Жаңалықтар

Ғибратты ғұмыр тағылымы

Жақында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Қазақ университеті» баспасынан «Өнегелі өмір» сериясы бойынша «Сағындық Кенжебаев» атты кітап жарыққа шықты. Бұл кітап біздің атақты жерлесіміз, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, фиолософ-ғалым, ҚР ҰҒА құрметті академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Жүнісұлы Кенжебаевтың өнегелі өмірі мен қызметіне арналған.

1924 жылы Қарқаралы ауданының Бесоба ауылында дүниеге келген болашақ ғалым сол ауылдың жетіжылдық мектебін 1939 жылы аяқтаған алғашқы 13 түлектің бірі де бірегейі болыпты. Қарқаралы педагогикалық училищесін 1942 жылы үздік бітіргеннен кейін Бесоба ауылдық кеңесінің хатшысы болып істейді. Сол жылы Отан қорғауға аттанып, майданда барлау бөлімшесінің командирі ретінде ерлігімен көзге түседі.

Елге оралған бетте Қарқаралы аудандық комсомол ұйымының бірінші хатшысы қызметін атқарады. 1948- 1950 жылдары Мәскеуде БЛКЖО ОК жанындағы Орталық комсомол мектебінде және Мәскеу университетінің философия факультетінде бір мезгілде қатар оқып, үздік бітіреді. Бұдан соң Қарағанды облыстық комсомол комитетінің хатшысы, кейін Қазақстан ЛКЖО ОК екінші, бірінші хатшысы болады. Одан кейін Ақтөбе облыстық партия комитетінің хатшысы, Қазақстан Компартиясы ОК солтүстік облыстары бойынша Бюро төрағасының бірінші орынбасарына дейінгі қызмет сатыларынан өтті.

БЛКЖО Орталық Комитетінің бюро мүшесі болған. Тұңғыш қазақ бірнеше жыл еліміздің жоғары және арнаулы орта білім министрінің орынбасары қызметін атқарып, қырық жыл бойы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде кафедра басқарды, ұлағатты ұстаз ретінде танылды.

Мәскеудегі басшылардың Қазақстанда тың игеруге қатысты шешіміне қарсы өз ойын ашық айтып, құйтырқы саясатына қарсылық білдірген нағыз ұлтжанды, қайсар қайраткер туралы кітап тарих ғылымдарының кандидаты Нұргүл Жанақованың даңқты жерлесіміздің өмір жолы мен ғылыми шығармашылығына арналған «Кенжебай феномені» атты мақаласымен ашылған. Одан кейінгі бөлімдерде жарияланған С.Кенжебаевтың таңдамалы ғылыми еңбектері, ол туралы Бәйкен Әшімов, Сағадат Нұрмағамбетов, академик Серік Қирабаев сияқты белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, отандық ғалымдар мен жазушылардың пікірлері мен мақалалары, ғалымның мұрағат құжаттары, фотосуреттері, сондай-ақ арнау өлеңдер шығарылым материалдарын байытып, толықтыра түскен.

Бұл – «Өнегелі өмір» сериясымен жарыққа шыққан 177-ші кітап. Онда елдің елдігі, ердің елдігі сыналар кезде сүрінбеген тұғырлы тұлғаның ғибратты ғұмыры жан-жақты баяндалады. Жаңа жинақ қалың оқырманға, қайраткердің өмір жолын үлгі тұтар жастарға арналған.

Есмұханбет СМАЙЫЛОВ,

физика-математика ғылымдарының докторы, профессор.

Басқа материалдар

Back to top button