Бас тақырыпРуханият

ФОНОГРАММА

«Фонограмманы алып тастаса, аспанда жүрген «жұлдыздар» топырлап жерге түсер еді».
Кенжеғали МЫРЖЫҚБАЙ,
Қазақстан Республикасының
еңбек сіңірген артисі,
опера әншісі

Ұлы далада ғұмыр кешіп жатқан біздің қызық мінездеріміз бар. «Тірісінің жамандалмағаны жоқ, өлгендерінің жаманы жоқ» дейміз. Небір данышпандар, әулиелер өмірден өткен соң ғана дәріптеледі. Әріге бармай-ақ қойсақ, бір Баукең, Бауыржан Момышұлының алдаспандай тіліп айтқан сөздерін Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана айтып, жазып, эпиграфтарға алып жүрміз ғой. Содан болар, ескі сүрлеуден шығып кеттім. Әншілігі адамгершілігіне сай Кенжеғалидың сөзін эпиграфқа шығардым әдейі. Біреу қомсынар, біреу қолдар. Өнер адамдарын көп білемін. Көбінің төрт құбыласы түгел емес. Әсіресе, ақындар ауылында мұндайлар баршылық. Өлеңін оқысаң, өзегіңді жұлып бергің келеді. Ал жақын танысып, аралассаң, Абай атам айтқандай «бетті басып, тұра қашасың». Орайы келіп қалған соң, ортаға салғаным ғой. Қотанымызға оралайық.

Дәл Кенжеғалидың пікірін әлемге әйгілі американдық рок-музыкант Ронни Джеймс Дио да айтыпты. Бәріміз білетін орыс тілінде келтіре берейін. «За пение под фонограмму нужно платить ксерокопиями денег», дейді әннің эстрада жанрының дүлдүлі. Батыс қой, пікірінің жүгі ақшаға қарай ауып тұр. Кенжеғалидың айтатын жөні бар. Опера әншілері фонограмма қолданбайды. Ленинград консерваториясының түлегі Кенжеғалимен бірталай пікірлескем ән туралы, әнші туралы. Операларды, оперетталарды, классикалық әндерді фонограммамен айту опера әншілері үшін сүйекке таңба. Біздегі сахна – Ұлы Дала. Ұшы қиыры жоқ. Батыста – сарай. Яғни, театрлар. Бір ғана Ла-Скала театры неге тұрады? Италияға жол түспепті. Естуімше, акустикасының ғажабы – сахнасында сыбырлаған дауысың жаңғырады дейді екен. Венаның театрын көрдім. Дәл солай. Бұрынырақ жазған едім. Германиядағы Дрезден опера театры мүлде ерекше. Салыну шеберлігінен бұрын тарихы таң қалдырды. 1841 жылы пайдалануға беріліп, 1869 жылы өртенеді. Тоғыз жылдан кейін қалпына келтіріледі. 1945 жылы ағылшындар мен американдар Дрезден қаласын аямай бомбалап, жермен жексен етеді. Кейін Вьетнам соғысында қолданған напалмбомбасын осы қалада алғаш пайдаланады АҚШ. 1000 градус ыстық жалыннан қашқан адамдар канализациядағы суға тығылып, кейін тірідей пісіп өліпті. Әрине, опера театры да тас-талқан болған. 1985 жылы қалпына келтірілген. Қандай шаруаға болсын қылап немістер ғимараттың бәрін сол күйі айнытпай қалпына келтіргенмен, акустикасын бұрынғы күйінде жасай алмапты. Театрдың архитекторы Готфрид Земпер бұл кезде жоқ екен. Ла-Скала театры да осы кепті киген. Өртенген. Екінші дүниежүзілік соғыста бомбаланған. Милан театры 1778 жылы ашылған. Сол кезде корольдің немесе қазынаның емес, Италияның 90 аристократы ақшаларын қалталарынан санап беріп, театр құрылысының қаражатын көтерген екен. Ал ақшаларын айдалаға шашып жүрген біздің жаңа қазақтарымыз театр түгілі, парктегі ашық аспан астындағы жай сахнаға ақша бер десе, шық бермес Шығайбай бола қалады. Мың кем дүние ғой.

