Ханымыздың табанын сүйген князь

Назарларыңызға ұсынылып отырған суретке зейін қойып қараңыздаршы. Бұл картинаны В. Орлов-Петров деген орыс суретшісі 1912 жылы салған екен. Еліміз Тәуелсіздік алған соң тоқсаныншы жылдардың ортасында алғаш «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланғанға дейін ол жұртшылыққа белгісіз болып келген. Өнер туындысы «Присяга на княжение» («Князьдыққа ант беру») деп аталады. Зерттеушілердің болжамынша «Князьдыққа ант беру» суретінде тарихта Василий соқыр (Василий темный) деген атымен қалған ІІ Василийдің 1425 жылдар шамасында Алтын Орда империясы ханының табаны басылған саз тақтайшаны сүйіп ант беріп, Мәскеу ұлы князы (билеушісі) болып тағайындалып жатқан сәті бейнеленген.

Жарты әлемді бағындырған ұлы қолбасшы Шыңғыс хан қартайған шағында өз қарауындағы елдер мен жерлерді төрт ұлына бөліп бергенде үлкен ұлы Жошыға Дешті-Қыпшақ (Қыпшақ даласы) тиген еді. Жошы қайтыс болған соң оның ұлы Бату (Батый) жойқын жорықтарды одан әрі жалғастырып, иеліктерін едәуір кеңейтті, Шығыс Еуропаға дейін жетті, Венгрия, Польша, Чехия және басқа да елдерді басып алды. Иелігіндегі жерлерде Алтын Орда мемлекетін құрды. Алтын Орда толықтай дерлік қазіргі Қазақстан, Кавказ, Ресей, Украина, Молдова аумағын қамтыды. Оның шегі батыста – Днестр өзеніне, шығыста – Ертіс өзеніне, солтүстікте – Батыс Сібір ойпатына, оңтүстікте – Солтүстік Кавказға дейін жетті, Парсымен шектесті. Бату иелігінің құрамына оңтүстік-шығыста Солтүстік Хорезм де енді. Орыс князьдықтары да Батуға тәуелді болды.

Алтын Орда мемлекеті орта ғасырларда 1243 – 1503 жылдары өмір сүрді. Ол алғашында Шыңғыс хан империясының құрамында болып, кейін дербес елге айналды. Оның астаналары әр кездері Бату Сарай (Волгоград), Берке Сарай (Астрахань маңы), Сарайшық (Атырау маңы) қалалары болды.

Тарихта Алтын Орда хандығы Жошы ұлысы (мемлекеті) немесе Қыпшақ хандығы деп те аталады. Өйткені билеушілері Шыңғыс тұқымы болғанымен, мемлекет халқы негізінен түркі тектес, тілдес Дешті-Қыпшақ жұрты еді. Мемлекеттің қолданыстағы басты тілі де қыпшақ тілі болды. Жошыдан тарайтын ұрпақ – билеуші топты құраған моңғол қауымы келе-келе жергілікті халықпен сіңісіп кетті, мұсылмандықты қабылдады, оны мемлекет дініне айналдырды, қазақ халқында олар ақсүйек төре деп аталады. Хандар тек төре сұлтандар арасынан сайланып отырды.

Алтын Орда мемлекетін құрушы Бату баһадүрдің әкесі Жошы ханның зираты қазақ жерінде, Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 50 шақырым, Қаракеңгір өзенінің жағасында. Құрылғанына 550 жыл толуы 2015 жылы Қазақ Елінде кеңінен аталып өткен Қазақ хандығы Алтын Орданың тарихи мұрагері болып танылатыны да сондықтан. Бұл сурет бізге сол үшін де құнды.

Заман өте Ресей дәуірлеп Қазақ жұртын өзіне қаратқаннан кейін патшалық Ресей билігі Алтын Ордадан қалған хандық жүйені жойды. Ресей 1867 – 1868 жылдарда Қазақ елінде жүргізген саяси реформалар төрелерді қазақ қоғамында қалыптасқан саяси және экономикалық артықшылықтарынан, билеушілік құқығынан біржолата айырды. Бөліп ал да билей бер қағидатымен біртұтас қазақ даласын үшке бөлді, аға сұлтандар мен болыстар сайлауын енгізіп, ағайын арасын алауыз етті.

