Егіс алқабында — жеміс кілті

Сейсенбіде облыс әкімінің орынбасары Серік ШАЙДАРОВ бастаған жұмыс тобы Осакаров және Нұра аудандарында болып, шаруа қожалықтарындағы орақ науқанына дайындық барысымен танысты. Сондай-ақ, аймақ басшысының орынбасары тың бизнес-идеяларына құлақ түріп, республикалық «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды назарға алды.

Алдымен, жұмыс тобы Осакаров ауданына қарасты Ақпан ауылы маңында орналасқан «Найдаровское» ЖШС-ға табан тіреді. Павел Лущак басшылық ететін бұл шаруа қожалығы 2000 жылы құрылыпты. Бағыты – егіншілік. Аумағы 19668 гектарды алып жатқан қожалықта биыл 9677 гектарға дән сіңірілген.

Астықтан бөлек, шаруа қожалығында «Гала», «Розара», «Невский», «Артемис» сұрыпты картоп өнімі де өндіріледі. Қожалықта 83 бірлік техника болса, соның 33-і – доңғалақты, 16-сы – шынжыр табанды, 30-ы комбайн, 4-еуі – егу кешені. Шаруасы шалқып тұрған Павел Лущак мұнымен шектелмей, өткен жылдан бері нақты егіншілік әдістерін енгізуді қолға алды. Биыл аталған әдісті қолдану аумағы 4 мың гектарға жетіп отыр.

– Өнім өндіруде цифрлық технологияны қолдану көп мүмкіншіліктерге жол ашып отыр. Алқаптың қай жеріне қандай тыңайтқыш қажеттігі, қандай тұқым пайдалану, оның өнімділігі сияқты ақпарат автоматты түрде ұсынылып отырады. Бұл технологияның арқасында ауа-райының қолайсыздығына қарамастан тұрақты түрде мол өнім алуға болатынына көзім жетті, – дейді шаруашылық басшысы.

Сондай-ақ, қожалықта биыл облыста алғашқы болып химиялық қоспаларсыз, тыңайтқышсыз таза органикалық өнім өндірілмек. Бұл өз кезегінде, экспортқа шығарылатын тауарлардың сұранысын арттырады. Осы күні шаруа қожалығы әлемнің 18 еліне тауар өткізіп отыр.

Соның 15-сі Еуропа елдері болса, одан бөлек Ауғанстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдері бар. Өткен жылы экспортталған өнім көлемі 4 мың тоннадан асып жығылды. Ал, қожалықтың жалпы астық өнімі былтыр гектарына 20 центнерді құраса, биыл 3800 гектар жерге макарон өніміне қажет бидай сұрпы егілген екен. Қожалық басшылығы бидайдың бұл түрін «Қарағанды-Нан» корпорациясына өткізуде. Сөйтіп, бидайдың осы түрі биыл 10 мың тоннаны құрайды деп жоспарлануда. Сондай-ақ, өткен жылы 1 гектар жер аумағынан 40 тонна картоп өндірілді.

 Жалпы, Қазақстанда астық өнімі ішкі сұраныстан 3 есе көп өндірілсе, картоп 2 есе көп егіледі (ішкі қажеттілік – 1млн. 700 мың тонна болса, өсірілетіні – 3,5 млн. тонна). Алайда, астық шет мемлекеттерге тасымалдауға ыңғайлы болғанымен, картоп өнімін ұзақ сақтау һәм тасымалдау машақаты көп. Сондықтан, шаруалар көршілес елдерде сұраныс күрт артпаған жағдайда, өнім өткізу де оңайға соқпайтынын алға тартуда.

Павел Лущак шаруашылығын әртараптандыру мақсатында, жарма өндіру мен үлпек әзірлеуді де қолға алғысы келеді. Бұл өз кезегінде, өңірде өңдеу өнеркәсібі пайда болып, дайын өнім өндіру үлесі артады деген сөз. Президенттің қазақстандық кәсіпкерлердің алдына қойып отырған бүгінгі мақсаты да – осы. Шикізат қана өндірмей, дайын өнім өндіру ауқымын кеңейту қажет. Осы күні дүкен сөрелерінде тұрған сұлы, бидай, жүгері үлпектері негізінен шет мемлекеттерден импортталады. Олқылықтың орнын толтыруды көздеп, 5 жылға жуық зерттеу жұмыстарын жүргізген кәсіпкердің қолын байлап тұрған – қаражат мәселесі. Жобаның жалпы құны – 3 млрд. 200 млн. теңге. Яғни, 1,5 млн. еуроға жарма өндіру және 3,5 млн. еуроға үлпек өндіру жабдықтарын сатып алсақ дейді. Цех қабырғасын тұрғызуға – 800 млн. теңге жұмсалмақ.

