Жаңалықтар

“Халық банкі” – игі істердің жаршысы

Жезқазған қаласында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұсынылған «Туған жер» бағдарламасының талаптары тиянақты түрде жүзеге асырылуда. Соның айшықты бір айғағы – «Халық Банкі» АҚ Жезқазған аймақтық филиалы Алғашқы құрылысшылар алаңында мақсатты негізде орнатып, бүлдіршіндер игілігіне берген заманауи үлгідегі ойын алаңқайы.

Сәбилерге арналған ойын алаңқайының орналасу орны ретінде Алғашқы құрылысшылар алаңының таңдалып алынуы бекерден бекер емес. Себебі, әдемі саз әуенімен үндесіп тұратын субұрқағы бар алаң ертеден-ақ қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналып кеткен болатын. Бұл жер қалалық деңгейдегі мерекелік шаралардың жиі өткізілуімен де ерекшеленеді.

Ойын алаңқайының салтанатты ашылуына мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, «Халық Банкі» АҚ Жезқазған аймақтық филиалының қызметкерлері, сондай-ақ, балабақшалардың тәрбиеленушілері, бұқара қауым қатысты.

Жалпы жұртшылықты сәулелі сәттің шаттығымен қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова ақжарыла құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді. Туған жерге іңкәрлік танытып, құрмет көрсету, қайырымды істерге дәнекер болу елдіктің өнегелі үлгісі екендігін атап өтіп, ізгі ниетті ұстанымдары үшін банк басшылығына шынайы алғысын білдірді.

Салтанатты рәсімде сөз алған Мәруа Құлышева атындағы балалар үйінің директоры Ғазиз Жетібаев ел болашағы – балалардың бақытты ғұмыр кешуі үшін барлық жағдайды жасаудан шаршамау қажеттігіне назар аударып, қалада осытектес ойын алаңқайлары әлі де бой көтере берсе нұр үстіне нұр болар еді деген мазмұндағы тілегін жеткізді. Елдің ризашылығын ата-аналар атынан Бақытжан Еркебұланова жария етіп, игі іске мұрындық болған «Халық банкі» филиалының ұжымына толайым  табыс  тіледі.

Алаңқайдың тұсаукесер рәсімін қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова мен «Халық банкі» АҚ Жезқазған аймақтық филиалының директоры Сәлім Түкенов салтанатты жағдайда іске асырды.

Жаңа қондырғыларда армансыз ойнауға асыққан бүлдіршіндердің қуанышын іс-шараға арнайы шақыртылған мультфильм кейіпкерлері Фиксик пен Нолик еселей түсті. Қосыла ән салып, әсем әуеннің ырғағына би билеген балабақша тәрбиеленушілеріне естелік сыйлықтар үлестірілді.

Сөз реті келгенде биыл бұқараға қызмет көрсеткеніне 95 жыл толған «Халық банкі» АҚ «Игі істер» фестивалін жариялағанын айта кеткен жөн. Соған орай, мысты шаһарда ойын алаңқайының ашылуы – жыл басынан бері еліміздің әр аймағында қолға алынған ілкімді істердің бір парасы ғана. Қыркүйек айында ел аумағындағы әр өңірде дәл осындай балалардың 18 ойын алаңы пайдалануға берілген екен. Бұл жобаны жүйелі жүргізуге жалпы сомасы 57 млн. теңге қаражат жұмсалыпты. Ал, қажетті қондырғылар мен жабдықтар Ресейден арнайы тапсырыс негізінде алынған.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button