Әйтседе төрелерден Қазақ Еліне, халқына сіңірген еңбегімен әйгілі талай ұлт мақтанышы шықты. Абылай ханның ұрпақтары – ұлы ғалым, ағартушы Шоқан Уәлиханов, Тәуелсіз Қазақ Елінің Елтаңбасы – гербін жасаушылардың бірі, сәулетші Шота-Аман Уәлиханов, Бөкей ханның ұрпағы – Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов, кеңестік қазақ мемлекеті – Қазақ автономиясын құруға белсене араласқан, Қазақ әскери-революциялық комитетінің мүшесі, Қазақ автономиялық кеңестік социалистік республикасының тұңғыш заң комиссары (қазіргіше әділет министрі) Бақытжан Қаратаев осы төрелер тұқымынан. Қоғамның сан-саласында еңбегімен танылған айтулы төре азаматтар тізімін осылай жалғастыра беруге болар еді.

Ал орыс жұрты Алтын Орда мемлекетіне бодан о заманда біртұтас Ресей жоқ, ол князьдар билеген бөлек-бөлек князьдықтар (жеке-жеке аумақ) еді. Олардың билікке таласушы шонжарлары арасында қай жеңген мықтысы князьдықтың әміршісі болуы үшін Алтын Орда ханының алдында тізерлеп отырып бас иіп, адал қызмет етуге ант берген, сөйтіп князьдықтың билеушісі – ұлы князь болып тағайындалып жүрген.

Князь, ұлы князь деген не дәреже және кімдер еді? Ол жапы алғанда ІХ – ХVІ ғасырларда славян халықтарының және кейбір басқа да халықтардың феодалдық монархиялық мемлекеттерінде не жеке саяси құрылымдарында ірі жер иеленуші феодал шонжарларға берілетін ақсүйектік атақ әрі дәреже болған. Өздерін ақсүйек санаған шонжарлар арасындағы бақталастықта жеке-дара билікке қол жеткізген әміршіні князь (ұлы князь) деп атаған, кейін князь текті білдіретін атаққа айналған. Осылай әлемде басқару жүйесі монархиялық мемлекетте ел билігі ауқатты бай тектер арасынан жарып шыққан бір адамға ғана тиеслі болды, билік одан әрі мұрагерлік жолмен әкеден балаға өтіп, ұрпақтары жалғастыратын құқық қалыптасқан. Осы дәстүрмен Рюриковтер әулеті феодалдық Русьті әуелде князь, ұлы князь, кейін патша атанып 862 – 1598 жылдарда 736 жыл билесе, олардан патшалықты қолдарына алған Романовтар тұқымы Ресей империясын 300 жылдан астам уақыт басқарып өтті. Ресей империясы даму барысында князьдықтан патшалық билікке көшкен соң да ерлерге ұлы князь, әйелдерге ұлы княгиня атағы императорлар әулетіне беріліп отырды, ал 1886 жылдан бастап бұл атақтар тек императорлардың тікелей ұрпақтарына ғана тиесілі болды.

Заманның, қоғамның дамуына қарай біршама өңін өзгерткенімен қазір әлемнің 31 елінде монархиялық басқару жүйесінің үш түрі бар екен. Атап айтқанда Азияда – 14, Еуропада – 12, Африкада – 3, Мұхит аралдарында – 2 елде монархиялық жүйе орныққан. Мұндай елдер қатарына Еуропада – Бельгия, Дания, Испания, Люксембург, Нидерланд, Норвегия, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия біріккен корольдігі, Швеция, Азияда – Біріккен Араб Әмірлігі, Иордания, Кувейт, Сауд Арабиясы, Жапония, Малайзия, Тайланд, Африкада Марокко сияқты танымал елдер мен бірқатар ұсақ мемлекеттер жатады. Оларда жоғарғы билеушіні король, королева, император, князь, герцог, әмір, сұлтан, көсем деп атайды.

Енді сурет тарихына оралайық. Алтын Орданы 1422 – 1427 жылдары билеген Барақ хан Мәскеудің ұлы князын тағайындау салтанатына әлдебір себеппен бармайтын болады. Орыс жұртының қайсыбір қаласының билеушісі болмақшы біреудің ант беру рәсіміне сапар шегуді үстем Барақ хан соншалықты аса маңызды шаруа деп бағаламауы да мүмкін. Бірақ дәстүр солай, ант қабылдау керек. Орыс мемлекетінің қалыптасу тарихын жазған ғалымдар Николай Костоморов, Сергей Соловьев, басқа да зерттеушілер Алтын Орда билеген дәуі­­рде осындай салттың орнағанын баяндайды. Сол салтанатқа бара алмайтын болғасын, Алтын Орда ханы Барақ суретте көрсетілгеніндей, саз тақтайшаға аяғының табан ізін түсіріп, князь болатын адам осы табаныма ант берсін деп беріп жібереді.