Облыс әкімінің орынбасары бұл жобаның маңызы және қажеттілігін айта келіп, жан-жақты қарастырылып, қолдау көрестілетінін айтты.

Бұдан соң, жұмыс тобы осы аудандағы Вячеслав Шамордин басшылық ететін «ЖаңаАй» ЖШС-не ат басын бұрды. 2003 жылы іргесі қаланған қожалық игелігінде 23358 гектар жер бар. Биыл соның 9235 гектарына астық өнімі егілді. Соның ішінде, «Қарағандылық 22» сұрпындағы бидай 8369 гектарды, «Қарабалықтық-150» арпасы – 866 гектарды, «Янтарный» зығыры – 3 мың гектарды алып жатыр. Қожалықта 60 бірлік техника бар.

Облыс әкімінің орынбасары астық алқабының жай-күйіне көз жүгіртіп, шаруаны шалқытуға кедергі болып тұрған мәселелерге құлақ түрді. Вячеслав Шамординның өтініштілектерін назарға алып, алдағы мақсаттарына тоқталды.

Түс ауа жұмыс тобы аудан орталығына табан тіреді. Аудан әкімдігінде «SABCOM ENGINEERING» ЖШС-нің Бас директоры Олжас Әбіров осы өңірде экспортқа негізделген ет өңдеуді көздейтін шошқа өсіру кешенін тұрғызу жөніндегі жобасын таныстырды. Аталған компания ауыл шаруашылығы саласы мен қала құрылысына шет мемлекеттерден инвестиция тартумен айналысқан болатын. Кейін, Елбасы Жолдауларында, Ұлт жоспарында ет өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесі көтерілгенде, компания осы бағытты ұстануды жөн санаған екен. Осы күні Ауыл шаруашылығы министрлігінде экспортқа негізделген шошқа өсіру бағдарламасы бар.

Бұл жобаны неге нақ осы кезеңде қолға алған тиімді? Компания басшысының айтуынша, шошқа етін ең ірі импорттаушы Қытай Халық Республикасы бүгінде аса күрделі жағдайға тап болып отыр. Апаттық жағдай деп те айтуға болады. Бұл елдегі шошқа санының жартысынан астамы шошқаның африкалық обасына шалдыққан. Бір ғана Қытай емес, бұл мәселе Оңтүстік Корея мен Вьетнам үшін де күрделі болып отыр. Мұндай ауқымды кесел дүние жүзінде бұрын-соңды болмаған көрінеді.

Сондай-ақ, нарықтағы шошқа өсіру кешеніне қажет металл құрылымдары мен жабдықтар құны да кейінгі 5 жылда 2 есе арзандады. Сөйтіп, компания басшылығы аудан аумағында 5 шошқа өсіру кешені мен биологиялық газ қондырғысын, селекциялық-гибридтеу орталығын тазалау құрылысын, сою алаңын, ет комбинатын, жарма зауытын, элеватор орналастыруды жоспарлауда. Бұл ретте, болашақ кешендегі жағымсыз иісті жою, тезекті энергияға айналдыру жобалары да қоса қарастырылып отыр. Шошқа өсіруге қажет жемшөп мәселесі де алға қойылған. Ауқымды астық алқабы бар аудан кәсіпкерлерімен ұзақ жылдарға негізделген келісім-шарт та жасалмақ. Осы күні бірнеше шаруа қожалығы өз келісімін беріп те қойған екен. Сондай-ақ, дайын ет өнімін Қытайға тасымалдау мәселесі де ойластырылыпты. Теміржол бойында орналасқан ауданның географиялық жағдайы бұл мәселенің тиімді шешілуіне негіз болып отыр. Аналық шошқалар Канаданың «GENESUS» компаниясынан жеткізіледі. Жобаға тартылатын инвестиция көлемі – 72 млрд. теңге.

Өз кезегінде, Серік Жаманқұлұлы жобаны жүзеге асыруға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін мәлімдеп, сәттілік тіледі.