Ла-Скала театры алғаш ашылғандағы тұңғыш қойылым кімдікі дейсіз ғой? Антонио Сальеридің «Мойындалған Еуропа» («Признанная Европа») операсы. Соғыстан кейін қалпына келтіріліп, қайра ашылғанда тағы осы Сальеридің осы операсымен бастаған жұмысын. Моцарт пен Сальеридің әңгімесін елдің бәрі біледі. 40 опера жазған Сальери Бетховеннің, Шуберттің, Листің және басқа әлемге әйгілі композиторлардың ұстазы болған. Ұлы Гете, Бомарше Сальери туралы өте тамаша пікірлер жазған. Моцарт пен Сальери арасындағы жай ғана пендешілік кикілжіңнен Моцартты өлтірген, у берген Сальери деген аңыз тарап кеткен. Осы екі композитор арасындағы әңгімеден талант пен талантсыз, ізігілік пен зұлымдық жөніндегі шығармалар, әсіресе, Ресейде, кейін СССР -де көп жазылған. Мәселен, Пушкин. Абай атамыздың Пушкиннен гөрі Лермонтовты көбірек аударуы содан ба? Біле қоймадым. Осы тақырыпты әлі алаулатып жүрген ақындарымыз бізде де баршылық. Тіпті, дау таусылмаған соң, Еуропа соты Сальериді ақтап шығыпты. Ақыры, ән мен әуен, әнші мен композитор туралы әңгіме қаузаған соң жанамалап ортаға қосып отырмын.

Опера әншісінің фонограмма туралы батырып айтқанын түсінуге болады. Ал, өзі дыбыс күшейткішпен күшеніп ән салатын американдық рок-музыкант Дионың ашығын айтып, тыңдарманның ақшасын, уақытын аяғаны қызық. Жалпы, музыканттар туралы шала сауатым бар. Ауылдан Алматыға барып оқуға түскенде ҚазМУ-дің біз оқыған бас корпусы консерваториямен өте таяу көрші болды. Студенттер тез тіл табысады ғой. Олар жеті жыл оқиды екен. Сонда Қанат Құлымжанов, Қанат Омарбаев, Рахым Бөлегенов, Ғафиз Есімовтей болашақ әншілермен аралас-құралас болдым. Опера, оперетта, камералық ән, тенор, баритон, бас, сопрано дегеннің не екенін шала-пұла түсінгендей болдым солардан. Ла-Скала, Вена, Дрезден театрларын, сонда әнші болған, атағы жер жарған әншілер өткенін білдім. Жас болған соң әншілер айтысады келіп. Бірі Карузоны, бірі Марио Ланцаны мақтайды. Әйтеуір ойымда қалғаны – американдық бір миллиардер Марио Ланцаны қонаққа шақырып, ән салғызады. Үйі жағалай толған хрусталь екен. Әнші дауысын созып, ең жоғары нотаға жеткенде бүкіл хрусталь күл парша болыпты. Көзім жеткені хрусталь – таза, дауыс – орасан зор. Физиктер өлшесе, дауысының қуаты неше децибел екен? Өлшеген ешкім жоқ.

Қазақ өлшеген. Біржанның дауысын қозыкөш жерден анық естисің деген сөз жеткен бүгінге бұрынғылардан. Әсеттің, Мұхиттың, Үкілі Ыбырайдың дауыстары қандай болды екен? Шамалаймын. «Астынан алты қырдың ән салғанда», деп келеді әншілердің сөзі. Алты қырдан, қозыкөштен жеткен не деген зор дауыс, не деген қуат. «Көмекей көк қабысын әнмен ашатын» Әсеттің дауысы қандай болды екен? Бізге жеткен әңгімеде Әсет ән салғанда маңдайын шарт түйіп алатын көрінеді. Жанартаудай көмейден атылған дауысқа маңдай тамырлары шыдамайды екен, деп үлкендер айтып отыратын.

Ұлы далада ғұмыр кешіп келе жатқан ұлы халқымыздың театры – ашық аспан, кең жазира. Тау мен тасы да ән салып тұратынын Еуропаның дегдар музыка зерттеушілері айтқан, жазған. Өзім де куә болдым. Алматыдан бір топ ақын, жазушылар облысқа сапарлап келе қалды. Араларында достарым да бар екен. Қасиетті Қарқаралыға тартып кеттік. Аралаттық. Қасым ақынның қыстауының орнын, су ішкен құдығын көрді. Әрине, тау басындағы Шайтанкөлге шығардық. Көлдің келбеті, сөз жоқ, көз суырады ғой. Қарқаралыда мәдениет құлағын ұстап жүрген бауырлар Шайтанкөл шыңына жас әншілерді домбырасымен шығарып жіберіпті. Әнді жантәнімен, бүкіл жүйке-жұлынымен айтатын, құлақтың құрышын қандыратын әйгілі әншіміз Мейірхан Адамбеков те бар еді. Әншінің рухы көтеріп әкетті-ау деймін. Ән әуелеген беттен жақпар тастар жаңғырықты, тау тербелді, қарағайлар биледі. Басқаны қайдам, маған солай көрінді. Бұл Ұлы Даламыздың сахнасы еді. Еуропаның бірде-бір театрына, концерт залына айырбастай алмайсың.