Ал тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлының пайымдауынша суреттегі оқиға 1425 жылдар шамасында емес, 1445 (1446) жылы болған. Мәскеудің ұлы князы ІІ Василий соқыр ант беріп тұраған табан ізі Алтын Орда ханы Барақтікі емес, хан Ұлұғ Мұхаммедтікі. Расында да олар Алтын Ордада мұрагерлік реттерімен хандық билік жүргізген кезеңдерде ІІ Василий соқыр 1425 – 1462 жылдары Мәскеу­ді билеуші ұлы князы болған. Туыстар арасындағы тақ таласы барысында ара-тұра биліктен айырылып қалып, сәтін салғанда билікке қайта келіп отырған. ІІ Василий соқырдың 1445 жылы қазан айында тағы да таққа қайта оралуына Алтын Орда ханы Ұлұғ Мұхаммедтің көмегі тиген. Тарихшы Зардыхан Қинаятұлының айтып отырғаны осы.

Ұлұғ Мұхаммед Алтын Орданы 1428 – 1446 жылдары билеген хан. Бұл да бауырлар арасындағы тақ таласында бірде жеңіп, бірде жеңіліп отырған. ІІ Василий 1445 жылы қазан айында Ұлұғ Мұхам­медтің қолдауымен Мәскеудің ұлы князьдығына қайта тағайындалған соң, өзін тұтқыннан босатып, өмірін алып қалған, билікке қол жеткізген жақсылығы үшін Ұлұғ Мұхаммедке 200 мың рубль күміс төлем төлейді, Ұлұғ Мұхам­мед қайтыс болған соң да құрметінен жаңылмай 1452 жылы Ұлұғ Мұхаммедтің ұлдары Қасым мен Жүсіпке (Якуб) Мәскеу князьдығына қарайтын Мещера қаласы мен жерін сыйға тартады. Еділ мен Ока өзендері қиылысындағы бұл аумақ мордва, эрзя, орыс халықтарына сіңіп кеткен байырғы фин-угор тайпасының мещера деген жұртының жері еді. Сол жерде Қасым хандығы құрылады, Қасым жұрты жергілікті халықтармен араласып кетеді. Ну орман арасында, өзендер жағасында орналасқан қала Қасым хан дүниеден өткен соң Касымово болып аталады. Кейін Алтын Орданың соңғы жұрнағындай Қасым хандығы жойылғанымен, қаланың Касымово атауы сақталып қалды. Бұл қала қазір де бар, Рязань облысының аумағында.

Қай кезде де күші басым отарлаушы мемлекеттер тарихты өз мүддесіне орайластырып бұрмалап жаздырып отырған. Өз ұлтын қаһарман жеңімпаз, өнер-білімі озық жасампаз, қарауына алған басқа халықтарды жарылқаушы зиялы ұлы мемлекет, қайырымды ұлы ұлт ретінде көрсетсе, ал оған тәуелді мемлекеттер өз халқының тарихын отарлаушы мемлекеттің ыңғайына қарай бейімдеп, ынтымақты көрші, қамқор бауырлас аға ұлт, теңдессіз ұлы ұлт, осылардың арқасында жетілдік деп жазуға мәжбүр болып келеді. Кеңес заманында билеуші Коммунистік партия, Кеңес Одағы, Қазақстан тарихы осылай оқытылды. Ал мына картина бұрынғы патшалық Ресей мен кешегі Кеңес тұсындағы сол үстемдікті әлі де көксеуші кейбір шовинистік пиғылдағылардың есіне арғы тарихын салады.

Сурет ғайыптан Қазақстанда қазақ басылымдарында жарияланғанға дейін оның ел-жұртқа беймәлім болып келгені де сондықтан. Мұражайларда көпшіліктің көруіне қойылмаған. Бұл суретті Абай мен Шәкәрім, басқа да тарихи тұлғалар кесенелерін, сағаналарын салған белгілі сәулетші әрі поэзия, проза, драма шығармалар жазған қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайын Назарбекұлы еліміз Тәуелсіздік алған соң ғана «Қазақ әдебиеті» газетіне ұсына алды, газет оны тоқсаныншы жылдары екі рет жариялап, халқымызға таныстырды. Бұдан кейін картина тарихшылардың, қаламгерлердің түсіндірме пікірлерімен «Ақиқат» журналында, «Түркістан» газетінде басылды, әлемторға орналастырылған.

Сисем Ата бабалар … бас енші

Өнер және өлім →

Қылқаламшы мамандардың пайымдауынша бұл сурет – «кардон». Суретшiлер болашақ салынбақ үлкен картинаның бiр бөлшегiнiң әуелгіде кардон қатты қағазға салынған алғашқы нобайын осылай атайды екен, соған қарағанда картина аяқталмаған еңбек болуы мүмкін. Түркi тектес, тілдес халықтар мемлекеті Алтын Орданың дәуiрлеп тұрған айбынды заманын бейнелейтiн бұл тарихи суреттің сол жақ төменгi бұрышында авторын, салынған жылын көрсететін «В. Орловъ-Петровъ 912 г.» деген жазу бар.

Мәскеудің ұлы князы атағын беру салтанатында ұлы князь болатын адам әуелі Алтын Орда ханының немесе оның өкілінің аяғына жығылып, бас иіп, бағыныштылығын мойындап ант береді, содан кейін оның тұлпарына да құрмет көрсетеді екен. Мәскеудің ұлы князы енді басындағы Мономах қалпағы (шапка Мономаха) деп аталған құрметтi тәж-бас киіміне жем дән толтырып, Алтын Орда ханының тұлпары жеп тауысқанша оның аузына тосып тұратын болған. Владимир Мономах ХІ ғасырдың аяғы – ХІІ ғасырдың алғашқы ширегінде Киев Русін билеген қайраткер. Содан бері келе жатқан тәж-қалпақ Русь князьдарына ауысып отырған. Бұл қалпақ қалай, қайдан пайда болды дегенге бірнеше болжам бар, соның бірі – осынау бас киiмдi Мәскеу ұлы князы Д. Донскойға Алтын Орда ханы Өзбек сыйға тартқан екен деген жорамал. Осы тәж-қалпақ І Петр заманына дейін Мәскеу ұлы князьдарын, кейін Ресей патшаларын ұлықтауға қолданылып келіпті.

         Он төртiншi ғасырда Мәскеу ұлы князьдары Алтын Орда хандарының әскери қолдауымен орыс жерiн бiртұтас мемлекетке айналдыра бастайды. 1325 – 1340 жылдары билік құрған Мәскеу ұлы князы Иван Данилович Калита Алтын Орда ханының Жарлығына (ярлық) қол жеткізіп, бытыраңқы орыс князьдықтарынан алым-салықтар жинап, Алтын Орда мемлекетiне тапсырып отыру құқығын алады. Иван Калита Өзбек ханның (1312 – 1342 ж.ж.) көмегiмен Тверь (1327 ж.), Смоленск (1340 ж.) князьдықтарын Мәскеуге күштеп бағындырады. Өз билігі өзінде болып келген орыс қалаларын осылай Мәскеудің қол астына бiрiктiру саясаты әсiресе ІІ Иван (1353 – 1359 ж.ж.), Дмитрий Донской (1359 – 1389 ж.ж.) сияқты тарихи тұлғалар кезiнде одан әрі жүргізіледі. Бұл жұмысты Д. Донскойдың ұлы І Василий, одан кейiн немересi ІІ Василий жалғастырды.

Кеңес заманындағы тарихта бытыраңқы жеке-дара князьдықтар болып келген орыс қалаларының бірігуі өздерін үш ғасырдай билеп-төстеген моңғол-татар басқыншаларының Алтын Орда мемлекетіне қарсы тізе қосуы деп түсіндіріліп келді. Олардың осылай шоғырлануына бодан жұртты басқаруды, алым-салықтар жинауды бір орталықтандыру ниетімен Алтын Орда хандары септескені айтылмады. Ақыры осы бірігу біртұтас күшті орыс империясының пайда болуына алып келсе, ал Шыңғыс хан ұрпақтары – билеушілердің өзара ауызбірліктері болмауы салдарынан айбарлы алып империя Алтын Орда мемлекеті әлсірей бастайды. Алтын Орда тарихында «ұлы дүрбелең» кезеңі аталған 1359 – 1379 жылдары оның тағында 25 хан ауысады. Жошы ұлысы Алтын Орда, Ноғай Ордасы, Көк Орда және Ақ Орда болып төртке бөлінді, бұл Ордалар келе-келе ұсақ Қырым, Қазан, Өзбек, Қазақ, Астрахань, Сібір, Башқұрт хандықтарына бөлшектеніп кетті.

Суретте бейнеленген Алтын Орда ханының табан iзiн сүйiп Мәскеудің ұлы князы атанған ІІ Василий соқырдың ұлы 1462 – 1505 жылдары Мәскеуде билік құрған ІІІ Иван енді Алтын Ордада баяғы қаһарлы қауқар қалмағандығын пайдаланып, 1476 жылы хан Жарлығын жыртып, бұдан былай Алтын Ордаға алым-салықтар төлемейтiндiгiн жария етедi. Суретші Н. С. Шустовтың осы тарихи сәттi көрсеткен «Иван III разрывает ханскую грамоту» («ІІІ Иван хан Жарлығын жыртуда») деген картинасы (1862 ж.) бар.