Жұмыс тобы бұдан аудандағы «Заря» шаруа қожалығындағы орақ науқанына дайындық жұмысымен танысты. Қожалық иесі – Виктор Летута. 1998 жылы ірге қалаған қожалық иелігінде 7850 гектар жер бар. Соның 6110 гектарына астық егілген. Соның ішінде, «Қарағандылық 22» сұрпындағы бидай 5680 гектарды, «Қарабалықтық-150» арпасы – 430 гектарды құрап отыр. Қожалықта 29 бірлік техника бар екен. Облыс әкімінің орынбасары егіс алқабын аралап, қазіргі жағдайын назарға алды.

Бұдан соң, Серік Шайдаров бастаған жұмыс тобы Нұра ауданын бетке алды. Аудан орталығында облыс әкімінің орынбасары республикалық «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. «Нұра» стадионының ағымдық жөндеу жұмысына, Айнабеков, Нұркен Әбдіров, Макулов, Мұхтар Әуезов, Тәуелсіздік, Бүркіт Ысқақов, Ш.Уәлиханов көшелеріндегі орташа жөндеу жұмыстарына зер салды. Сондай-ақ, аудандағы балалар өнер мектебінің, «Тәуелсіздік» саябағының, аудандық тарихи-өлкетану музейінде атқарылып жатқан жөндеу барысын назарға алды.

Облыс басшысының орынбасары жобалар бойынша сын-ескертпелерін айтып, жұмыстың мерзімінде, әрі сапалы жүргізілуін қадағалауды тапсырды.

Сонымен қатар, Серік Жаманқұлұлы аудандағы Георгий Прокоп басшылық ететін «Шахтерское», Сейілхан Қоңырбаевтың қарамағындағы «Жараспай», Қанат Отарбаевтың иелігіндегі «Отқанжар», Сейтжаппар Нығметов басшылық ететін «Қайнар» шаруа қожалықтарында болып, орақ науқанына дайындық барысын көзбен көріп қайтты. Өңірдегі ең ірі астық алқабы бар «Шахтерское» мен «Қайнар» қожалықтарында егін өнімін сақтау, сұрыптау, желдетуге қажет жабдықтар орнатылып, іске қосылуда. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникаларын жөндейтін, қыста қар мен аяздан, жазда жаңбыр мен желден қалқалайтын бокстар да тұрғызылған екен.

Ең бастысы, ілгерілеу мен даму байқалады. Шаруалар ауа райына, жер бедеріне, өнімділігіне қарай өнім сұрыптарын да жіті таңдауды меңгерген. Мәселен, Георгий Прокоп «Отолия», «Балтик Роуз», «Вега» сынды картоп сұрыптарын мақтан етсе, Сейтжаппар Нығметов «Секе» сұрыбындағы бидайдың ауа райы қолайсыздығына төзімділігі мен өнім көлемінің жоғарылығын алға тартады.

Ауа райы демекші, осы жылы диқандарға кедергі болып отырған да – жаңбырдың жоғы. Көктем айлары мен маусымның алғашқы он күндігінде жауған жаңбыр соңы қайтып соқпаған. Мамыр-маусымдағы жаңбыр суы астықтың қаулап шығуына сеп болғанымен, кейінгі қуаңшылық масақтың дәнге толып, толығуына кері әсерін тигізіп отыр. Дегенмен, шаруалардың салы суға кетті деуге келмейді. Заманауи технологияларды қолдану және жоғары өнімді тұқымдарды пайдалану арқылы биыл да мол астық алуды жоспарлап отыр.

Жерге сіңген еңбек пен тердің нәтижесін диқандар орақ науқаны аяқталған соң сараптаймыз дейді. Ендігі мәселе – жайқалып тұрған астықты алдағы жаңбырға қалдырып, қарға орандырып алмау.

Жұмыс сапарының барысында облыс әкімінің орынбасары астықты дер кезінде жинау мен оны сақтау, науқанға бөлінген арзандатылған дизель отынын дер кезінде жеткізу сияқты нақты тапсырмалар беріп, орақ науқанын абыроймен өткізуге тілек білдірді.

«Балапанды күзде санайды» демекші, алдын ала тон пішуден аулақпыз. Тек, еңбектің өтеуі боларына сенім білдірейік.

Рауан ҚАБИДОЛДА