Есімі ұрпағына ұран болған (Шерубай батырдың 325 жылдығына орай)

        Алтайдан Алатауға, Алатаудан Орал тауына дейінгі дарқан даланы мекендеген еліміз жыл сайын Тәуелсіздік күнін мерекелейді. Егер, жаугершілік қилы-қилы замандарда халқымыздың «елім» деп қолына қару ұстаған ұл-қыздары, батырлары жерімізді басқыншылықтан қорғап қалмаса, біртұтас мемлекет болып, бүгінгідей егемендікке жете алар ма едік? Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойында: «Қазақ хандығының 550 жылдық ұлан-асыр тойын өткізудің өзіндік ерекше себептері бар. Бүгін той ең алдымен батыр бабаларымыздың биік рухына тағзым ету, олардың тағдырының сан алуан қиындықтарынан сүрінбей өткен ата тарихынан тағылым алу үшін өткізіліп отыр. Өздеріңіз білесіздер, Кеңес Одағы заманында Қазақстан мектептерінде оқушылар «КСРО тарихы» атты ортақ оқулықтан білім алды. Пышақтың қырындай ғана кішкентай кітапшадан тәлім алдық. Сондықтан, жас ұрпағымыз ата тарихынан мүлде алшақтап қалғанын білесіздер. Оның үстіне ұлы хандарымыз бен даңқты батырларымыздың есімдері біртіндеп ел жадынан өшіріле бастады. Тіпті, айта кетейін өз ішімізден шыққан оларды жамандағыштар құрметке бөленді. Елімізде ханның, не батырдың ескерткіші тұрмақ олардың атында білім не мәдениет нысандары, керек десеңіз жалғыз жарым көше де болған жоқ» деп риясыз көңілмен күрсіне сөйлегені есімізде. Ал, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Елбасы: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті» – деп дәлме-дәл, нақты көрсетті.

Иә, қатпары қалың тарихымызда әлі ашылмай жатқан сырлар қаншама?! Тек тәуелсіздіктен бері қарай көпшілікке беймәлім болып келген талай көне дәуір көмбесінің беті ашылды. Халқымыз ғасырлар қойнауындағы жоңғар-қалмақтармен ұзақ жылдарға созылған қанды қырғын соғыстардағы бірқатар батырларымыздың аты-жөндерімен, ерлік істерімен қауышты. Солардың бірі және бірегейі, тарихтан әлі өз орнын ала қоймаған – Шерубай Биболдыұлы.
Біздің елде осынау әйгілі батыр жөнінде ауызекі аңыз әңгімелер көп айтылады. Ал, шындығында Шерубай батыр кім болған? Алдымен, ата-баба шежіресіне көз жүгіртейік. Шерубай батыр – Орта жүз Арғын – Қуандық тайпасының Алтайынан. Алтайдан – Мойын, одан – Сарша. Саршадан – Қареке мен Биболды тарайды. Биболдыдан – Шерубай. Ол 1693 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Қарамұрын ауылының маңындағы Сұлу Мәдина деген жерде дүниеге келіпті.
Шерубай дүниеге келген жылдары қазақ басына ауыр жағдай туған аласапыран қиын-қыстау кезең еді. Алтын Орда құлағаннан кейін аса шиеленісті жағдайда қалыптасқан қазақ-жоңғар қарым-қатынастары осынау әдет-ғұрпы, тұрмыс салты бір-біріне өте жақын халықтардың ұзаққа, өте ұзаққа созылған соғыс жағдайында өтті. XVI ғасыр­да жоңғар әскерлері қазақ жеріне жеті рет күтпеген жерден шабуыл жасады.
Әсіресе, XVII ғасырдың екінші және XVIII ғасырдың алғашқы жартысы қазақ ұлтының тарихындағы ең ауыр белес болып табылады. Бұл тұста халықаралық жағдайдың шиеленісіп тұрған шағы еді. Сол кездегі үлкен мемлекеттер өздеріне жаңадан жер қосып алуға өзара талас жүргізуде болатын. Батыстан – I Петрдің қазақ жерлерін өзіне қосуды мемлекеттік саясат деңгейіне дейін көтерген Ресей империясы. Қытай империясы тарапынан да басқыншылық қауіпі аз төнген жоқ. Осындай жағдайды пайдаланған және көрші елдерін түртпектеумен жоңғар-қалмақтар 150 жыл бойына қазақ жеріне ұдайы жортуылдар жасап тұрды.
Осындай алмағайып заманда «қазақты қалай қорғаймыз» деген мақсат-мүдде тұрғысынан 1710 жылы Тәуке хан Қарақұмда құрылтай шақырды. Құрылтайға қатысқан қазақтың игі жақсылары тұс-тұстан анталаған жаудан құтылар амал-айла қарастырды. Біреулер «өзіміз сияқты киіз туырлықты» қалмаққа кіріптар бола тұрайық десе, екіншілері қалың кұмды саялап қашып-пысып жан сақтау мәселесін алға тартады.
Қарақұм жиыны ақыры анталаған жаулармен шайқасу керек деген шешім қабылдап, қазақ жасағын басқаруға Қанжығалы Бөгенбайды (кейбір деректерде Кіші жүздегі табын Бөкенбай батырды) тағайындайды. Жазушы Мұхтар Мағауиннің жазбаларында аталмыш оқиға жайлы – қазақ тарихында тұңғыш рет халық тағдыры ақсүйек би-төреге емес қара қылыш батырға тапсырылды десе (М. Мағауин. Қазақ тарихының әліппесі. 1995 ж, 91-бет), орыс оқымыстысы Левшин мұны қырғыз-қайсақ тарихындағы ерекше оқиға ретінде атап өтеді. Сол сияқты, тарихшы Н.Аполлова осы бір ел басына түскен ауыр жағдайға байланысты шақырылған Қарақұм құрылтайы қазақ батырларының беделін көтерген оқиға болды деп бағалапты.
Осыдан кейін Бөгенбай батыр бастаған әскер жоңғарларға қарсы біршама сәтті жорықтар ұйымдастырады 1710, 1711 және 1712 жылғы жорықтар кезінде қазақтар айтарлықтай олжамен оралады. Алайда, 1714 жылы бас біріктірген жоңғарлар қайтадан қазаққа қарсы аттанады.
Ел басына күн туғанда, ұрандап атқа мін­бесе, азаматына сын емес пе? Дәл осы кезде қазақ жерінің әр түкпірінен «Малым – жанымның, жаным- арымның садағасы» деп елінің азаттығы, қазақтың намысы үшін атқа мінген атақты батырлар бой көтерді. Ерлігі ел арасына аңыз болған қарт батырлардың қатары жас жолбарыстармен толықты.
Осы кезде Шерубай да өзінің әйгілі тұлпарына ер салды, өйткені, ол жастайынан соғысқа қатысқан сарбаздардың әңгімелерін естіп өсті. Солар секілді ержүрек батыр болсам деп өз-өзін дайындай бастады. Әкесі Биболды және батыр аға-бауырларымен бірге түрлі жиын, мәжілістерге қатысты. Әкесі, ағалары, жақын туыстары оны әскери өнерге баулыды. Мылтық атқызды, садақ тартқызды, аңға бірге алып шығатын болды. Шерубай жас күнінен құралайды көзге атқан мергендігімен және зеректігімен көзге түсті. Ат құлағында ойнаған бапкер, тақымды көкпаршы, әдіскер сайыскер, балуан болып өсті. Әсіресе, ол даңқты Бөгенбай батырдың қолында болып, көпті көрді, соғыс өнерінен біраз нәрсені үйренді.
Ол зор денелі, ірі кісі болған екен. Атқа мінгенде екі аяғы жер сызып жүретіндіктен, өзіне лайықты ірі тұрпатты жылқы мінетін болған.
Шерубай Биболдыұлы жастайынан ел­-жұрттың қамын ойлайтын, жетім-жесірге қарасып, мұқтаждардың жоғын жоқтаған, халқына аянбай қызмет атқарған тұлға болып қалыптасқан. Ат жалын тартып мінген ол өмірінің соңына дейін сантүрлі майдандарға қатысқан. Сондықтан, біз Шерубай батырдың тамаша ерліктеріне қатысты кейбір жайттарды ортаға салмақпыз.
