Елбасы тапсырмасы — ел мүддесі

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында Үкіметке, мемлекеттік органның әрбір басшысына, мемлекеттік компанияға қазақстандықтардың әл-ауқатының, халық табысының өсуі қажеттігін тапсырды.

Сурет интернеттен алынды.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Салық кодексіне өзгерістер енгізілді. Онда айына ең төменгі есептік көрсеткіштің жиырма бес еселенген мөлшерінен аспайтын жалақы алатын азаматтардың санаттары үшін жеке табыс салығының ставкалары он пайыздан бір пайызға дейін төмендетілді.

 Халықтың табыс деңгейінің өсуіне байланысты әлеуметтік шаралардың бірі – ең төменгі жалақы мөлшерін бір жарым есе арттыру есебінен осы жылдың бірінші қаңтарынан бюджеттік ұйым қызметкерлерінің жалақысы көбейді.

Жалақыны арттыру негізінен бюджеттік ұйымдардың (мектептер, балабақшалар, медициналық ұйымдар, мәдениет және спорт, әлеуметтік қорғау ұйымдары) жұмысшы мамандық иелерін, әкімшілік және негізгі қызметкерлердің жекелеген мамандарын, техникалық қызметкерлерін қамтыды.

Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын бірінші маусымнан орта есеппен отыз пайызға дейін арттыру тапсырылды.

Жалақыны отыз пайызға дейін кезекті көбейту бірінші – сегізінші разряд бойынша біліктілігі бар жұмысшыларға, қосалқы, әкімшілік, басқарушы және негізгі персоналға, сондай-ақ басқарушы персоналдың кейбір қызметкерлеріне жүргізілді.

Жария етілген ресми мәліметтерге сүйенсек, жалақыны көтеру біздің облысымызда бюджеттік ұйымдардағы 86 мыңнан астам қызметкерге қатысты болды. Жалақыны арттыру – мемлекеттік басқару деңгейіне байланысты (ауылдық, қалалық, аудандық, облыстық) он пайыздан отыз пайызға дейінгі аралықты қамтыды. Қарағанды облысы азаматтарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған іс-шараларды іске асыруға республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер бөлінді.

Қызғалдақ АЙТЖАН