ІІІ Иван 1476 жылы Алтын Ордаға алым-салықтар төлеуден бас тартқан соң Алтын Орданың ханы Ахмет 1480 жылы қалың қолмен Мәскеуді жуасытуға аттанады. Бiрақ араларында кескілескен шайқас болмайды. Екі жақтың әскері бiр жаз бойы Угра өзенiнiң екi жағында тұрып бір-біріне алыстан айбат шегуден әрі бармайды. Бұл ерекше оқиға тарихта «әйгілі босқа отыру» деп аталады. Ахмет соңынан келер көмектi күтедi. Орыстар әліптің артын бағып, күшiн сақтайды.

Ал Алтын Орданың жаңа пайда болған шағын хандықтары Ахметке көмек берудің орнына, негізгі күші орыстарды тезге салуға аттанған Алтын Орда иелiгiне жемтік аңды жан-жақтан жұлмалаған ашкөз жыртқыштардай тарапа бас салады. Ақырында Ахмет хан кейiн қайтуға мәжбүр болады, өз елінде кіші хандармен болған соғыста ойсырай жеңiледi. Осылай басынан бағы тайған бір кезде жарты әлем – күллі Азияны, Еуропаны, Солтүстік Африканы дірілдеткен Шыңғыс хан империясының бір бөлшегі Алтын Орда Шыңғыс хан ұрпақтарының өзара қырқысуы салдарынан 1480 – 1481 жылдардағы соғыстар нәтижесiнде мемлекет ретінде күйреп, бұрынғы даңқы тарихқа айналып кете барады. 1502 жылы Ахмет хан өлген соң Алтын Орда мемлекеті көп ұзамай біржолата жойылды.

         Енді орыстың әккі саясатшылары Алтын Орда жұртында жаңа пайда болған мемлекеттер билеушілерін бiр-бiрiне айдап салып, тегі бір халықтарды өздерiн өздерiне қырғызып, әлсіреген кездерінде басып ала береді. Осылай бiр замандағы ұлы мемлекет Алтын Орда бөлшектену салдарынан құлайды да, ал жеке-жеке ұсақ князьдықтардан тұратын бытыраңқы орыс елi күшпен болса да бірігулері арқасында біртұтас империяға айналады. Енді бір кездегі айбынды империя Алтын Орда халықтары бес ғасыр бойы – 1991 жылға дейін орыс мемлекетіне бодандыққа түсуге душар болды. Соның салдары – тең құқылы елдер Одағы деп дәріптелген КСРО заманында қазақ халқының үштен екісі озбыр саясат салдарынан қырылды, шет елдерге босты, нәтижесінде өз жерінде тым азшылыққа айналды, ділінен, тілінен, дінінен айырылып, орыстанудың, мәңгүрттенудің, көзқаманданудың сәл-ақ алдында тұрды. Қазір 5 миллиондай қазақ, жалпы қазақ халқының үштен екісіндейі әлі де шет елдерде қалып отыр. Ресей құрамындағы түркі тектес, тілдес басқа халықтар да түрлі нәубетті бастан кешті. Алтау ала болса ауыздағы кетеді, бөлінгенді бөрі жейді деген тарих тағылымы осы.   

Суретте князьдыққа ант беру қыстың күні өтіп жатыр. Онда Алтын Орда ханының елші-нө­кер­лері болашақ Мәскеу ұлы кня­зынан адал қызмет етуге ант қабылдап тұр, князь олардың алдында жүрелеп отырып ханның табан ізіне ант беруде. Оның артында тұрған нөкерлері де жабыла тағзым етуде. Алтын Орда билеушілеріне кемсіту жағ­дайын­да болса да князьдың ант беруі оны қала тағына көтеріп қана қоймай, орыс жұртына алым-салықтарын төлеп, ты­ныш­тықта тіршілік етуге мүмкіндік беретін еді.

