда. Жұмыс жеміссіз емес. Мұны біз акционерлік қоғам президенті Төлеген Ашықбайұлы АҚБАЕВПЕН жасаған сұхбатымыздың барысында байқадық.

Төлеген Ашықбайұлы, қазіргі дағдарыс кезеңінде кәсіпорын шаруашылығы қалай жүргізілуде?

Өздеріңіз білетіндей, «Шұ­баркөл Көмір» АҚ төртінші жыл Еуразиялық Топ құрамына еніп келеді. Бұл – қазба байлықтарын өндіру, өңдеу, энергетика, логистика және маркетинг саласына маманданған ірі компания. Еуразиялық Топ Қазақстан Республикасындағы кен-метал­лургия саласының үштен бір бөлігінде табысты жұмыстар жүргізуде. Мемлекеттік үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыруда көш бастап келеді. Соның арқасында, экономикалық дағдарыс бізге айтарлықтай әсер етті деп айта алмаймын. Өндіріс көлемі қажетті деңгейде сақталып келеді. Бұрынғы тұтынушыларымызға сапалы көмір жөнелту ісін жалғастырып келеміз.

Бұрынғы тұтынушылар қатарында Ресей мен Еуропа елдерін айтып отырсыз ғой…

Иә, Ресей мен Еуропа мемлекеттерімен біз біраз жылдардан бері тұрақты жұмыс істеп келеміз. Сондай-ақ, қазіргі уақытта Қырғызстан, Өзбекстан, Финляндия елдерімен тығыз сауда-саттық қарым-қатынасын орнаттық. Ресей мен Еуропа нарығындағы колумбиялық көмірді алмастыру мәселелері қарастырылуда.

«Шұбаркөл Көмір» АҚ-ның ел экономикасындағы қуаты қаншалықты?

Біздің кәсіпорында еліміздегі көмір өнеркәсібі өнімінің 10 пайызы өндіріледі. Былтыр рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. 10 млн. тонна межені бағындырдық. Артта қалған отыз жылдың ішінде «Шұбаркөл Көмір» шахталарында 137 млн. тонна көмір өндіріліпті. Жақын келешекте металлургия саласына арналған күл құрамы 4 пайызды құрайтын көмір партиясын әзірлеуді жоспарлап отырмыз.

Кәсіпорынды кеңейте түсу бағытындағы жұмыс­тармен таныстырсаңыз…

Кәсіпорында жаңа өнімдерді шығаруға баса көңіл бөлінеді. Шұбаркөл разрезінде жылына 210 мың тонна арнайы кокс өндіре алатын жаңа зауыт салынды. Бүгінде бұл өнімімізге сұраныс көбеюде. Нақты айтқанда, «Қазхром» АҚ, «Қазмырыш» ААҚ, «Қазфосфат» АҚ сынды бірқатар ірі өнеркәсіп ошақтары біздің тауарды сатып алуға қызығушылық танытуда. Зауыт алаңында Қазақстан үшін тың өндіріс болып табылатын кокстық газға негізделген энергиятехнологиялық кешен тұр­ғызылды. Үстіміздегі жылдың мамыр айында кокс газын жоғары деңгейде тазартатын жүйенің әзірлік шаралары аяқталды. Бұл жүйе газ жеткізетін жабдықтарды басқаруды автоматтандыруға, ең­бек қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, кокс пештерінің қуатын арттыруға мүмкіндік берді. Зауыт алаңындағы экологиялық ахуалды жақсартуға септігін тигізді. Газдың шайырдан сапалы тазартылуының нә­ти­жесінде газ үлесі артып, І жартыжылдықта өндіріс көлемі 11,8 пайызға ұлғайды.

Дағдарыс кезеңінде кә­сіпорын тарапынан қарас­тырылған әлеуметтік жоба­лардың аяқ алысы қалай?

Бірден айтайын, бізде осы уақытқа дейін ешкім қысқартуға ұшыраған емес. Әрбір жұмысшыны тұрақты жалақымен, арнайы әлеу­меттік жәрдемақылармен қамтуға кәсіпорынның қауқары толығымен жетеді. Бүгінгі таңда кәсіпорын бөлімшелерін жоғары санатты, білікті мамандармен қамтуға жіті назар аударылуда. Бұл үшін кәсіпорын қаржысына жас мамандарды оқытуға ден қойылуда. 2010 жылдан бері кәсіпорын қызметкерлері мен олардың балаларын орта арнаулы және жоғары оқу орындарында оқытуға қаражат бөлініп келеді. Аталған жастар келешекте көңілі қаласа, біздің кәсіпорынға жұмысқа орналасуына болады. Қазіргі уақытта оқу орындарында 77 адам білім алуда. Олардың 11-і – кәсіпорын қызметкерлері болса, 66-сы – қызметкерлердің балалары. Еңбекшілермен жасалған Ұжымдық келісім-шарт толығымен орындалуда.

Жұмыскерлерді жұмыс орындарындағы әлеу­мет­тік қажеттіліктермен қамта­масыз ету мәселесіне тоқ­талсаңыз…

Кәсіпорында жұмыс жағдайын жақсартуға қатысты жоспарлы шаралар атқарылып келеді. Бұл ретте вахталық елді мекендердегі әлеуметтік салаға жіті назар бөлінеді. Аталған қоныстарда жыл сайын бір жаңа нысан пайдалануға беріліп келеді. Мәселен, былтыр Шахтерлер күні қарсаңында Западный учаскесінде 120 орындық қосқабатты үй пайдалануға берілді.

«Шұбаркөлкөмір» тарапынан атқарылып отырған әлеуметтік міндеттердің былтыр ел билігі тарапынан еленгенін естіп едік…

Иә, мұндай жағымды жетістікке қол жеткізгеніміз рас. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін ба­ғам­дауға арналған «Парыз» рес­публикалық конкурсында «Қор­шаған ортаны қорғауға қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша қола «Парыз сыйлығына ие болдық. Бұл біздің әлеуметтік салада атқарып отырған жұмыстарымызға байланысты берілген лайықты баға болды деп ойлаймын.

Кадр тұрақтылығы – кез келген мекемедегі әлеуметтік-экономикалық ах­уал­дың айнасы болып табылады…

Мен сізге бір ғана мысал келтірейін, бізде ата-бабасынан бері табан аудармай жұмыс істеп келе жатқан әулеттер бар. Бұл орайда, Ақашевтар, Бризицкихтар, Есеновтар, Қыдралиндер, Нешучкиндер, Түйтебековтер, Хасеновтер сынды отбасыларды мақтанышпен айта аламын. Кадр тұрақтылығы мәселесін осы деректерге қарап-ақ бағамдай беріңіз.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Нұрқанат ҚАНАФИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button