Қарқаралы

“Еңбектің наны тәтті”

Еңбек түбі – береке. Елге келетін ырыс та еңбекпен еселенеді. Жалпы, мемлекетімізде бос отырмаймын, еңбек етемін, кәсіп қыламын деген адамға барлық жағдай жасалған. Ол үшін елдің еңсесін көтеріп, әлеуметтік әлеуетін жақсарту үшін ауқымды бағдарламалар қабылдануда.

Ауданда өз ісін ашып, кәсібін дөңгелетіп отырғандар қатары көбейіп келеді. Сондай отбасының бірі – аудан орталығындағы Тілек Түсіпбаевтың отбасы.

– 2012 жылы шлакоблок станогын сатып алғанымызбен, қаражаттың жоқтығына байланысты жұмыс жасағанымыз жоқ. 2017 жылы «Бастау» бағдарламасымен 4 млн. теңге несие алып, өндірісті іске қостық. Жұмысқа қажетті манипулятор машинасын да алдық. Қала ішінен тапсырыс берушілерге тегін жеткізіп береміз. Ал сырттағылар жанар-жағар -майларын құяды. Күніне 500 шлакоблок құямыз. Алты жұмыскер жұмыс істейді, күніне 3 мың теңгеден төлейміз. Түскі астары мен арнайы киімдері тегін,– дейді, Т.Түсіпбавтың жары, кәсіпкер Үміт Мұқашева.

Қажетті шлак үшін қала басындағы қазандықтардан бір камазын 20 мыңға сатып алады. Ол 700 кірпіш құюға жетеді. Станок автоматты түрде жұмыс жасайды. Шикізат арнайы елеуіш және илеуші бункерге түседі. Сол жерде қажетті өнімдер мөлшеріне қарай қосылып, иі қанғанша жіті араластырылады. Арнайы қалақтың көмегімен кірпіш қалыптарына құйылып, қатталады. Суын әбден шығарғанша сығымдап, оны арнайы қалыпқа салып, кептіреді.

Ауданда аталмыш өнімге сұраныс зор. Бағасы да көңілге қонымды. Ауа райы жылы күндері күніне 700 дана, салқын күндері 500 дана кірпіш құйылады. Сапалы әрі бағасы тиімді болғандықтан болар, кезекте тұрғандар бар. Бүгінгі күнге дейін 7 мың кірпіш құйылған. Ендігі мақсат – кәсіпкерлік аясын кеңейту. Тілек Түсіпбаев ол үшін қала сыртынан жер алып, қойма салу жұмысына кіріспекші. Кейін станоктарын да сол жаққа шығарып, жұмысты қарқынды түрде жүргізуге ниеттеніп отыр. Қолға алған істің берекелі боларына кәсіпкерлер отбасы сенімді. Себебі, сұраныс бар. Сұраныс болғаннан кейін жұмысқа деген ынта артатыны белгілі.

Жалпы, қоғамда еңбек адамының мәртебесін көтеріп, мерейін асыру мақсатында Мемлекет Басшысының Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру туралы идеялары кеңінен насихатталуда. Ел Президентінің 2013 жылғы Жарлығымен Қазақстанда қыркүйек айының соңғы жексенбісі Еңбек күні мерекесі болып бекітілген болатын. Осы орайда, Тілек Түсіпбаев та «еңбектің наны тәтті» екенін айтады.

 – Өзіміздің адал еңбегімізбен, маңдай терімізбен нәпақамызды тауып отырмыз. Жалпы, қазір елімізде еңбек етуге ниеті бар кез келген адам жұмыссыз қалып жатқан жоқ,– дейді ол.

Сағыныш Әбілова,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button