Суретші В. Орлов-Петров 1912 жылы осынау тарихи тақырыпқа үлкен картина­ салуға ниеттенген. Отанын сүйген суретшінің осы астарлы ойлы картинаны салуға кірісуіне ғасыр басынан сол кезеңдерде Ресей империясының тағдырында төңкеріс болған күрделі тарихи оқиғалар әсер еткендей. 1905 жылы алып Ресей шағын Жапония мемлекетімен соғыста жеңілді, Шығыстағы бірсыпыра иеліктерінен айырылды, елде 1907 жылға дейін елеулі революциялық толқулар болып, мызғымастай патша тағы шайқалды. Айтарлықтай экономикалық қиыншылықтар салдарынан Аляска Америкаға сатылды. Мемлекеттік думаға бұратана халықтар өкілдері де сайланып, олар өз халықтарының құқықтарын қорғай бастады. Ресейге бодан аймақтарда әлсін-әлсін наразылық көтерілістер болып тұрды. Суретші осындай саяси-экономикалық дағдарыстарды бастан кешіп жатқан Ресей империясының келешегіне алаңдап, бұлай кете берсе тарих қайталануы мүмкін, қайтадан баяғы бодан қалпыңа түсіп қалып жүрме Ресейім деген ескерту ой айтқысы келгендей. Тарих тағылымын орыс билеушілерінің, халқының есі­не осылай салғысы, ескерткісі келген шығар сірә деп болжауға болатындай. Бұл қай кезде де қай мемлекет, қай халық болса да есте ұстайтын тарих сабағы әрине. Патшалық, кеңестік айбарлы Ресей империясының одан бергі ғасырлық тарихы баршамызға жақсы мәлім. Тарих тәлкегі, тарих заңдылығы сол – Мәскеу билеушілерінің өзара қырғиқабақ текетіресі арқасында 1991 жылы алпауыт КСРО империясы да тарап, оның уысындағы он төрт ел, оның ішінде біздің Отанымыз да аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізді! Кеңес Одағының тарауы бүкіл әлемде қоғамдық жүйе ретінде – социализмнің, ілім ретінде коммунизмнің күйреуіне алып келді!

Суретте кімнің қо­жайын, кімнің бағынышты қауым екені көзге анық ұрып тұр. Алтын Орда өкілдерінің көкірегі көтеріңкі, бастары шалқақ, өңдері айбарлы да ызғарлы. Әсіресе Жарлық оқып тұрған өкілдің өзін ұстауы еркін әрі паң. Есесіне ІІ Василий тобы ұнжырғы, көңілдері пәс, өңдері сынық. Князьдары ІІ Василий саздағы табан ізіне бас иіп, тізерлей мойын ұсынған соң, басқалары қайтсін! Тек ұзын қара тон киген біреуі ғана алтынордалықтарға барлап қарай алған…

Бұл керемет олжа суретті Мәскеуден елімізге жеткізген Сыр мен Балқаш перзенті, техника ғылымдарының докторы, профессор, коллекцияшыл Тәуке Әнесұлы Алтынбеков. Ол 1948 жылы 10 наурызда Қызылорда облысының Шиелі кентінде дүниеге келген. Мамандығы – инженер-құрылысшы, Алматыда 1969 жылы Қазақ политехника институтын бітірген. Мұхтар Әуезовтің үлкен қызы Мұғамиланың күйеу баласы екен, жарының есімі – Гүлжаһан, балалы-шағалы. Тәкең жоғары оқу орындарында, өндіріс, құрылыс саласында бірсыпыра басшылық қызметтер атқарған. Қазір Алматы қаласында тұрады.

Тәукемен Қазақ полтехника институтында бірге оқыған жылдардан досы, әңгіме болып отырған картинаны одан көріп, оның суретін «Қазақ әдебиеті» газетіне ұсынған Сайын Назарбекұлының ол туралы мына пікірі Тәукенің азаматтық рухани болмысын таныта түседі.

— Тәукенің энциклопедиялық білімі, жалпы өмір мен жаратылыс туралы танымы оны кез келген жасы үлкен кісімен, кез келген атақты адаммен теңестіріп жіберетін. Өйткені барлық жағдай туралы ол өзгенің емес, өз пікірін ғана айта білетін және қорғай алатын жан,– дейді С. Назарбекұлы.

Колекцияшыл Тәуке сонау жетпісінші жылдардың ортасында аспирант кезiнде Мәскеудің бiр сатып алу-сату дүкенiнде сатуға қойылған осы картинаны кездейсоқ көріп қалады. Сурет мазмұнының еректігі бірден оның назарын аударады. Орыс жұрты Алтын Ордаға тәуелді заманды бейнелейтін мына таптырмас құнды дерек-картинаға заты зерек ғалым әрі өнер сүйген Тәукенің ықыласы кетіп, сатып алмақ болады. Бірақ суретті сатуға қойған иесiнiң талабы – ол тек қана мұражайға сатылуға тиiс екен. Ал Тәуке мұражай қызметкері емес, мамандығының ол салаға қатысы жоқ. Сөйтіп картинаны ала алмайды, бірақ ауық-ауық сол дүкенге соғып кетіп, бақылап жүреді, картина өтпей тұра береді. Ақыры үш жыл дегенде 1977 жылы бір сәтін келтіріп, мұражай қызметкерi ретiнде суреттi сатып алады-ау!

