Жаңалықтар

ЕЛ ЫРЗЫҒЫН ЕСЕЛЕУ

Елордасы – Астанаға әлемнің әйдік Халықаралық көрмесі «ЭКСПО» өткізу мәртебесі бұйырғалы бері ел құлағы – елең-елең. Дүние жүзінің азуын айға білеген сәулетіне сән-салтанаты жарасқан небір шаһарлары көрмені өткізуге өтініш білдіргені мәлім. Солардың қатарында Астана да бар. Ару қаланың айы оңынан туды. Өзі әуелден қайнаған өмірдің ортасына айналған Астанада содан бері тынымсыз құрылыс, үздіксіз ізденіс. Дағдарыстың салқын толқыны соғып тұр. «ЭКСПО» қалашығы қарап қалған жоқ. Онда бүгінде мыңдаған қазақстандық еңбек етуде. Бірақ, базбіреулер айтқандай, «ЭКСПО» қалашығын салу – халықтың несібесін қарпып жатқан жоқ. Жасыратын несі бар, қазір жолдың бір шұқыры жөнделмесе, оның қаржысын «ЭКСПО» алды дейтін сыбыс гу-гу. Бірақ, мәселенің мәнісі – олай емес.

Бұл – бір күндік емес, әлемдік саяси сахнадағы тұғырын тағы бір бекемдеуге бағытталған маңызды қадам. Бұл – елге бұйырған ырзықты ысырап қылу емес.

Керісінше, бүгінде қалашықта қайнаған тірлік. Онда екі қолға бір күрек қана бар емес. Мұнда отандық өндірістердің өнімі де өтімді. Мәселен, ресми мәліметтерге жүгінсек, қазіргі таңда құрылыс басында 11 мыңнан астам адам нәпақасын айырып отыр. Сонымен қатар, «ЭКСПО-ға» тауарлар мен қызметтер көрсететін отандық кәсіпорындарда тағы 30 мың адам жұмыспен қамтылған. Ал, көрмеге қажетті нысандар тұрғызуға 262 отандық тауар өндірушілер қатысуда. Соның нәтижесінде, жалпы сомасы 36,8 млрд. теңгеден астам қаражатты құрайтын шарттар бекітілген. Бұдан бөлек, құны 244 млрд. теңге болатын инвестициялық жобалар іске асырылуда. Тек инвестициялық жобалар есебінен қосымша 5300 жұмыс орны құрылды. Яғни, тікелей немесе жанама түрде бүкіл «ЭКСПО»-ға 46 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Жалпы, «ЭКСПО» жұмыс орындарын сақтап, жаңа жұмыс орындарын құруда.

Ресми деректерге қарасаңыз, мыңдаған тұрғын Алла берген несібесін осы «ЭКСПО» жобасынан теріп отыр. Бұл әлемнің «Жасыл экономикаға» ден қойып, баламалы қуат көздерін шарқ ұрып ізденуде екенін ескерсек, көрменің тақырыбы «Болашақ энергиясы» атануы да кездейсоқтық емес. Демек, көрмеде тың идеялар мен озық ойдың жемісі салтанат құратын болады. Еленбей жүрген өнертапқыштардың бағы ашылуы бек мүмкін. Бұлай деуімізге себеп – көрме тарихы. Естеріңізге сала кетсек, бүгінде бұқара тұтынып жүрген, күнделікті өмірімізге етене бұйым, электронды құрал-жабдықтардың көпшілігі дерлік осы көрмелерде паш етілген. Содан кейін барып, қолданысқа енген. Олай болса, көрме – өнертабыстың көкжиегін кеңейтпек. Қазақтың шақшадай басында құрыштай қорытылған небір тың жобалардың жолы осы көрмеде болар, кім біледі? Әлемнің білгіштері мен сарапшылары Қазақстанға күнде келіп, елдің өнертабысын күнде көріп жүрген жоқ. Демек, көрмеге зор үміт артқан абзал-ды. Өнертапқыштардың өрісі кеңейетін тұс – бұл.

Көрмеге 91 ел, 15 халықаралық ұйым қатысатындықтарын растаған. 100-ден астам ел мен 15 халықаралық ұйым қатысады деп болжануда.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button