Тарихтан білетініміз, 1717 жылы Аякөз шайқасы кезінде жоңғарлар жеңіске жетеді. Бұл кезде 30 мың қолдық қазақ әскерін Қайып хан мен Әбілхайыр хан басқарған болатын. Шерубай осы шайқасқа қатысып жекпе-жекте қалмақтың атақты батырын өлтіреді. Оқиға былайша өрбіген.
Жас батыр Әбілхайыр хан алдына барып, жекпе-жекке шығу үшін бата сұраған екен. Хан: «Сен жас екенсің, анау қалмақтың бас батыры алапат күш иесі, жасы да анағұрлым үлкен. Өзіңе-өзің сенбесең, шықпай-ақ қой. Жеңіліп, опат боларсың, – депті. – Жоқ, хан ием! Мен өзіме-өзім сенемін. Жіберіңіз, бата беріңіз, – депті жұлқынып. – Тұлға бойың тұнған күш, жүректі жассың, мәрт мінез. Жеңіп, жауыңның басын қырық. Опасыз дұшпан табаныңда болсын» – депті Әбілхайыр хан. Жауласушы екі жақ бір-бірімен бетпе-бет келгенде, алдымен олардың бас батырлары жекпе-жек шайқасқан. Екі жақтың сондай жекпе-жекке шығар батырларын «Алғадай», –­­­­­­ деп атаған екен.
Алғадай – өте жүректілікті талап етеді. Ол ұрыс сайын басын өлімге тігіп шығады. Асылында, сол кезеңде «Алғадай» ел аузында батыр атанудың алғы шарты болған. Белгілі бір ұрыста алғадайлықты абыроймен атқарып, ақжолтай оралса, есіміне «батыр» деген сөз қосылатын болған. Алғадайлыққа екінің бірі емес, ұрыстарда көзге түскен сырт тұлғасы кесек, қимылы қырғи сарбаз ғана жіберілген. Жекпе-жекке шыққан қалмақтың бас батыры жас арыстандай жалынды жас батыр Шерубайдың көзіне көзі түсіп, ажалы келгенін сезгендей, бірінші болып кезек сұрайды. Қарсыласының құты қашып, жоңғар жебесі адасып далаға кеткен екен. Кезегін алған Шерубай батыр қозы жауырын жебесін шірей тартқанда, оқ қақ жүректің тұсынан өтіп, қалмақтың жауынгері жерге өкіріп құлайды. Жас батыр қолма-қол қалмақ батырына жетіп барып, басын кесіп алыпты. Мұны көріп тұрған қалмақ ханы Шерубайды қоршап, қолға түсіруге бұйырыпты. Арыс­танша алысқан жас батырды өзгелер келіп құтқарған екен. Жекпе-жекте жеңген жаудың басын Әбілхайыр хан алдына тастаған Шерубай батырға барлық сардарлар мен сарбаздар риза болыпты.
Алғашқы шайқасында-ақ көзге түскен Шерубайды Әбілхайыр хан онбасы, жүзбасы, кейін мыңбасы етіп тағайындайды. Өкі­нішке орай, қазақ хандарының алауыздығынан 1717 жылы қазақ әскері жеңіліс тапты, ал, жоңғарлар сол бетімен 1718 жылы қазақтарды Арыс, Бөген және Шаян өзендері бойынан тықсырып, тұтастай Оңтүстік Қазақстанды басып алды. Бұл әр рудың көсемі әр жаққа тартып, алауыздық тамыр жайып, Қазақ хандығы әбден титықтаған кезі еді. Әрине, осындай мүмкіндікті қалт жібермеген Сыбан Раптан жоңғарлардың саяси-эко­номикалық күш-қуатын оңалтып, әскери салада да айтарлықтай жеңіске қол жеткізді. Олардың өз жерінде отты қару жасап, оны саудалап, басқаларға да сата бастауы айтарлықтай артықшылық еді. Жоңғарлардың қару жасауына орыстан келген тұтқын – швед офицері, өзі қару соғатын шебер Зеленовскийдің септігі тиді.
