Жаңалықтар

ХХІ ғасыр дерті

Дінге бөлінбестен, адамзат тұрғысынан алғанда, табиғат адамды екі жынысты етіп жаратты. Тіпті, адам ғана емес, жануарлар, жәндіктер, тіпті өсімдіктің өзі жұбымен жаралған. Осыдан-ақ, әлемнің кездейсоқ жаратылмағанын ойлай беріңіз. Олай болса, не еркек, не әйел емес, жер бетінде жыныссыз көбейер болса, тіршіліктің тоқтағаны…

Бұны не үшін айтты дерсіздер? Ақпарат заманындағы ашықтық кез келген дүниені жасырмастан, сол қалпында айтуды үйретті. Ашықтық қоғамда өмір сүріп жатқандардың өзі пікірін ашық айтып, әр проблеманы жете көрсетсе, оның кері жағы да болды. Мәселен, ғалымдар «ХХІ ғасыр дерті» деп анықтама берген «жынысын өзгерту» мәселесі бұқаралық ақпарат беттерінде жария түрде ашық айтылғандықтан, оған да бой үйренді. Жақсыдан гөрі жаманды тез сіңіруге дайын адамзат «не нәрсе екен?» деп қызығушылық танытып, жете зерттеп, бағамдап, бақылап білді. Тіпті, бұл – сәнге айналған ауру болды. Жарнамасы жақсы жасалған, жақсы насихатталған «ғасыр дерті».

Жаһандануға бет бұрғанда ашық айтыла бастаған «жынысын өзгерту» адамзат жаратылғаннан бар екені жасырын емес. Тіпті, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында адамның жынысын өзгертуге байланысты алғаш операция да жасалыпты. Бұл – ғылыми тілмен айтсақ, адамның жынысын өзгертуге деген талпынысынан басталатын психологиялық ақау. Ол өзін әуел баста дүниеге келгендегі қалыбынан бас тартып, өзін ер адам немесе әйел ретінде сезінуі. Бұл ретте, әйелге тән киім киіп, соған сай мінез-құлық таныту жеткіліксіз болып, хирургиялық жолмен жынысын өзгертуге дейін барады.

Қазір жынысты өзгертумен ешкімді таң қалдыра алмайсың. Мәселен, бір ғана Тайландтың өзінде хирургиялық жолмен жынысын өзгерткен 15000 адам бар десек, кейінгі жылдардың өзінде Қазақстанда оннан астам адам жынысын өзгерту үшін операцияға түсіпті. Демек, «хирургиялық жолмен жынысты өзгерту – психологиялық ауруға шалдыққан адамды айықтыру түрі» деп анықтама береді дәрігерлер. Әлем өркениетіне аяқ басқан елімізде де бұл мәселе ашық күйде.

Тіпті, жыныстық сәйкестендіруде ауытқушылығы бар адамдарды медициналық куәландыру және олардың жынысын ауыстыруды жүргізу қағидалары да бекітілген. Онда «жыныстық сәйкестендіру ауытқушылығы – өзінің қарама-қарсы жынысқа тиесілілігін сезіну, әдетте, өзінің морфологиялық (биологиялық) жынысынан сәйкессіздік немесе жайсыздық сезімімен және өзінің тәнін таңдаған жынысына барынша сәйкес келтіру мақсатында гормондық, хирургиялық ем алу ниетімен үйлесетін қарама-қарсы жыныстағы адам ретінде өмір сүру және танылу ниеті» деп жазылған.

Әрине, кез-келген адамның құқық бірдей болса да, бұқаралық ақпарат құралдары, әсіресе телеарналардан айдай әлемге жар салып, көптің талқысына салу артық. Көп жағдайда олардың қоғамнан көрген қысымы ғана айтылып, салдары туралы айтылады. Ал, жынысын өзгерткендер гормондық дәрілерді қабылдауына байланысты ұзақ өмір сүре алмайды, дүниеге ұрпақ әкеле алмайтыны болса болмаса да белгілі.

Дәрігерлердің өзі психологиялық ауру түрі деп нақты анықтама берсе де, генетикалық ауруды насихаттау – сәнді нормаға айналды. Психологиялық ақау – өткен ғасырдағыдай адамды қоғамнан аластауға негіз болмайды. Жалғыз жол – жаппай сәнге айналмай тұрғанда оның салдары туралы дұрыс ақпарат беру арқылы насихаттауға қарсы тұру.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button