Жаңалықтар

“Индустриалканың” жаңа белесі

Ел арасында «Индустриалка» аталып кеткен облыстық «Индустриальная Караганда» газеті биыл оқырмандарына жаңа форматпен жол тартты. Интернет-газеттермен бәсекелесе жұмыс жасау қажеттігі туғанда, сұранысқа ие газеттің негізгі бетке ұстары – дизайн, контент, верстка екенін жақсы түйсінген газет басшылығы мен тәжірибелі журналистері бәсекелес заманның сын-қатеріне төтеп берді. Облыстағы танымал әрі беделді газеттің абыройын одан әрі асқақтап, оқырмандар қатары артты.

Кез келген елдегі баспасөз құралы – ең алдымен қоғамдық көзқарасты қалыптастырушы бірден-бір тетік әрі ақпарат таратушы болып келді. Бірақ, цифрландыру кезеңі де газет үшін өзінің ережелері мен қағидаларын ала келді. Кәсіби журналистер құрамымен ғана газеттің ақпарат айдынындағы орнын ойып тұрып аламыз деген пікір де келмеске кеткен. Қазір білікті басшы, мықты менеджмент, өзгеруге бейімдік жақсы газет шығарудың кепілі болса, мықты контент, көрікті дизайн, оңтайлы верстка, сондай-ақ, сараптамалық материалдар – оқырмандар сұранысына жауап беретін бірден-бір құрал.

«Индустриальная Караганда» да өзгерісті алдымен дизайннан бастады. Әрине, мақала мазмұнынан кейін дизайн – табысты газеттің маңызды элементі. Мәселен, зерттеулер оқырмандардың 80%-ы ең алдымен оның безендірілуіне, ал 75%-ы фотосуреттерге, содан кейін ғана оның тақырыбына назар аударатынын көрсетті. Сауатты жазылған мақаланың бетте дұрыс орналаспауы оқырман назарынан тыс қалатынын түсінген газет басшылығы да ең алдымен газеттің дизайнын өзгертуден бастады.

Газеттің жауапты хатшысы Анна Круглова «Беттерді алдымен жеңіл әрі тартымды етуге тырыстық дейді. Бұрыннан қолданылып келген ауыр қаріптердің орнын заманауи қаріптер алмастырды. Дизайн өзгергендіктен, мәтінді қабылдау да жеңіл, әрі фотосуреттер мен графикалық элементтерді жиі пайдаланып жүрміз» дейді. Әрине, кез келген өзгеріске бағаны көзі қарақты оқырманның беретіні Жаңа кітап анық. Анна Федоровнаның айтуынша, оқырмандар тарапынан, тіпті, біраз жылдан бері жаздырып алушылар арасынан да кері көзқарас білдіргендер жоқ дейді. Айта кету керек, газеттің жаңа дизайны – ұжымдық жұмыс нәтижесі.

– Оқырмандар кеше ғана интернеттен оқыған ақпаратты бүгін газет бетінен оқығысы келмейтіні анық. Сондықтан, заман талабына сай болу және оқырмандардың көңілінен шығу үшін сараптамалық материалдарды көбірек беруге тырысамыз. Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласының аясында атқарылатын дүниелер де көпшіліктің көңілінен шығуда. Өзінің шыққан тегі, туған жері туралы кез келген адамның білгісі келетіні сөзсіз. Осы орайда журналистердің көлемді әрі жан-жақты жазылған мақалалары да газет бетінің ажарын аша түсті. Мақалалар мазмұнымен қатар, бұрынғы қасаң қағиданы бұзып, тақырыптарды да жаңаша қоя бастадық. Қызықты әрі тартымды тақырып – материалдың оқылуына кепіл – дейді аға тілші Самал Ахметова.

«Индустриальная Караганда» газетінің меншік иесі, «Saryarqa aqparat» ЖШС директоры Артур Нығметов газет мазмұнын өзгертіп, заман талабына сай етуде үлкен жұмыстар атқарылғанын айтады.

– Газетті бірден өзгертпей, трансформация процесін іске қосып, дизайнын өзгертіп, жаңа рубрикалар ашып, сараптамалық мақалалар жазуға тырыстық. Ұжыммен және газеттің бас редакторы Оксана Мягкихпен келісе отырып, ақпараттық бағыттан гөрі сараптама бағытына көшкен дұрыс деген шешім қабылдадық, – дейді. Артур Нығметовтың газет сайтына қатысты да жоспарлары алда. Яғни, болашақта сайт жеке ақпарат құралы ретінде тіркеліп, газеттен бөлек жүргізіледі. Егер газет сайтында ақпараттық сипаттағы материалдар күнделікті жарияланса, қағаз нұсқасында кеңейтілген сараптама, публицистикалық мақалалар жарияланатын болады.

Артур Нығметов, «Saryarqa aqparat» ЖШС директоры:

– Қоғамдағы газеттің орны – ерекше. Ол, жалпы ақпарат легінен бөлек болуы керек. Заман өзгерді, оқырман да заманға сай ақпарат алуды қалайды. Сондықтан, газет форматын да сұранысқа сай өзгертіп отыру маңызды. Оның қанша оқырманы болса, сонша оқырманның көңілінен шығатындай, талаптарына сай жұмыс жасау – біздің міндет.

Басқа материалдар

Back to top button