1727 жылы Жоңғар хандығына Қалдан Серен келгенге дейінгі аралықта жерінен айрылып, жұтқа ұшыраған қазақтардың ес жинауға мүмкіндігі болмады. Қалдан Серен билікке келген соң бір жылдан кейін Бұланты шайқасында және 1730 жылы Балқаш көлінен оңтүстікке қарай Итішпес көлінің маңында болған шайқастарда қазақтар жоңғардың бетін қайырып, есе қайтаруға кіріскен еді. Осы екі шайқастың екеуінде де қазақтардың мерейі үстем болып жеңіске жеткен еді.
Бұланты шайқасы және оның батырлары туралы бүгінгі ұрпақтың білетіні тым аз. Ол жайында «Жоңғар шапқыншылығында қазақ елінің шығыс және түстік аймақтары жау қолында қалып, осы Бұланты өзенінің бойында тұңғыш рет тегеурінді қарсылық көрген, жаудың беті қайтқан» деген мағынадағы жалпылама деректерді ғана білетін сияқтымыз. Ал, біздің шын білетініміз, осы шайқаста Шерубай батыр сегіз рет жекпе-жекке шығып қылышын қанға суарып, жоңғар батырларының басын қаңбақша домалатқан. Шерубайдың ерлігі жайлы қарт ақын Ж. Алшынбаев «Шерубай батыр» дастанында былайша толғанады:
«Шерубай атой салды «Қарекелеп»,
Бір шетін түре соқты қару сілтеп.
Бөгембай көріп тұрды кім де болсаң,
Тумысыңа болайын ер екен деп.
Қантөгіс қан түкіріп тал қармаған,
Қақтығыс қасарысқан қары талған.
Сұрапыл жиырма күнгі жекпе-жекте,
Шерубай сегіз батыр жанын алған.
Бұлантының шайқасы қан сасытты,
Батырлар аш қасқырдай жаусатыпты.
Қалмақтар тау-тасаға жан сауғалап,
Шайқастар толас тауып
тарқасыпты».

Бұлантыда шайқас болған жер кейіннен «Қалмаққырылған» аталып кетті. Осы жеңістен кейін қазақ арасы ресми түрде хандықтарға бөліне бастады. Сол хандықтардың бірін – Әбілхайыр хан, бірін – Сәмеке хан, бірін – Әбілмәмбет хан, Жолбарыс хан және Барақ сұлтандар басқарды.
1730 жылы Шерубай бастаған сарбаздар, қазіргі Балқаш көлі маңындағы «Аңырақай» жазығында қалмақтармен бір жарым ай соғысты. Аңырақай шайқасына қазақтар да, қалмақтар да жеткілікті дайындалды. Қазақ әскерінің жалпы саны мыңдықтармен есептесек, 29 мыңдық немесе 29 мың адам болды. Қазақ әскерінің сол қанатын Әбілмәмбет хан, Сәмеке сұлтан, Қазыбек би, Қабанбай ба­тыр басқарды. Әскердің оң қанатын Төле бимен бірге Қойгелді, Қосы Шінет, ол кезде 17-18 жастағы Мәмбет, Сәңкібай, Шойбек сияқты батырлар басқарды. Орталық әскер тобын Әбілхайырдың өзі, Әйтеке би, Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Шерубай батырлар басқарды.
Аңырақай шайқасында Шерубай Биболдыұлы соғыс өнерін жетік білетін қолбасшы, жекпе-жекте қаймықпайтын нағыз көзсіз батыр екенін көрсетеді. Қазақ батырлары жоңғарларды тас-талқан етіп жеңіп, бітім сұрауға мәжбүр етеді. Сонымен, Аңырақай шайқасы қазақтың қазақ болып қалуындағы ұлы жеңісі болды.
Осы шайқастардан кейін жоңғарлар қарымта қайтаруды көздеді. Бірақ та 1739 жылы Севден тайшы мен сары Мәнджі Сарыарқаны шапқанымен, тауы шағылып кері қайтты. 1740 жылы Севден бастаған жоңғарлар қайтара Сарыарқаға тап бергенімен, зор шығынға ұшырап кері шегінуге мәжбүр болды. Сол жылы қыста Қалдан Сереннің ұлы Лама доржы 30 мың қолмен шабуылға шығады. Жазға дейін жалғасқан шайқаста жоңғарлар дегеніне жете алмай, дымы құрыды.
