Ертегі — тәрбие бастауы

Кезінде атақты ғалым альберт эйнштейн «Балам ақылды болсын десең, ертегі оқы. Егер, ғұлама болсын десең, онда көп ертегі оқы» деген екен. Өйткені, ертегі оқып өскен баланың қиялы жүйрік болады, әрі, кітапқа деген қызығушылығы артады. Жастайынан жастанып жатып кітап оқыған бала, есейген шақта ғылымды жатсынбасы анық. Әрине, ол үшін әдеби дүниелер тартымды, мағыналы әрі түсінікті болуы шарт. Ал, бүгінгі көркем әдебиет бұл талаптарға сай келе ме? Қазіргі балалар әдебиетінің ахуалы қандай?

ЕРТЕГІНІҢ ПАЙДАСЫ ҚАНДАЙ?

 Біз ғылымның жетістігі деп тамсанып жүрген заманауи технологиялар адамзатқа бұрыннан таныс дүниелер дегенге сенер ме едіңіз? Сенбесеңіз ертегі кітабын алып, парақтап шығыңыз. Алыстағы адамды дәл алдыңызға алып келіп, тілдесуге мүмкіндік беретін сиқырлы айна, ұшатын кілем, өзі жүретін арба деген дүниелеріңіз қазіргі ұялы телефон, ұшақ, автокөлік емес пе? Ол нәрселер ертегіде қайдан жүр?

 Ертегіде кездесетін дүниелер адамзаттың «сондай нәрсе болса екен» деген арманынан туындаған. Ол ұрпақтан ұрпаққа жетті. Баланың қиялына қанат бітіріп, сол, сиқырлы дүниенің шынайы болмысын жасап шығуға септігін тигізді. Адамның қолынан келмейтін, мүмкін емес нәрсе жоқ. Бәрі мүмкін. Тек, қиялға ерік беріп, іске асырудың жолын іздесеңіз жетіп жатыр. Ал, ертегі – сол қиялды қозғайтын күш. Әлемдегі табысты жандардың өмірбаяндарына зер салсаңыз, барлығы өз жетістіктерін бала кезінде оқыған кітаптармен байланыстырады. Яғни, ертегіден шабыт алып, алдарына биік мақсат қоя білген.

БАЛАЛАР КІТАП ОҚИ МА?

Қоғамда шындыққа сай келмейтін, бірақ, жұрт имандай сенетін жалған пайымдар көп қой. Солардың бірі – «балалар кітап оқымайды» деген пікір. Шынымен солай ма? Елдегі кітапханалар мен кітап дүкендері оқырман таппай, баспалар өнімін өткізе алмай, жаппай жабылып жатыр ма? Рас, жұмысын тоқтатқан бірлі-жарым мекемелер кездесетін шығар. Десек те, оған балалардың кітап оқымай қоюының қаншалықты қатысы бар? Балалармен жұмыс істейтін кітапханашылардың айтуынша, қазір кітап оқитын, әдеби дүниелер арқылы әлемді тануға ұмтылатын балалар көп.

– Балалар кітап оқымайды дегенмен мүлдем келіспеймін. Бізге балалар үш жастан бастап тіркеліп, өздерін қызықтырған әдебиетті оқи алады. Рас, балалар сексенінші жылдарындағы тәрізді жаппай кітапқа ден қойып кеткен жоқ. Өйткені, қазір балаларда мүмкіндік көп. Олардың қызығушылығы да әртүрлі. Бірақ, оқушылардың арасында кітапханаға күн құрғатпай келіп, әдеби дүниелерді құныға оқитын балалар бар, – дейді Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасының мектеп жасына дейінгі және бастауыш сынып оқушыларына қызмет көрсету бөлімінің басшысы Елена Кучаева.

СҰРАНЫС БАР, ҰСЫНЫС ЖОҚ

 Қазір балалардың талғамы – жоғары. Оларды таңғалдыру, ерекше дүниемен елең еткізу қиын. Балаларға арналған шығармаларды ұғынықты тілмен жазып қана қою жеткіліксіз. Кітаптың безендірілуіне де ерекше зейін қою керек. Ол үшін заманауи технологияларды барынша қолдана білген абзал. Мәселен, қазір әдемі безендірілген, мультимедиялық кітаптар шықты. Оларға бала түгіл ересектердің де есі кетіп жатады. Ерекшелігі сол, телефонға арнайы қосымшаны көшіріп алып, кітап бетіне басылған жан-жануарларды түсірсеңіз, олар қозғалып, түрлі дыбыстар шығарады. Қызық қой, иә? Бірақ, әттеген-айы сол, ол өнімдердің 90% – орысша кітаптар.

– Мультимедиялық кітаптар негізінен Ресейдің Қазан қаласында басылып шығады. Орыс және ағылшын тілдерінде. Қазақ тіліндегі нұсқасына да сұраныс жоғары. Бірақ, ресейліктер қазақ тілінде кітап шығармайды. Біз Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы баспаларға, сауда орталықтарына сұраныс жіберген едік. Өкінішке қарай, қазақ тіліндегі мультимедиялық кітаптарды ешқайдан таба алмадық, – дейді кәсіпкер Николай Дмитриев.

Дәл осыған ұқсас жағдайды қарапайым кітаптардан да кездестіруге болады. Кез келген кітап дүкеніне бас сұқсаңыз, балаларға арналған шығармалардан көз сүрінеді. Ал, олардың арасынан қазақ тілінде жарық көрген, сапалы кітапты таба аласыз ба? Тапсаңыз, бақытты жансыз. Өйткені, ондай өнімдер өте сирек кездеседі, әрі, бағасы да қымбат.

ТҮЙІН

Ертегі – қазақ мәдениетінің ажырамас бөлшегі. Қазақ ертегісін оқып, батырларға, даланың дана билері мен ғалымдарына еліктеп өскен баланың келешегі жарқын болары анық.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