Таяуда Ерсін Мұсабектің белгілі әнші Айтбек Нығызбаевпен сұхбаты газетімізде жарияланды. Сонда Айтбек классикалық әндер мен дәстүрлі әндердің ара-жігін ажыратып алу жөнінде көңілге қонатын пікір тастады ортаға. Бізде әйтеуір, домбыра ұстап, ән салатындардың бәрін бір қораға қамап, дәстүрлі әншілер деп жазып, ат қойып, айдарлап тастағанбыз. Жарапазан, бесік жыры, сыңсу, көрісу, жоқтау болып келетін салт-дәстүр әндері бар. Сонда Біржанның «Айтбайын», Әсеттің «Қысметін», жарапазан қатарына қалай қосамыз?!

Меніңше әнді классикалық өредегі, салт-дәстүр деңгейіндегі әндер деп жігін ашып, бөлген жөн сияқты. Бұл енді музыка зерттеушілерінің жұмысы.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының өзегі – халқымыздың рухын көтеру. Ұлт жер бетінен құрып кетер алдында әуелі дінінен, тілінен айырылады. Ең соңғы жойылатын әні мен күйі. Әскери тілде айтсақ, соңғы бастион. Бодан болған соңғы жүз жылда ғана дін мен тіл кете жаздағанын көрдік. Ұлттың рухы ошақтың үш бұтындай осы дін, тіл, әнде тұр. Демек қандай ән мен күй тыңдап жүрміз? Қандай әуендер Ұлы Даламызда әуелеп тұр? Бейтарап, бейжай қарауға болмайтын мәселелер емес пе?!

Бала күнінен рок, рэп сияқты даң-дұң музыка тыңдап өскен ұрпақта ұлттық сипат, мінез, патриотизм, рух бола ма? Қазтуғанның, Ақтамбердінің жырлары қаныңды ойнатып, қазақтай батыр ұлттың ұрпағы екеніңді мақтаныш көретін, сол бабаларындай болуға ұмтылдыратын музыкалық тәрбие керек.

Бәріміз бірдей операларды ұғып, сим­фониялар мен кантаталарды түсіне бермейміз. Ең болмаса өзіміздің төл «Біржан-Сара» мен «Қыз Жібек» операларын тыңдауға, жұртқа тыңдатуға болады. Біржан мен Әсеттей әншілеріміз, олардың әндері классикалық деген лайықты орындарын алу керек. Бұл тарапта насихат жоқ. Теледидар арзан эстрада, шошаңдаған шоуға толып кеткен. Әндерінің сөзі «аспанға қараймын, жұлдыздарды санаймын», «күте-күте ауырып кетті аяғым», «алдамайсың ба, арбамайсың ба, еркің», деп келеді. Әндерінің сөздері осындай, әуендері далбаса. Әрине, бәрі мұндай емес. Бірақ, дендеп бара жатқаны рас қой. «Желсіз түнде жарық ай, сәулесі суда дірілдеп», «Ақ сәуле аспанда аймен таласасың, төгіліп иығыңа қара шашың». Міне, осындай мәтіндері бар әндер бар ма қазір? Сөзінің өзі ән болып төгіліп тұр ғой. Бұл енді эстетиканың ең керемет үлгісі (эталоны), музыкалық тәрбиенің шыңы.

Мәдениет тарабының тізгінін ұстап отырған атқамінерлеріміз жеңіл-желпі ән салатын эстрадаға бір иығын беріп тұрады. Бәлкім пайдасы мол, шаруасы аз шығар. Оларға циркте де ән салғыза беретіні содан ба? Жұртты жадағай музыкамен алдаусырата берудің соңы жақсы емес. Опера әншілері, классикалық ән салатын керемет орындаушылар бар. Ауық-ауық оларды шақырып, арнайы концерттер ұйымдастыруға болады ғой. Тіпті, арамызда жүрген Мейірхан Адамбеков пен Жақсыкелді Кемалов бастаған классикалық өреде ән салатын әншілеріміздің мерейтойларын күтпей-ақ жылына бір-бір рет концерттерін ұйымдастыруға болады. Астанадағы мықты әншілер сұранады-ақ концертке. Бірақ, мәдениет құлағын ұстаған біздің бауырларымыз қолқамызды жүре тыңдайды.

Фонограмма қай-қайдағыны қозғап жіберді. Түркмения фонограммаға басы бүтін тыйым салған. Ресейдің өзі аяқ тартып отыр. Мәскеу қалалық думасы фонограмма қолданылатынын алдын ала хабарлауды талап етіп, қаулы алған. Ал, біз «жанды, жансыз дауыс» дейтін концерттерге ұшып тұрамыз.

* * *

…Ауылдамын. Тамылжыған тұп-тұнық түн. Алқаракөк аспаннан жұлдыздар жымыңдайды. Жерге түсетін түрлері жоқ. Жұлдыздар жерде емес, жеті қат көкте ғой!

Мағауия СЕМБАЙ,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button