Осындай зияткер азамат Тәукенің тегіне назар аударсақ, Сыр бойына аса қадірлі ғалым-агроном Әнес Алтынбековтің жарқын бейнесі алдымыздан шығады. Әнекең 1909 жылы 15 наурызда қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы өңірінде Балқашқа құятын Қарабұлақ-Тоқырауын өзенінің бойында Нарманбет ауылында дүниеге келген. Оның ұлы Тәукенің Сыр мен Арқаның тел перзенті болатыны сондықтан. Әнес Алматы ауыл шарушылығы техникумын бітірген соң жолдамамен Қызылорда облысына келеді, бүкіл өмірін күріш өсіру агрономиясына арнайды. Омбының ауыл шаруашылығы институтын сырттай бітіреді. Қызылорда облысының ауыл шаруашылық өндірісінде 40 жыл еңбек етеді. Аймақтың ауа райы мен жер жағдайын ескере отырып, алғаш 6 және 7 танапты ауыспалы егіс әдісін қолданып, күріш пен беде түсімін 2,5 – 3 есе арттырады. Әнес Алтынбеков күріштің «Қазалы 168/3», «Қызылорда 356», т.б. сорттарын өсіріп шығарды. 1965 жылдан Қызылорда аймақтық агрохимиялық зертханасын басқарды. Орден және медальдармен марапатталған. Қазақстанның еңбек сіңірген агрономы. Әнес Алтынбековтің есімі Қызылорда қаласында және Шиелі кентінде көшелерге берілген.

Халқымыздың мақтанышы, күріш егіп, өнім алудан әлемдік рекордшы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, Сыр елінің «ХХ ғасыр адамы» Ыбырай Жақаевтың жазушы Оразбек Бодықовтың әдеби жазбасымен 1980 жылы Алматыда «Жазушы» баспасынан мол таралыммен жарық көрген «Өмір жолдары» деген өте құнды тарихи естелік кітабы бар. Бұл еңбек 2016 жылы даңғайыр диқанның 125 жылдық мерейтойына орай Қызылорда облысы мен Шиелі ауданы әкімдіктерінің ұйғаруымен «Дала академигі Ыбырай Жақаев» деген атаумен қайта басылып шықты. Сол кітаптың «Дос туралы лебіз» аталатын тарауы көрнекті агроном-ғалым Әнес Алтынбековке арналған. Тек сол тарауда ғана емес, көлемді кітаптың бүкіл өн бойында Ыбекең күріш дақылын Сыр бойына орнықтыруда, мол өнім алу үшін ұмтылыста Әнестің сіңірген еңбегін үнемі атап көрсетіп отырады, естелікте диқан мен агроном еңбегі домбыраның қос ішегінен төгілген күй-сырдай риясыз баяндалады.

— Екеуміз тұңғыш рет жолыққан жылы ол отызда еді де, мен елуде болатынмын…,– деп бастайды Ыбекең агроном Әнес туралы әңгімесін. Бұл 1940 жылдың күзі екен. – Елуге дейін елеусіз келген Ыбырай атым қартайғанда жорға шығып, күріш өсіру ісінде көп табысқа жеттім, ел құрметіне бөлендім… Егер осы бір ұзақ сапарда қасымда алдымен Әнес, содан соң өзіме ерген шәкірттер мен серіктер болмаса, жолда қалар ма едім, кім білсін?! Қасымда Әнес секілді адал достың, оқымысты агрономның, ғылым мен тәжірибені ақылмен ұштастыра білген салдарлы кісінің болуы – мені биікке бастады, небір соқтықпалы жолдардан сүріндірмей, құлатпай алып өтті,– деп ағынан жарылады ұлы диқан.

Әнес 1940 жылы Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына бас агроном болып тағайындалады. Ыбекеңмен өмір жолы осылай түйіседі. Оның ұлы Тәуке осылай шежірелі Шиеліде дүниеге келеді, Әнекең киелі Сыр еліне біржолата сіңісіп, тамыр байлайды.

