Теміртау

Ілкімді істің игілігі мол

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шын мәнінде ұлттық тарихымызды тануға, төл мәдениетімізді жаңғыртып, жоғымызды түгендеуге жол ашты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында мерейлі істер атқарылуда. Мәселен, Теміртау қаласында ескі саябақ жөнделіп, тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналды. Оқу ордалары мен мәдениет ошақтарында танымдық тағылымы терең іс-шаралар ұйымдастырылып, жастарды патриотизмге тәрбиелеу, туған жерді қадірлеуге шақыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Жастар – жаңғыру жолында

 Теміртау қаласында Елбасымыз тәлім алған Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университеті бар. Шойын балқытып, болат қорытатын металлургтерді дайындайтын бірден-бір білім ордасы. Мұнда студенттер металлургияның негізін ғана оқып қоймай, рухани азық алып шығады. Университет базасында «Рухани жаңғыру» кеңсесі ашылып, бағдарламаны жүзеге асырудың кешенді жоспары әзірленген.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру мақсатында Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы 6 басым бағыт бойынша – 41 шара және 7 арнайы бағдарлама бойынша 60 ісшара ұйымдастыру жоспарланған. Жоспарланған 101 шараның 50%- дан астамын қалалық ішкі саясат бөлімінің, жергілікті «Рухани жаңғыру» жобалық кеңселерінің, мемлекеттік мекемелердің және этномәдени бірлестіктердің қатысуымен өткізілуде. Студенттер осы арқылы бағдарламаның мәнін түсініп, таным-түсініктерін кеңейте алады, – дейді ҚМИУ Жастар саясаты және тәрбие жұмысы жөніндегі департаментінің директоры Мәдина Салпенова.

Университетте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Мамандық таңдау – тағдырыңды таңдау» атты эссе байқауы ұйымдастырылған. Қатысушылар өзде­рі таңдаған мамандық туралы ойпікірлерін жазып, сынға түсті. Ал, «Менің қаламның тарихы» атты мультимедиялық байқауда Теміртау қаласының тарихы баяндалып, ерекшеліктері көрсетілді. Қатысушылар Қазақстан Магниткасының құрылысын, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек жолын, алғашқы қазақстандық болаттың өндірілуін, еңбек адамдарының жетістіктерін заманауи технология көмегімен көрсете алды. Өткен жылы аталмыш байқауда 4 оқушының еңбегі үздік танылып, ҚМИУ Ғылыми кеңесінің оқу гранты табысталды. Байқауға оқушылармен қатар қала тұрғындары да қызығушылық танытуда.

Бұдан бөлек, Теміртау қаласы ішкі саясат бөлімі және қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерімен бірлестікте «Достық керуені» ұлттық мәдениет фестивалі де дәстүрлі түрде ұйымдастырылуда. Шараның мақсаты – ұлтаралық татулық пен келісімді насихаттау.

Университет базасындағы «Рухани жаңғыру» кеңсесінде Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар лигасы бар. Олар университеттің қоғамдық-мәдени жұмыстарына белсене араласып, ұлтаралық татулықтың үлгісін көрсетуде. Сонымен қатар, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасымен және Жастар ісі жөніндегі комитетпен бірлестікте «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау бағытындағы түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысып жүр, – дейді Мадина Салпенова.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда танымдық іс-шаралардан бөлек, ғылыми-сараптамалық материалдардың жариялануына да ерекше мән беріледі. Студенттер мен оқытушылар елуден астам сараптамалық мақала жазып, түрлі деңгейдегі ғылыми-танымдық конференцияларға белсене қатысуда.

Сәні кірген саябақ

 Ескі қаладағы саябақтың қайта жаңғыртудан өтіп, халық игілігіне пайдалануға берілгеніне де бір жылдан астам уақыт өтті. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде қараусыз қалып, күйі кеткен демалыс орнына өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Саябақты қалпына келтіруге жергілікті кәсіпкерлер демеушілік көрсеткенін де айта кеткен жөн. Бұл – Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасының жемісі. Бүгінде саябақ теміртаулықтардың сүйікті демалыс орнына айналып үлгерген. Әсіресе, зейнеткерлер мен балалар мұнда жиі келіп, уақыт өткізеді.

– Жалындаған жастық шағым осы қалада өтті. Зауытта жұмыс істедік. Демалыс күндері осы саябаққа келіп, би кештеріне қатысатынбыз. Кейін аумалы-төкпелі заман орнап, жұрт жеке басының мәселесін күйттеп кетті. Шүкір. Қазір бәрі қалпына келді. Қаламыз көркейіп, жоғымыз түгенделіп келеді. «Саябақты жөндейді екен» деген сыбыс шыққанда қатты қуандық. Бір мезгіл таза ауаға шығып, көз таныстармен сырласып тұрғанға не жетсін?! – дейді зейнеткер Евгений Тихонов.

Мұнда Теміртау қаласының Құрметті азаматтарының аллеясы ашылған. Қазақстан Магниткасының құрылысында жанқиярлықпен ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, от пен шоқтың ортасында жүріп шойын балқытып, болат қорытқан азаматтардың есімі ұлықтауға тұрарлық емес пе?! Саябаққа келген жас өрен еңбек адамдарының өмірін үлгі тұтып өсері анық.

Латынға көшу – заман талабы

 Теміртаулықтар латын графикасына көшу бастамасын қолдап отыр. Қалада қазірдің өзінде жаңа әліпби салтанат құрып үлгерген. Әсіресе, кәсіпкерлердің белсенділігі жоғары. Көшедегі жарнамалар, дүкендер мен сауда орталықтарының атаулары қазірдің өзінде латын әліпбиімен жазылып жүр. Олар осы арқылы тарихи маңызы зор бастамаға қолдау көрсетіп, латыннегізді әліпбидің танымалдылығын арттыруға үн қоспақ.

 Қала тұрғындарының өзгерісті оң қабылдауы тілдерді дамыту орталығы қызметкерлерінің тиімді жұмыс жүргізіп отырғандығын көрсетсе керек. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда қалада латын әліпбиін насихаттау, түсіндіру және үйрету бағытында жұмыстар жүргізілуде. Оқу орындарында, мемлекеттік және жекеменшік мекемелерде кездесулер, семинартренингтер өткізіледі. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге латыннегізді әліпбимен мекеме атын жазу, жарнама беру мәселелеріне қолдау көрсетілуде. Бұл жұмыстардың барлығы халыққа реформаның мәнін дұрыс түсіндіруге оң септігін тигізіп отыр.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button