Сарыарқа жерін азат ету шайқастарында қалмақтарға тойтара соққы берген қазақ батыр­ларының қатарында Шерубай Биболдыұлы да болды. Оның ересен ерлігін, ұйымдастырушылық әскери қолбасшылығын көрген Бұқар жырау: «Атың Қареке-Биболды руына ұран болсын, ұрпақтарың өзіңдей қыран болсын!» деп, Шерубайға батасын береді.
Жоңғардың атақты басшысы Қалден Серен өлгеннен кейін жоңғарлар өзара қырқысып кетті. Жауқұмар көршілерінің іс-әрекетін қадағалап отырған Манчжур-Қытай императоры осы сәтті пайдаланып қалуға тырысты. Сөйтіп, 1755, 1756 және 1757 жылдары қытайлар Жоңғар еліне қайта-қайта шабуыл жасап, ақыры бұл мемлекетті біржола жойып тынды. Ойраттардан азат етілген өңірлерге Орта жүз және Ұлы жүз тайпалары қоныстандырылды. Абылай ханның ақылды саясатының арқасында қазақтар Ресей және Қытай сияқты екі ұлы державаның арасында жатқан өз жерлерін сақтап қалды.
Жалпы алғанда, тұлға өмірін індете зерттеп жүрген ізденушілердің айтуынша, Шерубай Биболдыұлы 1717-1757 жылдар аралығындағы Сарыарқа жеріндегі, Аңырақай, Шұбартеңіз, Бұланты-Білеуті, Аякөз, Ақшәулі, Шаған, Шорға, Көкпекті секілді қазақ-жоңғар шайқастарының барлығына қатысып, ерліктерімен көзге түседі.
Бір айта кететін жайт, жоңғарларға қарсы жүргізілген Отан соғысына қатысып, ел азаттығын қорғаған батырлар жайлы жазба деректер аз болғанымен, өлең-жырлар жетерлік. Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сәбит Бексейіт өзінің «Шерубай батыр» атты ұзақ толғауында (Бексейіт С. Ел үмітін ер ақтар. – Алматы, 2003, 116 бет):
«Даласында Нұраның ырыс қонған,
Алтай-Қарпық баласы қоныстанған.
Ата-баба мекенін ата жаудан,
Тазартам деп қайран ер ұрыс салған.
Жасы келіп қалса да алпысыңа,
Сағы сынып көрмеген, қары сына.
Тоқбура ата ел жиып, жауға қарсы,
Ту көтерген сүйеніп намысына.

Қолбасшысы сол қолдың – ер Шерубай,
Зор алыпты туғызған кең жерім-ай.
Тапсырған соң ел сеніп зор міндетті,
Батпан істі тындырған еңсеріп жай.

Олар жауды Шу жаққа ығыстырған,
Жол-жөнекей өкшелеп, ұрыс қылған.
Жауға талай батырың ойран салған,
Хас батырлық танытып, түріп қуған», – деп жырласа, кенші-ақын Жәркеш Алшынбаев (Алшынбаев Ж. Жылдар жемісі. – Есік қаласы, 2006, 190-бет):
Қалмақтар «Сарыарқаны»
малданыпты,
Қазақты отарламақ дау тауыпты.
Құтты қоныс көк шалғын мекеніне,
Құрмаққа емін-еркін сән-сауықты.

Туған ел, қарғыс беріп тас атыпты,
Көзінен қан аралас жас ағыпты.
Шығарып қарсы алдынан жасақтарын,
Еселеп бас орнына бас алыпты.

Шерубайдай батырдың бір белгілі,
Сондағы салауатты тұрды ерлігі.
Қорғаған қызғыш құстай ну мен суын,
Атой сап қырағы көз жүрді ерлігі.

Қаһарлы айбатынан құты қашқан,
Жаулардың сағы сынып асып-тасқан.
Жарқылдап айбалтасы жекпе-жекте,
Шерубай талайдың мысын басқан»,
– ­­­деп ерлік рухын асқақтата түседі.

