Бас тақырыпОблыс әкімі

Өңір экономикасында өсім бар

Кеше облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Күн тәртібінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, Мемлекет басшысының Бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ, ветеринариялық қауіпсіздік мәселесі тілге тиек етілді.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, түрлі сала бойынша департамент және басқарма басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, бейнеселектор режимінде аудан және қала әкімдері қатысты.

– Өздеріңіз жақсы білетіндей, өткен аптада Елбасының қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысы баршамызға маңызды әрі ауқымды міндеттер қойды. Ол – халық табысы мен өмір сапасын жақсарту. Яғни, әлеуметтік мәселелер, коммуналдық қызметтердің тарифін төмендету, азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасын ұстап тұру. Осы мәселелер күн сайын біздің ерекше бақылауымызда болуы тиіс. Сонымен қатар, тұрғындар жалақысын көтеру, баспана мәселесін шешу, білім беру мен медицина саласын сапалы әрі қолжетімді ету де ескерусіз қалмауы тиіс. Әр отбасы, әр тұрғын өмір сапасының артып келе жатқанын нақты сезінуі керек. Мен алдағы уақытта өңірлерге жұмыс сапарымен шығатын боламын. Әлеуметтік нысандарға табан тіреп, халықпен кездесемін, – деді Ерлан Жақанұлы.

Бұдан әрі аймақ басшысы тұрғындар кірісіне тоқталды. Жерлестеріміздің қаржылай кіріс деңгейінің индексі 108,5%-ды құраса, өсім 2,1%- ға жеткен. Сондай-ақ, қымбатшылыққа жол бермеу мақсатында жүргізілген жұмыс нәтижесінде тауар және қызмет көрсетудегі инфляция деңгейі 105,1%-ды құрап отыр.

Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы аясында 32 мың жұмыс беруші 220 мыңнан аса жұмыскердің жалақысын өсірді. Биылғы 1 қаңтардан бастап барлық коммуналдық қызмет көрсету тарифі 5-11%-ға дейін төмендеді.

Аймақ басшысының айтуынша, Үкіметтің кеңейтілген отырысында азық-түлік бағасы мәселесіне ерекше көңіл бөлініпті. Бұл ретте, азық-түлік импортын азайту туралы тапсырма да берілген екен.

– Біз қажетті өнімдермен өзімізді өзіміз қамтамасыз етуіміз керек. Инфляциялық процестер белгіленген дәліздің шегінен шықпауы керек. Биыл «Альфарух» логистика орталығы іске қосылатын болады. Бұл жоба Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында жағымды мысал ретінде айтылды, – деді облыс әкімі.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында шағын және орта бизнесті дамыту мен өңірлік жалпы өнім құрылымында олардың үлесін арттыру мәселесі де айтылмай қалмапты. Яғни, өңірлік жалпы өнімдегі шағын және орта бизнес үлесі ұлғая түсіп, 2050 жылы 50%-ға жетуі тиіс. Ол үшін қарапайым заттар экономикасы мен шикізаттан тыс секторға екпін беру қажет. Осы күні облыс аумағындағы шағын және орта бизнес өнімінің көлемі 1,2 трлн. теңгеден асты.

Биылғы қаңтарда инвестиция көлемі 19,4 млрд. теңгені құрап отыр. Яғни, өткен жылғы осы тектес кезеңмен салыстырғанда 2,1 млрд. теңгеге артқан. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров баяндады.

Биылға жоспарланып отырған инвестиция көлемі – 528 млрд. теңге. Бұл көрсеткішке қол жеткізу мақсатында аудан және қала әкімдеріне жұмысты күшейту тапсырылды. Жалпы алғанда, жергілікті мазмұнға назар аударып, импорт алмастыруға және өндірісті оқшаулауға назар аудару қажеттілігі атап өтілді. Бұл жұмыс инвестиция тарту мен жаңа жұмыс орындарын құруға және өнеркәсіп саласын дамытуға жаңа мүмкіндік беретін болады. Аймақта ірі, қала құраушы кәсіпорындар сатып алатын тауар талдамасы әзірленіп, жиі импортталатын тауарлар тізімі жасалынбақ. Сонымен қатар, осы тауарлар бойынша өңірдегі шағын және орта бизнес өкілдерімен бірлесе отырып, импорт алмастыру жұмыстары да жүргізіледі. Бұл жұмыс жаңа өндіріс орындарын құру немесе жаңарту арқылы қолға алынбақ.