«Бір адамның жаққан отына он адам жылынады» демекші, …Сыр бойына келіп, Әнес жаққан… отқа көп адам жылынды, көп адам өз бойына қуат алды. Алғыстарын жаудырды. Біраздары жаңа туған ер балаларына ырым етіп, Әнес деп ат қойды…». Ыбекең әрі інісі, әрі досы болып кеткен Әнекең туралы осылай зор ілтипатпен сыр шертеді.

Ыбекеңнің терең сырға толы Шиелі шежіресі іспетті осы кітабынан агроном Әнес Алтынбековтің тағы бір қырын танимыз. Диқанның күріш егістігі танабын тегістеуге пайдаланған, кейін техника көбейе келе қолданудан қалып, ұмыт болған «лай-омаш» деген құралын, басқа да байырғы тұрмыстық заттарды Шиелінің өлкетану мұражайына осы Әнес қойғызған екен.

Лай-омаш құралды сұрағанына таңырқаған диқанға Әнес:

  • Шиелінің тарихын көрсететін экспонаттар керек. Сіздің лай-омашыңыз Сыр бойының күрішіндегі ең күшті тарих қой,– дейді.

  • Айналайын-ау, лай-омашты жасаған мен емес, ол бізге тар заманнан жеткен құрал. Бұл жұрт мені тым аспандатып, басыма бөтеннің бөркін кигізіп барады, соны айтып түсіндірсейші,– деген Ыбырай сөзіне Әнес рахаттана күліп алады.

  • Ыбеке,– дейді ол,– лай-омаш ежелден келе ме, әлде жаңадан жасалды ма, мәселе онда емес. Бабалар ізі өшпеді, дәстүр өлмеді, ол әрі қарай жалғасты – мәселе сонда. Ұмыт болған нәрсені қайта жаңғыртып, оны ел игілігіне ұсынуыңыз – ғажап іс.

  • Ескі нәрсе, ұят болмаса,– деп күмілжиді диқан.

  • Өзі ескі болғанымен, лай-омашты көрмей өскен жастар үшін тәрбиелік үлкен мәні бар. Ол – Шиелінің тарихы,– деп тұжырады ғалым-агроном. – Шындыққа жүгінсек, лай-омаш тек күріш егетін аймаққа тән нәрсе. Меніңше, оны тек Қызылорданың музейінен ғана көретін болар жұрт.

  • Ондай дәурені өткен көне құралды жинап жатса, лай-омаштан да басқа заттар бар емес пе?

  • Мысалы, қандай заттар?

  • Келі мен келсап… Қол диірмен… Бибіажар өз келісін осы уақытқа дейін ешкімге ұстатпай, қастерлеп сақтап жүр.

  • Ойбай, Ыбеке-ау, оны баяғыдан бері неге айтпай жүрсіз? Келі де – тек күріш пен тары егетін аймақтың басты құралы. Жеңешемнен оны сұрап алайық,– деп Әнес қуанып қалды.

Ыбырай Жақаевтың кітабынан алып бұл жайларды тәптіштеп отырған себебіміз – Әнестің ұлы Тәукенің бойындағы өнерге, тарихи жәдігерге зеректік қайдан екенін аңғарту. «Әкеге тартып ұл өсер» деген осы да. Біз бұл мақалада жай-жапсарын жан-жақты қамтуға тырысып әңгімелеп отырған, тарих қойнауына бойлатар мына құнды сурет қазір көзі қарақты, көкірегі ояу талай зиялы азамат үйінің төріне мақтанышпен іліп қоятын жәдігерге айналған. Тіпті елімізге келген мемлекеттік дәрежедегі қонақтарға бағалы сыйлық ретінде сыйға тартылып та жүр екен. Бұның жөні де бар, өйкені Мәңгілік Ел орнатып жатқан Тәуелсіз Қазақстан – Алтын Орда мемлекетінің тарихи мұрагері.

Зиялы азамат Тәуке Әнесұлы Алтынбеков амалын тауып елімізге алып келген, Алтын Орданың айбарын асыратын тархи мәнді мұра бізге Тәуелсіз заманымызға дейін ашып айтылмаған, бұрмаланған тарихымызды біле жүруімізді ескертеді. Тегімізде бар, кешегі 1986 жылы Желтоқсан көтерілісінде атойлаған өршіл рух Тәуелсіз елімізде, халқымыздың бойында өрлей түсіп, намыстан жаралған Мәңгілік Ел рухына айналғаны керек-ақ. Рухани жаңғыру деген осы.

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,

журналист-заңгер,

Қазақстанның мәдениет қайраткері,

Магистральдық құбыр көлігінің Құрметті қызметкері,

Шиелі ауданының Құрметті азаматы

АСТАНА

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.