Қазір Қарағанды облысында біраз жер­-сулар, мекемелер Шерубай батырдың есі­мімен аталған. «Қазақстан ұлттық энцик­лопедиясының» 9-томында (502-бет) көрсетілгендей, Қарағанды облысының Шет және Бұқар жырау аудандарының жері арқылы ағатын Шерубай-Нұра өзені батырдың атымен аталған. Осы өзеннің жағасында Шерубай-Нұра стансасы орналасқан. Бұл бекет 1934 жылы Қарағанды-Балқаш темір жол құрылысы кезінде пайда болған. Шерубай-Нұра бөгенінің құрылысы 1951 жылы басталып, 1960 жылы пайдалануға берілген. Бөген Қарағанды, Теміртау қалаларының өнеркәсіптік аумағын сумен қамтамасыз ету мақсатында салынған. Шерубай-Нұра құм-қиыршық тас кені Абай ауданында орналасқан. «Қазақ көмірбарлау» тресі ашып, барлаған. 1972 жылы қосымша барланды. Қарағанды бассейнінде көп жылдар бойы «Шерубай-Нұра» шахтасы жемісті жұмыс атқарып тұрды. Тарихта Шерубай батырдан қалған бір белгі – «Шерубай шоқысы» деп аталатын шошақ пішінді тас төбе әрдайым ерекше көзге түседі. Сөз жоқ, Шерубай батыр атындағы жер-сулар, мекемелер – бәрі ұрпақтар сүйіспеншілігінің көрінісі.
1995 жылы батыр бабаның ұрпақтарының күшімен Шерубай-Нұра бөгенінің жағасындағы үлкен төбеге («Кіндіктөбе» деп аталады) Шерубай Биболдыұлының еңселі ескерткіш тасы бой көтерді. Осы қуанышты жағдайға байланысты қарт ақын Ж. Алшынбаев былайша жырлады:
«Жалайыр Тасбұлағым туған мекен,
Елестеп сұлу Нұра аққан еркем.
Күніне жүз шықсам да ой сергіткен,
Қайран Кіндіктөбем-ай, – деген екем.
Құдірет осы болар шындық деген,
Мен сені өмірімде жыр ғып келем.
Сайраңдап бір шалғайда жүрсем-дағы,
Жүрегім сенде екен ғой, Кіндіктөбем!»
Еліміздің егемендік алғалы бері батыр-билерімізге, көрнекті қайраткерлерімізге ескерткіш қою салты жалғасып келе жатыр. Бұл – өте жақсы үрдіс, оның тарихи маңызымен қатар, үлкен тәрбиелік мәні бар. Әрбір халық өзінің атақты тұлғаларына ескерткіш қою арқылы өзіне ескерткіш қояды, оларды дәріптеу арқылы өзін дәріптейді. Өйткені, халқын басқа жұртқа танытатын, елінің тарихын жасайтын осы ірі тұлғалар. Осы тұрғыдан Шерубай батырдың бірнеше метрден тұратын ескерткішін бір рудың, бір елдің ескерткіші емес, бүкіл қазақ елінің ескерткіші деп, оны Қарағанды (немесе Абай) қаласында орнату тарих алдындағы парызымыз, бүкіл қоғамдық маңызы бар іс деп тануымыз керек. «Батыр – ортақ», дейді халық. Сондықтан да, басқа жерде болмаса да Абай қаласында батырдың жеке тарихи мұражайы ашылып, онда оның өмірін, батырлық ерлік істерін дәріптейтін экспонаттар жиналса, өте орынды болар еді.
Сөз орайы келгенде айта кетсек, Арғын Шерубай батыр бабамыздың өмір сүрген кезеңі мен жасаған ерліктерін, ел қорғау жолында сіңірген еңбектерін терең зерттеп, тиісті бағамызды беретін кез жеткендей. Сонда ғана алға қойған биік мақсаттарды жүзеге асырып, шын мәніндегі елжандылық қасиетті қалыптастырамыз.

Рашит КАРЕНОВ,
Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің
Менеджмент кафедрасының
меңгерушісі, экономика ғалымдарының докторы, профессор,
Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.