Өз сөзінде, Алмас Айдаров Жастар жылында жергілікті бюджет есебінен жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамытуға қаражат бөлуді қарастыру мәселесін де атап өтті.

– 2019 жылды Елбасымыз Жастар жылы деп жариялағанын білесіздер. Ал, Жастар жылын бос ұранмен өткізудің қажеті жоқ. Өңірімізде жалынды жастар барын жақсы білемін. Олармен кездесу өткізіп, идеялары мен ұсыныстарын тыңдап, қолдауымыз қажет. Әкімдер, сіздерге де айтып отырмын, сондай көзінің оты бар жастарды жандарыңызға жақын ұстаңыздар, барынша қолдау көрсетіңіздер, – деді аймақ басшысы.

Ерлан Жақанұлы Мемлекет басшысының Бес әлеуметтік бастамасын іске асыру – басты бағыт болып табылатынын да тілге тиек етті. «7-20- 25» бағдарламасы бойынша осы жыл бюджетінде тұрғын үй сертификатына 1 млрд. теңге бөлінді. Алдағы үш жылға 3,4 мың пәтерлік 32 жоба белгіленді. Жатақхана құрылысы бойынша өткен жылы 850 орын қажеттілігі өтелді. Шешілмегені – 1500 орын. Осы күні жатақхана құрылысы бойынша жер телімдері бөлініп, жобалаусметалық құжаттама әзірленді.

– Ауыл шаруашылығы бойынша да атқаратын үлкен міндеттер бар. Өздеріңізге белгілі, таяуда Елбасының арқасында Қытай нарығына жол ашылды. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалана білуіміз керек. Пайдаланып қана қоймай, көп нәрсені үйренуіміз керек. Арқа даласында қой шаруашылығы – ежелден айналысып келе жатқан ата-кәсібіміз. Мал етін өткізумен қатар, тері мен жүнді де кәдеге жаратуды ойластыру қажет, – деді Ерлан Қошанов.

Бұл ретте, өңіріміздегі ветеринариялық қауіпсіздік мәселесі де айтылмай қалмады. Облыстың ветеринария басқармасының басшысы Қайырбек Тұрсынбековтың айтуынша, өңірімізде 256 мың бас ірі қара мал, 546 мың бас мүйізді ұсақ мал, 75 мың бас жылқы, 77 мың бас шошқа және 347 бас түйе дерекқор жүйесіне енгізілді. Пилоттық режимде ауыл шаруашылық жануарларына иммунизация жүргізу ұйымдастырылып, Абай ауданының Есенгелді, Самарқа ауылдық округтеріндегі жеке қосалқы шаруашылықтарда 1,5 мың бас ірі қара малға бруцеллез ауруына қарсы испаниялық РВ-51 вакцинасы қолданылды. Өткен жылы облыста тіркелген 34 инфекциялық аурулар ошағының 28- інде сауықтыру шаралары аяқталды. Қалған 6 ошақта да сауықтыру жұмыс жалғасуда.

Ветстансалардың жұмыс сапасын ұйымдастырудағы биылғы қажеттіліктер де анықталды. Бүгінгі таңда облыс аумағында 196 сою нысандары бар. Оның 24-і – мал сою пункті, 161-і – сою алаңы, 11-і – қайта өңдеу кәсіпорыны. Өткен жылы 2017 жылмен салыстырғанда мал сою нысандарын пайдалану 10%-ға артты. Тағы бір айта кетерлігі, облыстың 219 елді мекенінің 108-і мал қорымдарымен қамтылған. Оның 45-і – типтік, 63 – қарапайым.

Жиын соңында өңір басшысы өз орынбасарлары мен қала және аудан әкімдеріне, департамент және басқарма басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button