Ерлан Қошанов ЕҚЫҰ миссиясының басшысымен кездесті

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Қазақстандағы Президент сайлауын  бақылау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының Басшысы Уршула Гацекпен кездесті. Аймақ басшысы сайлауға дайындық барысы туралы айтып берді.

Уршула Гацек ең алдымен сайлау учаскелерінің және үгіт-насихат кездесулерін өткізуге арналған орындардың дайындығы туралы сұрады. ЕҚЫҰ / ДИАҚБ Миссиясының басшысы дауыс беруге арналған пункттердің бірінде болып қайтты.
— Мен әзірлік қалай жүріп жатқанын және сайлаушылар үшін қандай жағдай жасалғанын өз көзіммен көріп шықтым. Сайлау пункті толығымен дайын деп айта аламын. Көргенімнің барлығы маған ұнады, — деп атап өтті Уршула Гацек.
Ерлан Қошанов сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға ерекше көңіл бөлінетінін айтты. Олар үшін кедергісіз дауыс беруге барлық жағдай жасалуда.
— Әкімдіктердің атқарушы билік органдары ретіндегі функциялары азаматтарға өздерінің конституциялық құқығын пайдалану – Қазақстан Президентін сайлауда дауыс беру мүмкіндігін қамтамасыз ету. Облыс әкімдігінің сайтында сайлаушылар базасына кіру мүмкіндігі ашылды, кез келген адам өзін куәлік немесе ЖСН нөмірі бойынша тізімдерінен тексере алады.
Қарағанды облысында барлығы 938 552 сайлаушы бар. Дауыс беру үшін 787 пункт дайындалды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі